Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Осы жұрт ер Мәнтайды біле ме екен?! - АРҚА АЖАРЫ

Осы жұрт ер Мәнтайды біле ме екен?!

Уақыттан өткен құдірет жоқ-ау, сірә. Небір асылдардың ай нұрлы жүзін уақыттың шымылдығы көлеңкелеп, көмескі тарттыратыны бар. Бәлкім кейінгі ұрпақ өзі өмірден өтсе де өнегесімен, бір кездегі адал еңбегімен, ерен ерлігімен қаншама ғибрат ұқтырып жататын тұлғалардың ел есінде еміс-еміс сақталған бейнелерін сол уақыттың тозаңынан аршып алып, кәдеге жаратса, елдік істің санатына жатпас па еді.
Өз заманында атақ-даңқы асқақтаған, кеудесіне адал еңбегінің қайтарымындай Алтын Жұлдыз қадаған Мәнтай Әлкебаевтың есімін қазір кім біліп жатыр. Олқылық па, олқылық?! Жоқ іздеген жолаушыдай өткеннің өмір сабақтарынан еліміздің абзал азаматтарының ерлік дастанын ежіктей оқысаңыз, мен мұндалап тұратын-ақ есім.
Мәнтай Сәрсенұлы бұрынғы Көкшетау ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Баратай ауылының тумасы екен. Еңбек әліппесін 1951 жылы қабырғасы қатып, буыны бекімеген он бес жасында осы аудандағы №111 жылқы зауытында жылқышының көмекшісі болып бастаған. Жас балаға желмен жарысқан жылқы бағу қайдан оңай болсын. Дала сырын дархан көкірегіне тоқыған арыдағы ақсақалдар жылқыны жылқының өзіндей қайратты адам ғана бағады дейтін. Төрт түлік малдың ішіндегі тегеуіріні қатты, бағуы мен бабы шиыршық атқан жылқы ішіне кіруі бозбаланың бозөкпе еместігін аңғартса керек. 1956 жылы жиырмаға толған Мәнтай сол уақытта екінші тың аталып, елдің бәрі жаппай иінін илеп жатқан қойшының құтты таяғын қолына ұстайды. Тегін таңдау емес еді. Өйткені, әкесі Сәрсен де қойшы болған.
–Мәнтай Сәрсенұлын жақсы білемін. Елімізге сіңірген еңбегін де, ажарлы азаматтық бейнесін де, кісілік қасиеттерін де,–дейді Баратай ауылының тумасы, бүгінде Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып істейтін Шияп Шәрәпұлы,–Баратайдың арғы бетінде ұйыса өскен қалың қайың шоқтарының бауырында ата қоныстарынан қалған белгі әлі жатыр. Әлкебай әулетінің жұрты. Мәнтайдың әкесі Сәрсеннің еңбек десе ішер асын жерге қоятын жансебіл адам болғандығын, ортақ істен бір сәт бас тартып көрмеген қоғамдық жұмысқа жанашырлығын біздің елдің көнекөз қариялары әдемі аңыз қылып айтатын. Тіпті, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде Сәрсен атамыз майданнан броньмен босатылған. Ол уақытта бронь әскери зауыттың мамандарына, ірі лауазымды қызметкерлерге берілсе керек қой. Ал, қойшыға бронь берілуі кездесе бермейтін жай. Соған қарағанда, қан майданға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, қой басын өз төлі есебінен көбейтіп, игіліктің иесі болып отырған Сәрсен атамыздың еңбегін бағалаған ғой. Ал, Мәнтай аға заманында, атақ-абыройы аспандап тұрған шағында ешқашан асып-таспаған, мақтануды білмейтін марқасқа еді. Бар білері ел қамын ойлау. Осындай азаматтардың ерлікке толы ғұмырын қайта жаңғырту, есімдерін ұмытпайтындай шаралар қарастыру, кейінгі ұрпақтың парызы.    
Көкшетау қаласынан таяқтастам жердегі  Ұялы ауылында шопанның аға көмекшісі болып қой бағуды қолға алған Мәнтай Сәрсенұлы арада аз уақыт өткен соң тындырымды еңбегімен көзге түсіп, өзі де жеке отар алып, аға қойшы атанады. Қазіргі күні ғой еңбектің қадірін елеп-екшей бермейтін біреулер, құдай-ау, аға қойшылық та айтуға тұратын лауазым болып па деп ойлауы мүмкін. Білетіндердің айтуына қарағанда, бар шаруашылық бетіне қарап отырған бір отар қойды жөпшеңді кісіге сеніп тапсыра қоймаған екен. Өйткені, ол дегеніңіз күллі шаруашылықтың ортақ табысына қосылатын қомақты үлес.
