Елден келген Есенбай құрдастан ауыл аймақтың амандығын сұрағанбыз. Арқаның ақ боранды қысы ақырып күшіне мінгенде қатынас қиындайды. Биыл қар қалың. Ағаш бауырын, жылға-сайларды жып-жылмағай қылған қалың қар жол бойындағы қоға-қамыс, тал-шілік өскен тұстарына кептетіліп аршуға мүмкіндік бермей жатыр.
Әйтеуір, былтырға қарағанда тәубе дерлік. Былтыр желтоқсанның жуан ортасында сіркіреп жауын жауып, Арқа төсін шыңылтыр айдынға айналдырып жіберген. Иесінің бейқамдығынан жыл он екі ай өз аяғымен тебіндейтін жылқыға нәубет келіп, талайлар жүген ұстап қалды. Биылғы қыста ақырған аязы аз болғанымен қары ересен. Желтоқсанның соңында сулы, ылғалды қар жауды. Жылқы жарықтық қайратты мал ғой, қыс ортасы ауса да әлі тебінде. Тай-жабағыны қолға ұстағаны болмаса ірі мал әзірге қораға кіретін емес.
Есесіне ақ қар көк мұзбен құрсанған даланың төсінен тісіне ілінер талғажау таба алмаған елік байғұс ауыл шетін төңіректей бастаған. Тым таяп келгені иттің жемі. Арғы жағынан аштық айдап әкелген соң ауылды қарайлайды да. Жаңа жылдың алдында Щучинск қаласына маралдың кіріп кеткенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Жандары ашып нан бермек болған қала тұрғындарын біраз қуалап алыпты әлгі марал. Еркін даланың ерке аңы мүсіркегенді ұнатпады ма екен, кім білсін.
Даладағы аң-құстың жай-күйін білмек болып «Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мекемесінің бас директоры Құдабай Батықовпен хабарласқанбыз. Табиғи парктің аумағында аша тұяқты аңды қыстан аман алып шығу үшін былайғы жұрт байқай бермейтін арпалыс жүріп жатыр екен. Орман-тоғайға бүгін салған жол сырғыма боранның салдарынан ертең-ақ, жабылып қалады. Бірақ, табиғат көркі аң атаулыны аман сақтау – міндет. Ол міндет табаны күректей 160 күнге созылады. Аң азығын қапысыз дайындаған. Қысты өткеруге 130 мыңнан астам жапырақ орамалары, 154,3 тонна шөп, 45 тоннаға жуық астық қалдығы, 1,5 тонна шамасында тұз әзірленген.
Аң-құсты азықтандыру әр он күн сайын жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 20-на дейін 66 мыңнан астам жапырақ орамалары, 60 тонна шамасында шөп, 20 тонна астық қалдығы және жарты тонна тұз жеткізілген. Қазіргі күні тағылардың жайылымдық алқаптары мүмкіндігінше қардан тазартылып, аршылуда.
Қыстың жауынынан, браконьердің қаруынан аман қалса орман-тоғайымыз адал аңнан ада болмайды.
Байқал Байадилов.