Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәкеннің адал жолы - АРҚА АЖАРЫ

Сәкеннің адал жолы

Қазақтың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуын белгілі сәкентанушы Амантай Кәкен бұл жолы да елеусіз қалдырмай, Астанадағы «Жасыл орда» баспасынан  шыққан «Сәкен жолы» кітабымен айшықтай түсіп отыр.

Біз бұл арада Сәкен өмірі мен мұрасын кең ауқымда зерттеп, зерделеген Тұрсынбек Кәкішев ағамыз өмірден өткен соң, осы көрнекті ғалымның сәкентанудағы іргелі де ізденісті жолын Амантай Кәкеннің лайықты жалғастыра түсіп  отырғанына қуанамыз.
«Қазақтың  Сәкені», «Непокоренный сын степи», «Сәкен Сейфуллин», «Сәкен тағылымы» кітаптары арқылы бұған дейін де есімі оқырман қауымға жақсы таныс белгілі қаламгердің «Сәкен жолы» кітабы жоғарыдағы шығармаларының заңды жалғасындай, Сәкенге қатысты көптеген тарихи шындықтардан, түрлі мұрағаттардан елеп-екшеп алған өзіндік ой-пікір, пайымдауларынан тұрады.
Мұндайда жалаң, жадағай сөйлемейтін автордың нені жазса да, одан қандай қорытынды шығарса да, өзі арқа сүйейтін бір шындығы бар. Ол – Сәкен туралы әбден көзі жетіп барып пайдаланатын деректері, оның өнегелі өмірін осы тақырыпқа ден қойған қаншама жылдар ішінде індете зерттеп, кеңінен танып білуі.
Осы жағы міне, жаңа кітабынан да жақсы аңғарылады. Бұл ретте, кітаптың алғысөзінде Сәкен туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың пікіріне сүйену, ал, өз зерттеу мақалаларында Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков,
тағы басқаларының берген бағаларына кезек беріп отыруы да біздіңше, орынды шешім. Сәкеннің кім екені, оның елге, өз ұлтына сіңірген еңбегі, шығармашылығы туралы кезінде бірге жүріп, бірге тұрған сол тұстарынан артық кім айтар?!. Осы күні Сәкен туралы теріс пікір білдіріп, атын, ісін маңсұқтағысы келетіндер бір уақ осы айтылғандарға да ой жүгіртсе, артық болмас еді дейсің.
Бұл жағынан Сәкеннің шырақшысындай, қаламгердің әу бастағы өз мұрат-мақсатына адалдығы сүйсіндіреді. Ол – қолынан келгенше халқымыздың біртуар перзентін ұлтына, айналасына әр қырынан таныта түсу. Біз Амантай Кәкеннің жаңа кітабынан да осы үрдісті көреміз. Қанша уақыт бойы тарих қатпарынан бір деректен бір деректі үңіле суыртпақтаумен Сәкен Сейфуллин есімін, оның күрескерлік, қайраткерлік болмысын ұлт санасында берік орнықтыра түсуді көксеген қаламгер сол ой-аңсарының кілтін қалай табады? Алдымен, Сәкенге қатысты әрбір дәйектің ұшын қалт жібермеуімен.
Әсіресе, жаңа кітабында адам баласының көркемін, дауылпаз ақынды өзі өмір сүрген ортасынан бөле-жармай, сол заманның ақ-қарасымен қоса қарастыруы  ұтымды шыққан.
«Сәкен жолында» жалғыз Сәкен туралы сөз қозғалмайды. Онымен бірге тар жол, тайғақ кешкен, әртүрлі көзқараста болып, жүрегі Алаш үкіметіне бұрған, түптің түбі көбін 1937-інің зұлматы жалмап, араларында азын-аулағы ғана аман қалған қазақтың өзге асылдары да жазушының зерттеу объектісінен сырт қалмаған. Мұнда да аспаннан ылғи күнді көретініміз сияқты, олармен қарым-қатынаста, саяси пікір оқшаулығында Сәкеннің өз ұстанымына адалдығы мен туған халқының, соның ішінде қарапайым қазағының мүддесіне табандылығын  тағы аңғармай қоймаймыз.
Бұл ретте, кітаптағы «Зұлмат жылдардың запыраны», «Жабық жиналыс машақаты», «Тар жол, тайғақ кешу тағылымы», «Сталиннің жандайшаптары»  атты зерттеу мақалалардың тақырыптары көп жайды бізсіз өзі-ақ айтып тұр.  Оларда Сталиннен бастап,  Қазақстанның ойран-топанын шығарған   Голощекин, Мирзояндардың бет пердесінің де біраз ашыла түсуі  тегіннен-тегін емес.  Автор осы арқылы да Сәкендер кешкен оттың, көрген құқайдың, «халқым»  деп үстемдік, қиянат атаулымен жағаласып өткен, алданып қалған дәуірдің бар запыранын өзінен өткізіп, біздер де біле, түсіне жүрсін дейді.
Міне,  «Сәкен жолы» кітабының  біз қысқаша тоқталып отырған бас-ты тағылымы осындай. Қай күрес майданынан көрінсе де, өзінің ұлты, оның жарқын болашағы үшін шыбын жанын аянбаған ұлы Сәкен есімі бізге, сонау 1917 жылдың аласапыранында ол шығарған «Тіршілік» газетінің заңды жалғасы болып табылатын «Арқа ажары» басылымының ұжымына да аса қымбат. Ендеше, деректі жанрдың білгірі Амантай Кәкеннің сәкентану керегесін одан әрі кеңейтіп тастаған бұл кезекті еңбегі ұзағынан сүйіндіріп, алда да жаңа толымды дүниелерімен толыға берсін дейміз.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар