Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясының облыстық филиалы алдағы Ұлы қазан төңкерісінің 100 жылдығына орай жиын өткізіп, жоспарлы іс-шараларын ортаға салды.
Аталмыш партияның облыстық комитетінің хатшысы Бейсенбай Мәжитов 1917 жылдың 25 қазанында Петроградтағы В.И.Лениннің басшылығымен большевиктер партиясы ұйымдастырған төңкерістің сол тұстағы буржуазия өкілдерінен құралған уақытша үкіметті биліктен тайдырып, тарихқа үлкен өзгеріс әкелгендігін айта келе, өткенімізді білу міндет екендігін тілге тиек етті. Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда кеңестік жүйе құрылып, социалистік қоғам қалыптаса бастады. Әрине, бір қоғамнан екінші қоғамдық құрылысқа өту зардапсыз және ауыртпалықсыз болмайтыны белгілі. Сол тұста қателіктерге де жол берілді, көп қиындықтар да болды. Міне, сол социалистік қоғам құруға жол ашқан Қазан төңкерісіне биыл 100 жыл толмақшы.
Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы мерейтойлық шараларды өткізуге дайындықты ерте бастап кеткен екен. Партия филиалы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арасында Қазан төңкерісіне байланысты жазылған журналистік зерттеулер мен түрлі бағыттағы ой-толғауларға, мақалалар мен репортаждарға конкурс жариялап отыр. Бұдан бөлек, жастар арасында спорттық жарыстар мен әртүрлі деңгейдегі ғылыми конференциялар, форумдар өткізілмекші. Облыс орталығындағы мәдениет орындары мен мұражайларда арнайы көрме ұйымдастыру да жоспарларында бар көрінеді. Сонымен қатар, партия қызметкерлері «Шапағат» қайырымдылық жобасы шеңберінде атаулы датаға орайластырып, тұрмысы нашар отбасыларға әлеуметтік және материалдық көмек қолын созбақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.