«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы комиссияның «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша кураторы Серік Аяғановтың төрағалығымен өткен отырыста амбулаторлық деңгейде диспансерлік есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Қазіргі таңда Ақмола облысында фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын 711 нысан бар. Өңірде диспансерлік тіркеуде тұрған 130 мың адамды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі соңғы жылдары оң жолға қойылып келеді. Дегенмен, бірқатар олқылықтар да орын алуда.
2012 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, бес жыл ішінде тегін берілетін дәрі-дәрмектің түрі 40 пайызға артқан. 2016 жылы олардың саны 280-ге дейін жетіпті. Өткен жылдың қорытындысына сай өңірде диспансерлік есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге 3,5 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
– Диспансерлік есепте тұрған адамдардың 45 пайызы кардиологиялық дәрі-дәрмек алатын науқастар. Одан кейін артериалдық гитертензия, бронхиалды демікпемен ауыратын адамдар қатары көп. Олардың барлығы өткен жылы қымбат дәрі-дәрмекпен тегін қамтылған, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Киласьев.
Сонымен қатар, өткен жылы медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті тарапынан дәрі-дәрмектерге қатысты түскен арыз-шағымдар бойынша 88 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін медициналық органдар мен жауапты тұлғаларға 1,5 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салыныпты.
– Қазіргі таңда диспансерлік есепте тұрған науқастарды қантты төмендететін дәрімен қамтамасыз етуде бірқатар қиындықтар кездеседі. Алайда, бұл мәселе биылғы жаңа жылдан бастап шешімін табады деп сенеміз. Әдетте жыл соңында дәрі қоры азайып, кейбір сұранысқа ие медициналық препараттар түрі дәріханалар мен ауруханаларда таусылып қалады. Сол себепті, науқастар тарапынан түсінбестіктер орын алып, дәрігерлер мен науқастар арасында қиындықтар туындап жатады, – деді медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов.
Бүгінде облыста орталықтандырылған дәріхана қоймасы, қалалық және аудандық ауруханалар мен емханалар жанынан мемлекеттік дәріханалар жұмыс істейді. Осындай бекеттердің құрылуы нәтижесінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылатын науқастар жергілікті жерлердегі емханадан шықпай-ақ, сол жерлерде дәріге қол жеткізе алады. Отырыс барысында комиссия кураторы дәрігерлердің дәрі-дәрмектерді науқастарға жазып бергенде, облыстағы дәріханаларда бар препараттарды ұсынуы тиістігіне көңіл аударды. Сондай-ақ, «С.К.Фармация» мекемесінің өкілі Роза Тілеспаеваға ауруханаларға қажетті тегін дәрі-дәрмек пен шприц сияқты аса қажетті медициналық құралдарды сапалы жеткізулеріне назар аударды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.