Облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық сулы-батпақты алқаптар күніне арналған «Біздің өміріміздің Эко-стратегиясы» тақырыбында экологиялық конференция болып өтті.
Атаулы күннің тарихына тоқталатын болсақ, 1971 жылдың 2 ақпанында Иран мемлекетінде сулы-батпақты алқапты бүкіләлемдік деңгейде сақтап қалу үшін «Рамсар Конвенциясы» қабылданған болатын. Қазіргі уақытта бұл Конвенцияға 100-ден астам мемлекет қосылған. Біздің елде осы Конвенцияға мүше болып тіркелді. Аталмыш музейдің табиғат және экология бөлімінің меңгерушісі Дана Әубәкірова конференцияның ашылу салтанатында экологиялық қауіпсіздіктерді сақтау қажеттігіне назар аударды. Қорғалжын қорығы туралы баяндамадан кейін мектеп оқушылары экологиялық тақырыптарға байланысты ғылыми жобаларын қорғады.
Мәселен, Көкшетау қаласының М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Айша Буашева «Эко – біздің өміріміздің стратегиясы» тақырыбын зерттесе, №14 орта мектептің 11 сынып оқушысы Жұлдыз Сейітболатова «Щучинск-Бурабай» курортының көлдерін сақтап қалу мақсатында геологиялық зерттеу тақырыбындағы жұмысын ұсынды. «Шалқар» көлі жайлы №18 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Гүлшат Тұрарова кеңірек мағлұмат берді. Музей қорын сақтаушы Гүлден Изанова конференцияға қатысушылар мен жеңімпаздарды Алғыс хаттармен марапаттады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.