«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында диалогтік алаң болып өтті.
Ауданда кәсіпкерлік кең өріс алып келеді. Соңғы төрт жылдың ішінде тіркелген кәсіп иелерінің саны 2014 жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға өскен. 2017 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 1454-ке жетті. Бұл салада 2792 адам еңбек етуде. Бюджетке 1067,9 миллион теңге кіріс кіріп, оның өсімі 7,3 пайызды құрады.
Кәсіпкерлер қауымы бизнес-ахуалды жақсартуға қатысты өзекті мәселені ұдайы алға тартып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған кезең ішінде, 2010 жылдан бері жалпы құны 368,3 миллион теңгенің 13 жобасы мақұлданыпты. 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Бизнес өркендеп, нығайып келеді, әрі қарай жақсы қалыптасуына бәріміз мүдделіміз. Басым бағыт ретінде туризм саласына құйылған қаржы, сіңірілген еңбек тиісті нәтижесін беруде.
Аталған іс-шарада жас кәсіпкерлер өздерінің бизнесті қалай бастағандары, алғашқы қадамдары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, аталмыш партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сара Дүйсембаева партиялық жобаның мақсат-міндетін көпшілікке түсіндіріп, шағын және орта кәсіпкерлікке заңнамалық негізде жастарға көмек көрсету жайлы сөз қозғады.
– Шағын және орта бизнестің бүгінгі таңдағы рөлі орасан. Халықтың жұмыспен қамтылуы, ішкі нарығымыздың отандық өніммен толығуы, бәсекелестік орта қалыптасуы дәл осы салаға байланысты, – деп кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дана Жәкудина өз ойын білдірді. Бұдан соң, кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Мерей Қасенов 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жайында әңгіме өрбітті. Осылайша жастар кәсіпкерлік жайлы, кәсіпкерлер палатасының қызмет бағыты, міндеттері жайында мол ақпарат алды.
Людмила МАРКОВА.
Ерейментау ауданы.