Соңғы кездері Ресейде тараған «Синий кит» немесе «Тихий Дон» деп аталатын қауіпті психикалық ойын Қазақстанға да тарай бастады. «В Контакте» желісінде белгісіз біреулер балалар мен жасөспірімдерді осындай ойынға шақырып, оның соңы біздің елден де бірнеше жасөспірімнің осыған еліктеуіне әкеліп соққан.
Атап айтқанда, мұндай жекелеген жағдайлар Семей, Қостанай сияқты қалаларда орын алған. Ойын шарты бойынша балалар елу тапсырма орындап, ең соңында өз-өздеріне қол жұмсауы тиіс. Мұны орындамаған жағдайда ақыл-естері дұрыс емес-ау деген ой туатын ойынды ұйымдастырушылар «жақындарыңызды өлтіріп кетеміз» деп қорқытатын көрінеді.
Әрі ойнаушылар әрбір тапсырманы орындағаннан кейін ол туралы хабарлап, есеп беріп отыруы керек. Білектерін пышақпен бірнеше жерден тілгілеуге дейін барып, ақыр соңында өлім ойынының әсерінен өздерінің не істеп, не қойғанын білмей қалатын балаларының құрдымға кетуі туралы әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде ата-аналардың жанайқайы естіле бастады. Сондықтан, әрбір ата-ана балаларының осы әлеуметтік желіде не істеп жүргеніне көз сала түскендері абзал.
Өзіміз хабарласқан Ақмола облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчуктың айтуынша, біздің облыста әзір мұндай оқиға тіркеле қоймаған. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Түбі суицидке әкеліп соғатын мұндай сұмдық ойыннан абай болайық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.