Аудандық өлкетану музейінде Ереймен өңіріне аты танымал ақын Бекболат Меркемелиденұлының 125 жылдығына арналған кеш өтті. Оған ақынның есімін ардақ тұтатын жырсүйер қауым мен ұрпақтары қатысты.
«Жыр дүлдүлі – Бекболат» деген тақырыппен өткізілген кешті музей директоры Ләззат Түгелбаева ашып, жүргізді. Бекболат ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан, жырымен жұртқа демеу болған. Музей қызметкері Манап Әбдірешев ақын жайлы баяндамасында оның өмір және өнер жолы жайында жан-жақты айтып берді. Содан кейін ақын өмірі жайындағы түсірілген бейнекөрініс жұртшылық назарына ұсынылды. Оның Сәкен қалпемен қарым-қатынасы, Қабидолла ақынмен жазба айтысы жайында тың деректер келтірілді. Отан соғысында ұлынан айырылған ақын «Қайдасың, Рәшит, қайдасың» деген өлеңінде Отан үшін опат болған бауыр еті баласын тебірене жоқтайды.
Еске алу кешіне Елордадан арнайы келген Райхан-Долдаш Хасеновтардың балалары Жәннат, Фатима, Аян тәлімдік шараны ұйымдастырушыларға, барша ел ағаларына ризашылық алғысын білдірді, бала кездерінде ата-аналарынан естіген аталары жайындағы әңгімелерді естеріне алды. Алдағы уақытта ақынның соңында қалған араб әрпімен жазылған еңбектерін кириллицаға аударып, кітап етіп шығару жоспары бар.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.