М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мектеп-гим-назиясында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының жұмысына арналған форум өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастардың еліне адал қызмет етіп, теріс әрекеттерге бармауға жол көрсету болып табылады. Аталған департамент басшысының орынбасары Ерлаз Жайықбаевтың мәлімдеуінше, облыста шамамен 500-дей «Адал ұрпақ» еріктілер клубы жұмыс істейді. Ол бұл іс-шаралардың барлығы қоғамның кесапатына айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталып отырғандығын атап өтті.
Бұл клуб жемқорлыққа қарсы ақпарат таратып, шығармашылық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар секциялары арқылы жұмыс істейді. Нәтижесінде мектеп оқушылары сыбайлас жемқорлықтың не екенін, оның мемлекетке қандай зардап әкелетінін және заң жүзінде теріс әрекеттер жасаған азаматтарды қалай жазалайтындығы туралы осы бастан түсінетін болады.
– Шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат – жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына жол ашамыз. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сондықтан, оларды ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің борышымыз, – деді М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мектеп-гимназиясының директоры Айнагүл Балташева. Бұдан соң, мектеп оқушыларының сыбайлас жемқорлық жайлы ой-толғамдары жинақталған шағын бейнеүзік көрсетілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.