Зеренді мәдениет үйінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні – Мәуліт мейрамы тойланды.
Аталмыш шара діннің қоғамдағы рөлі жөніндегі шағын фильмнің көрсетілуімен басталды. Құдіреті күшті Алла Тағаланың жер бетіне жіберген елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күнінің аталып өтілуі ауданда бірінші рет емес. Бұл жолы да Мәуліт мейрамында Пайғамбарға салауат айтылып, театрландырылған қойылым мен Алла елшісінің көркем мінездері жөнінде баяндалған ғибратты әңгімелер көрермендердің жүрегіне жол тапты. Аталмыш жиынға аудан әкімі Асқар Мұратұлы қатысып, жиналған жұртшылықты осы қасиетті мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деген аятты аудандық мешіттің бас имамы Қасымхан Ыдырысұлы оқып, Мәуліт түні ең қадірлі күндердің бірі болып табылатындығын, осы түні Пайғамбарымыздың туған күніне қуанған жандардың күнәлары шүбәсіз кешірілетінін айтып берді. Сонымен қатар, мерекеге қатысушылар арасында Пайғамбардың өмірі жайлы «Сұрақ-жауап» байқауы ұйымдастырылды. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.