қала көшелерімен алып өткеннен кейін Алматыға жол тартты
26 қаңтар күні Алматыдағы ХХVІІІ Бүкіл-әлемдік қысқы Универсиаданың Алауы эстафетасы Ақмола облысының орталығы Көкшетауға да келіп жетті!
– Әлем халқы назарын аударып отырған мәртебелі жарыста спортшыларымызға дем беріп, үлкен жеңістерге рухтандыру мақсатында өткізіліп отырған бұл салтанатты жиынның маңызы зор. Ақмола облысы атынан аттанған 19 спорт тарланы алдағы уақытта еліміздің абыройын асқақтатады деген сенімдемін, – дей келе облыс әкімі жиналған жұртшылық пен жанкүйерлерге жүрекжарды тілегін жеткізді.
Одан кейін шаңғышы, әлем чемпионы Татьяна Осиповаға Алауды салтанатты түрде табыс етті. Бұдан соң облысымыздың спорт пен білім, мәдениет және өнер саласында елеулі еңбегімен ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жастардан құралған 50 алаугер екі кезеңге бөлініп, 12 шақырым қашықтықта Алауды алып жүрді.
Алаугерлер қатарында каратэден спорт шебері Дамира Жаубасар, әйелдер күресінен спорт шебері Ирина Капитанова, шаңғыдан спорт шебері Руслан Жолдаспаев, биатлоннан спорт шебері Мария Примак, екінші дәрежелі «Қайсар» медалінің иегері, каратэші Дастан Рақымжанов, бокстан спорт шебері Карина Ибрагимова, шаңғыдан спорт шебері Эльмира Мутагарова, аударыспақтан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Хамит Мерейхан тәрізді көптеген спорт саңлақтары мен қатар өнер мен білім биігін бағындырып жүрген дүлдүл домбырашы Манас Ахметжанов сияқты жас дарындарды да байқадық.
Қаңтардың қытымыр аязына қарамастан, Алау алып жүгірушілер межелі жерге белгіленген уақытта жетті. Ал, жанкүйерлер болса, орталық алаңда құрылған сахна төрінде әуезді ән мен күйден, шалқыған биден шашу шашты. Ер Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтардың ескерткіштері жанында өр рухты батыр бабаларының елжанды ұрпағы ел намысын дүбірлі додада қолдан бермеуге бекінді.
28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада алауы эстафетасының екінші кезеңі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің алдында өтті.
Салтанатты шарада аталмыш университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымов елiмiзде тұңғыш рет өткізілгелі отырған Универсиа-да – Қазақстанның әлем алдындағы абыройын арттыратын маңызды шара екенін айтып, жиналған қауымды ұлттық құрамаға ел болып қолдау көрсетуге шақырды.
Бұдан әрі студенттер қауымы Универсиадаға қатысатын жерлестердің құрметіне флэш-моб өткізді. Салтанатты шара соңында университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Универсиада Алауын бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы атанған Вадим Казаковқа ұсынды. Ол эстафета алауын бір топ жастармен қала көшелерінің бойымен алып өтті.
Алау эстафетасы «Көкшетау» мәдениет сарайында мәреге жетті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің ақ тілегінен кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан Алауды қабылдап алып, Алматыға жол тартты.
–Жаңа 2017 жыл Дүниежүзілік Универсиаданың біздің елімізде, Алматы қаласында өтуімен маңызды. Қазақ елі әлемнің 54 мемлекетінен келетін спортшыларды қарсы алады. Универсиада жарысын өткізу біздің мемлекет үшін үлкен мәртебе. Бүгін біз ақмолалықтар Алау эстафетасын ерекше бір құрметпен және мақтанышпен қабылдап, оны қала көшелерінің бойымен белсенді және дарынды жастарымыздың ұстап, жүріп өткендігінің куәсі болдық. Бұл санаулы уақыттардан кейін қазақстандық спортшылар үшін жауапты кезең басталады деген сөз. Ұлттық құрамада ақмолалық студенттер де бар. Сондықтан, барша қауым болып, төрткүл дүние тамашалайтын спорт жарысында белсенділікпен қолдау көрсетуіміз қажет, – дей келе облыс әкімінің орынбасары спортшыларға ақ жол тілеп, жауапкершілік жүгі мол, жалындаған Алауды Ақмола төрінен Оңтүстік астанаға жеткізу мәртебесін боксшы Дина Жоламанға тапсырды. Былғары қолғап шебері Универсиада
Алауын оның сақшыларымен бірге Алматы қаласына дейін жеткізіп, дүниежүзілік жарыстың ашылу салтанатына қатысатын болады. Боксшы қызымыз бен бір топ Алау сақшылары Универсиаданың басты нышаны – Алауды алып, орталық есіктен шығып, Алматы қаласына аттанып кетті.
«Қанатыңды кең серпі» ұранымен, негізгі нышаны атанған Сұңқардың бейнесі, жастардың жалынды жігері, тілектестігі барлығы бірі-бірімен үйлесім тапқандай жұртшылықты әдемі де әсерлі сезімге бөледі. Достық пен денсаулықтың, салауатты өмір салтының мерекесі – спорт мейрамы көкшетаулық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
«Мақсаты бірдің – рухы бір» хореографиялық би ұжымының қойылымы жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды. Осы кеште орындалған «Балдәурен» үлгілі вокалды-хореографиялық ансамблінің квинтеті орындаған «Чемпион», «Жұлдыз» үлгілі вокалдық студиясының «Лыжня» әндері де көрермендердің жүрегіне жол тапты деуге әбден болады. Сол сияқты Лейла Жигаланың орындауындағы «Гимнастика» әні мен оны сүйемелдеген «Көкшетау» халықтық би ансамблінің орта тобының өнерпаздары да халықтың зор қошеметіне бөленді. Спорттық әндер тақырыбында топтастырылған папуриге қойылған «Услада» халықтық фольклорлық-шоу тобының көркем көрінісі кештің әрін аша түсті.
Спорт – мемлекеттің беделі мен әлеует үшін жол бастайтын сала. Тәуелсіздік жылдары ішінде ақмолалық спортшылар ауқымды спорт сайыстарынан бірнеше мәрте жеңіспен оралды. Ұлттық құрамада біздің облыстан 19 спортшы қатысып, ел намысын қорғайтын болады. Олай болса, оларға тек қана сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілекші болайық!
Ұлмекен Тыныштыққызы,
Ырысалды Төлегенқызы,
Назгүл Рабилова,
арнаулы тілшілеріміз.