Алматыдағы Дүниежүзілік 28-ші қысқы Универсиада ойындарының төртінші жарыс күні қуанышты жаңалықпен басталды.
Биатлон бойынша спринттік жарыста қазақстандық спортшы Галина Вишневская жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан қоржынына үшінші алтын медальді салды. Бұдан кейін фристайл могул сайысынан отандасымыз Юлия Галышеваға тең келер ешкім болмай, қанжығамыз төртінші алтынмен майланды.
Сол күні спортшыларымыздың бұл жеңісті жолдарын Шымбұлақта фрис-тайл могулден ерлер сайысында Дмитрий Рейхерд одан әрі жалғастыра түсті. Бұған артынша шаңғышыдан классикалық үлгідегі жекелей спринтте топ жарған қазақстандық Иван Люфтың алтын медалі қосылды.
Жарыстың бесінші күні, яғни, 3 ақпан да біздің құрама үшін сәттілікке толы болды. Атап айтқанда, Юлия Галышева әйелдер қос могулінен және Дмитрий Рейхерд ерлер қос могулінен тағы бір-бір бас жүлдеден олжалап, Қазақстан құрамасының әзірге осы Универсиадада жеңіп алған алтынының саны 8-ге жетті. Командамыздың еншісінде бұдан басқа екі күміс, сегіз қола медаль бар. Ал, барлық медальдар жиынтығы он сегіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.