Қой бағу таңсық іс емес еді. Әкесі де қой баққан, мал жайын жақсы білетін Мәнтай Сәрсенұлы 1964 жылы отарындағы 2217 қойдың әрқайсысынан 7,1 килограмм жүн қырықты. Осы көрсеткішті бағамдау үшін көне газет тігінділерін, өткен замандағы қойшылардың еңбегін қаужайтын естеліктерді сүзіп, сараладық. Кейде екі жарым-үш килограмнан жүн қырыққандар болған екен. Бәлкім бұл орта, әйтпесе ортадан төмен көрсеткіш. Әр қойдан 4-5 килограмм жүн қырқу кез-келген қойшының маңдайына жазыла бермейтін сыбаға. Ал, жеті килограмнан асырып жүн қырқу ерен жүйріктің ғана шығандай шапқанда қол жеткізетін көрсеткіші.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қараған Мәнтай Сәрсенұлы 1965 жылы өзінің алғашқы рекордтық көрсеткішін жаңғыртып, отарындағы әр бастан 7,8 килограмнан жүн қырқады. Дәл осы дәуірдегі статистиканың қасаң тілімен өрнектейтін болсақ, қырқылған жүннен тұп-тура мың дана ерлер костюмін тігуге болады екен. Бір отар қойдың жүнінен мың костюм. Міне, осы табысы үшін Мәнтай Әлкебаев КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиуымының Жарлығымен 1966 жылдың 22 наурыз күні Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне Алтын Жұлдыз қадады. Алтын Жұлдыз бар мұратын адал еңбектен тапқан адал жүректі, қарапайым қойшының кеудесінде күн нұрындай жарқырап, шуағын төгіп тұрды. Өзі де алтын жұлдызға лайық парасаты мол, кісілігі көп кеуде болатын. Бір қызығы, Еңбек Ері атанып, даңқы аспандап тұрғанда Мәнтай Сәрсенұлы небары отыз жаста ғана екен. Отызында орда бұзып, асқар таудай атаққа шығуы, абырой арқалауы ғажап көрініс емес пе.
Әр жыл сайын тамаша табыстарға жетіп жатқан таяғы құтты қойшының абыройы одан әрі аспандай берді. Алтын Жұлдыздың жанына Ленин, Құрмет Белгісі ордендері мен әлденеше медальдар тағылды. 1963 жылы Мәнтай аға Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ел сенім артқан, үміт еткен Еңбек Ері қарапайым ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға білек сыбана кірісті. Бұл кезде қолынан қой бағу ғана емес, халықпен тілдесу, үлкен істерге ұйымдастыра білу қабілеті мол Мәнтай Сәрсенұлы  бөлімше меңгерушісі болып тағайындалған болатын. Осы жылдары бұрын жүргізілмеген автобус жүргізілді, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсететін кең де жарық клуб үйі салынды. Бастауыш білім ошағы орталау мектепке айналды.
–Мәнтай аға кең жүректі, абзал ниетті азамат еді. Ол кезде ауыл адамдарының мұқтажы таусылған ба? Өтініш айта келгендердің ешқайсысын құр жіберген кісі емес,–дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Ақанов,–көзіміз көрген соң айтамыз, өзіміз де сол кісінің тәлімді тәрбиесін ұқтық. Жарықтық, өз ісіне жан-тәнімен берілген, жауапкершілігі жоғары адам еді. Тапсырылған істі тап-тұйнақтай қылып атқаратын. Тіпті, сол кезде Мәнтай Сәрсенұлы істеген істі тексерудің де еш қажеті жоқ дейтұғын пікір жиі айтылушы еді. Өйткені, бастаған ісін жеріне жеткізе атқару ол кісінің сүйегіне біткен дағды.
Абзал аға осы ауылдағы тағдырдың жазуымен жетім қалған балаларды балалар үйіне жібермей, бауырына басып өзі баққан екен. Өз перзенттерінен кем көрмеген. Тіпті, кейін әлгі балалар ат жалын тартып мініп, азамат атанғанда да қамқорлығынан қағыс қалдырмаған.
Еңбегі аңызға айналған, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеті кейінгі жастың темірқазық нысанасы болған Мәнтай Сәрсенұлы небары 59 жасында өмірден озған. Аз ғұмыр еңбекпен жазылған өнегелі шежіреге толы.
Заманында көрнекті қаламгер, жерлесіміз Естай аға Мырзахметов те «Тынымсыз жігіт» деп аталатын көркем әңгімеге бергісіз очерк жазған екен. Жазушы өз дүниесінде Еңбек Ерінің қол жеткен табыстарымен қоса, ішкі жан дүниесінің, рухани әлемінің таңның мөлдіреген шығындай тазалығын да қоса өріпті. Бәлкім, ерлік іс рухы биік, жаны таза адамның ғана қолынан келетін шығар.
Арада жылыстап жылдар өтті. Бір кезде есімі елге мәлім болған Еңбек Ері туралы тіс жарып айтып жатқан да ешкім жоқ. Өткен жылы жер басып жүрсе сексенге толар еді. Еленбеді. Қапылған тірліктің жетегінде жүріп өткеннен өгейсіреп бара жатқан соң қарымтасын қайтарар бір ұсыныс айталық. Мәнтайдай есіл ердің есімін ел есінде сақтау үшін өзі жан аямай еңбек етіп, маңдайының терін сіңірген Зерендіде бір шарасын қарастырса. Ердің аруағы да риза, елінің еңсесі де биік болмас па еді?!.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар