Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғарышта тіршілік бар ма?.. - АРҚА АЖАРЫ

Ғарышта тіршілік бар ма?..

Біз тіршілік ететін Күн жүйесінде 9 планета бар екен. Оған қоса, сол планеталардың айналасында қалқып жүрген серіктері және бар. Жердің жалғыз серігі – Ай болса, алып планета Юпитердің 14 серігі бар көрінеді.

Бұл – біз өмір сүріп отырған кішкентай бір жұлдыз жүйесі ғана. Ал, Күн дегеніміздің өзі бізге ең жақын жұлдыз. Мұндай жұлдыздар біз ғұмыр кешіп жатқан Құс жолы деп аталатын галактикада 3 миллиардтан асып жығылады. Ал, біздің галактикадан бөлек, басқа жұлдыз шоғырлары да сансыз көп. Міне, сондай сансыз көп аспан денелерінің бірінде болмаса, бірінде жердегідей тіршіліктің дамуы мүмкін ғой. Аспан денелерінің шет-шегі қазіргі жылдам дамып жатқан ғылымға да белгісіз.

 

Ұшқыш табақшалар – өзге әлемнің хабаршылары ма?
«Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді қазақ. Көкте пайда болып, көрген жұртты таң қалдыратын ұшқыш табақшалар туралы айтылып та, жазылып та жатады. Біреулер оған күмәнмен қараса, енді біреулер бұл өзге әлемнен келген келімсектер деп болжайды. Мұндай ұшқыш табақшалар Қазақстанда да әредік бой көрсетіп жүр.
Осыдан біраз жыл бұрын Астанада шығатын «Инфоцес» деп аталатын апталық жарнамалық басылымда Елорда көгінен көрінген белгісіз ұшатын нысан туралы жазылды. Таң алдында ұйқысынан оянған  бір тұрғын терезеден төгілген жарықты көріп, пердені ашып қарайды. Сөйтсе, ол тұратын үйдің төбесінде алып табақша аспанда қалқып тұр екен. Сүттей аппақ сәуле шашқан табақша қараңғы түнді жап-жарық етіп, көкте біраз уақыт қалқып тұрады. Содан кейін кенет биікке көтеріліп, әп-сәтте көзден ғайып болады.
Осындай ұшқыш табақша Алматыда да көрініс бергендігі туралы басылымдар жазды. Әредік әр жерден көрініп қалатын ұшқыш табақшалардың сыры әзірге адамзат баласына белгісіз болып отыр. Дегенмен, кейбіреулердің айтуынша, олар басқа планетадан келген келімсектердің ғарыш кемелерінде болып, тіпті, олар тұратын планетаға бірге барып та қайтқан көрінеді. Мұндай келімсектермен байланысқан контактерлер әлемнің әр жерінен көрініс беруде. Ондайлар туралы ақпарат құралдары айтып, жазып жүр.

Бехсет Окел: келімсектермен
кездесу
Түркияның орталық провинцияларының бірінде деревняда туып-өскен Бехсет Окел деген азамат 15 жасында мал бағып жүріп, ұшқыш табақшамен кездеседі. Күндей жарқыраған алып табақша ол мал баққан алқаптың төбесінде қалқып тұрыпты. Бір кезде зәресі ұшқан малшының жанына келіп қонып, одан екі еркек пен бір әйел шығады. Еркектердің бастары тақыр болса, әйелдің ұзын шашы бар екен. Үстеріне жылтыраған комбинезон сияқты киімі бар әлгілер малшыға жақындап келеді.
Зәресі ұшып, қорқыныштан орнынан қозғалуға шамасы жетпей, қалшиып тұрған баланың қасына келген келімсектердің бірі оған қолын ұсынады. Ол әлгінің қолын ұстаған сәтте ток соққандай есінен танып құлап түсіпті. Ата-анасы балаларын ертеңіне таңертең жайылымда ес-түссіз жатқан жерінен табады. Белгісіз аурудан тез жазылған бала бірақ, бұл жайында ешкімге ештеңе айтпайды.
Осы оқиғадан кейін Бехсет Окелге олар қайтып келмепті. Бірақ, келімсектермен байланыс үзілмейді. Кешкілік ауада қалқыған экран пайда болып, келімсектер сол арқылы мұнымен сөйлесе бастайды. Тумысынан ұялшақ, тұйық өскен бозбала келімсектерге қатысты жайды ешкімге тіс жарып айтпайды.
1977 жылы ол бұл әңгіменің шетін ауылдастарының біріне шығарып, содан қызыққан журналист арнайы іздеп келіп, сұрақтар қояды. Бехсет журналистке басынан кешкендерін бүкпесіз баяндап береді.  Ол, тіпті келімсектердің көмегімен әлемнің картасын жасап жатқанын да айтып салады. Сол-ақ екен деревняда тұратын қарапайым жанға деген ғалымдар мен әскерилердің қызығушылығы артады. Дегенмен, Бехсет оларға ештеңе айтпайды. Содан күдер үзген ғалымдар мен әскерилер малшыны жайына қалдырады. 1990 жылы қайтыс болған Бехсет өле өлгенше келімсектер жайында ешкімге ештеңе айтпапты.

Өзге планеталықтармен
байланыс мүмкіндігі
Сан жетпейтін шексіз көп планеталар мен жұлдыздарда, аспан денелерінде жердегі сияқты тіршілік жоқ деу асығыстық болар еді. Әлемнің әр өңірінен көрініп қалатын белгісіз ұшатын нысандар – ұшқыш табақшалар сол ғарыш әлемінен келген саналы тіршілік иелері болуы әбден мүмкін. Олармен байланыс орнатып, тіпті, келімсектердің озық технологияларын пайдаланып жатқан елдер де бар деген әңгімелер әредік шығып қалады. Дегенмен, оның қаншалықты рас-өтірігі белгісіз. Сондай-ақ, өздерін келімсектер күштеп немесе алдап алып кетіп, тәндерін зертханада зерттегені, тіпті, шағылыстырып, ұрпақ алу әрекетін жасағандары жайында әредік әртүрлі адамдар айтып жатады. Бірақ та, олардың әңгімелерінің қаншалықты шындыққа жанасатыны тағы белгісіз. Десек те, мына жай анық: біз өмір сүретін Жерден басқа сансыз көп аспан денелерінде саналы тіршілік бар және бізге қарағанда жоғары дамыған ол тіршілік иелерімен байланыс орнату мүмкіндігі келетін кез де болуы мүмкін. Ол енді уақыттың еншісіндегі шаруа.

Интернет материалдары бойынша
дайындаған Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар