Осы Көкшетауда менің өкшемді басып келе жатқан ізетті інілерімнің бірі Бүркітбай еді. Өңмеңіңнен өтетін суық хабарды естігенде өкінгенім-ай.
Біздің ұрпақтан тағдыр сын соқпағын аяп қалған жоқ. Сонау 1920 жылдардың бас кезінде жарық дүние есігін ашқан жан иесінің сыбағасы тым ащылау болды емес пе. Әйтеуір, Алла тағала ғұмыр беріп, бүгінгі жасқа жеттік. Біздің тұстастарымыз өзегі талған аштықты да, өлім оғы жауған соғысты да көрді. Бүркітбай інім Ұлы Отан соғысына басынан бастап қатысқан ардагерлердің бірі еді. Кешегі қан майданда қазақ баласының офицер атануы, бөлімшеге, ротаға басшылық жасауы сирек болды ғой. Бүркітбай майдан даласына қатардағы жауынгер болып барып, лейтенант шенін алып, взвод командирі болды. Ең қаһарлы, қызулы шайқастарға қатысты. Ол кезде немістердің қауқары күшті еді. Сол күштің бетін қайтаруға ат- салысқандар Бүркітбай тәрізді жауынгерлер.
Соғыстан кейінгі уақыт та оңай болған жоқ. Ер азаматтың көбі қан майданда шәйіт болған. Аман оралғанның өзі жарымжан. Қаусаған шаруашылықты көтеру, қайрадан қатарға қосу оңай-оспақ іс емес. Одан соң жер жаһанды тітірентіп тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Бүгін сол жылдардың жүгін ақыл таразысына салсаң, бұл да бір мылтықсыз майдан тәрізді болып көрінеді. Біз білетін Бүкең осы кәтепті қара нарлар ғана көтеретін ауыр жүкті көтерген, салмағына шыдаған, еліне адал қызмет еткен абзал жүректі адам болатын.
Ең өкініштісі, қатарымыздың сиреп бара жатқандығы. Бірақ, шүкіршілік ету де қажет. Бар ғұмырында, оның ішінде жастық шағында белшеден келетін бейнеттің жүгін арқалап жүріп туған елінің тұғырын биіктетуге толайым күш жұмсаған абзал інімнің артында қалған ұрпағы оның өнегелі өмірімен, парасатты тіршілігімен әбден мақтана алады.
Енді бір ауыз сөзді халқыма арнағым келеді. Айналайын ел-жұртым, Көкшенің бір биік қарағайындай саясына тәмам елді паналатқан асылымыздың арты қайырлы болсын. Кейінгі жастарға Бүкеңнің ұзақ ғұмырын, тіршіліктегі жақсылығын берсін. Ардақты Бүркітбай Мәсіпұлының жатқан жері жұмсақ, орны пейіштен болсын.
Жанайдар РАМАЗАНОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері.