Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қымызынай» атауын ақтаған ауыл - АРҚА АЖАРЫ

«Қымызынай» атауын ақтаған ауыл

немесе мал баққанға бітеді

 

Бурабай тауының етегіндегі жетпіс шақты түтіні бар ауыл тұрғындары төрт түлік мал бағып, мал өнімдерін өндірумен мықтап айналысуда.

 

Сонау ауыл шаруашылығы құлдыраған кездің өзінде бұрынғы Құмкесек ауылының іргесі сөгілген жоқ. Бұған ауыл адамдарының еңбекқорлығы, Щучинск-Бурабай курортты аймағының жақын орналасқандығы оң ықпалын тигізді. Жергілікті тұрғындар төрт түлік мал басын көбейтіп, мал өнімдерін сатумен күндерін көрді.  Бүгінгі таңда бұл ауылда жұмыссыз жүрген бір адамды көрмейсіз.

Көбі аудан орталығындағы кәсіпорындар мен ауылдағы әртүрлі ауыл шаруашылығы құрылымдарында еңбек етеді. Жергілікті тұрғындардың тұрмысының тәуір екендігін қорасының малға толы екенінен, тұрғын үй маңындағы көптеген ауыл шаруашылығы техникалары мен қос-қос жеңіл автокөліктің тұрғанынан аңғаруға болады. Біз Талғат Тәшіков басқаратын «Айдын» шаруа қожалығына келдік. Амандық-саулықтан соң шаруашылық жайында әңгіме өрбіттік. Бала кезінен малсақ болып өскен Тәкең қазір әкесінің жолын қуып отырғанына дән разы.
– Тоқсаныншы жылдары бір қап ұнды бір қойға, бір қап қантты бір сиырға айырбастадық. Осының салдарынан мал басы азайды. Бұған ішім ашитын. Әкем жетімдікті көп көрген жан. Еңбегінің арқасында қатарынан қалмады. Бізді де еңбекке баулып өсірді. Ол өз нәтижесін берді. Отбасы мүшелерінің пайларына 140 гектар егіс алқабын алып, «Айдын» шаруа қожалығын құрдық. Алғашында егіншілікпен айналысып, қорадағы ірі қара басын көбейттік,– дейді ол.
Шаруа қожалығы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды қолға алыпты. Жаңа трактор мен шөп шабуға арналған бірнеше агрегаттар, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алып, жиырма бас ірі қара сатып алған.
– Несие алардан бұрын 40 бас ірі қара бақтық. Бүгінгі таңда мал басы көбейді. Ет сату барысында мәселе туындамайды. Тендерді ұтып алып, шипажайлармен келісім-шартқа отырдық. Етті Астанада да сатамыз. Күз айларында ірі қараларды мал бордақылау алаңдарына тапсырдық. Қой да жақсы өтеді. Бұрын еттің бағасы арзан болса, биыл біршама көтерілді. Мал ұстау оңай емес. Оның қыр-сырын білу қажет. Демалыста да жұмыс істеуге тура келеді, – дейді шаруа қожалығының басшысы. Шаруашылық қыстан қысылмау үшін мол жемшөп қорын дайындап алған. Малшылар да өзі істерінің қыр-сырын жете меңгерген. Шаруа қожалығы конкурсқа қатысып, бір мың гектардан астам жайылымдық жер алыпты. Келешекте тауарлы сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр.
– Көктемде бие байлап, жайлауға көшеміз. Қоңыр күздің соңында қыстаққа ораламыз. Қара мал мен жылқының терісін сатып алып, Қытайға асырып жатса, қойдың терісі мен жүні аяқ астында ысырап болып қалуда. Оны өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Бұрын ата-бабамыз «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деуші еді. Бүгінгі таңда сол пайдадан қағылып, шетелдің арзанқол, құнсыз киімін сатып алуға мәжбүрміз, – дейді Талғат Тәшіков.
Шаруа қожалығы жылқы мен қой тұқымын асылдандыруды қолға алып, айғыр мен қошқарларды жиі ауыстырып отырады. Мұнда жайылым, егіс алқаптары жетіспейді. Шаруа қожалығында алпыс гектар егіс алқабы бар. Ауылдың іргесінде «Бурабай» ұлттық табиғи паркі орналасқандықтан, жер алу қиын. Оның үстіне орман ішіне мал кіргізбейді. Біз әрине табиғатты қорғау керек екенін түсінеміз. Дегенмен жайылым жайында ойлау керек қой.
Өз ісін ашқан кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетуде. Несиенің пайызы да төмен. Кейбір банк-тер сатып алған малдың өзін кепілдікке алады. Техниканы лизингпен алғандар сол жылжымалы мүлкін кепілдікке қоюда. Шаруа қожалығы ауылдық округте тұратын егде адамдар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына қолұшын созуды дәстүрге айналдырған. Мерекелік шараларға да көмектеседі. Қыс айларында жолды қардан тазалайды.
– Бұрынғы жылдары жолды қардан тазалауға белгілі бір шаруашылық бекітілмеді. Жолды қар басып қалды. Соның салдарынан балалар екі айға жуық мектепке бара алмай жүрді. Ересектердің жүріп тұруына да қиын болды. Биыл бұл жұмысты өз қолымызға алдық. Ауыл тұрғындары жанар-жағармай сатып алуға көмектеседі,– дейді ол.
Талғат ауыл қарттарының ақыл-кеңесіне құлақ түруден жалыққан емес. Ауылда жастар көп. Әрі дипломмен ауылға келген мамандар осы
ауылда тұрақтап қалып жатыр. Талғаттың ағасы Болат Тәшіков басқаратын «Қымызынай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне Қымызынай мен Жаңаталап ауылдары кіреді. Қазір «Ангус» пен «Герефорд» тұқымдас бір бұқаның құны 320 мың теңге. Өткен жылы кооператив  Мамайдағы «Казбив» серіктестігінен он бұқа сатып алып, ауыл тұрғындарының табынына қосты. Әр бұқаға
154 мың теңгеден субсидия алынды .
– Биыл алғашқы төлдерді ала бастаймыз. Алдағы жылы тұрғындар малын мал бордақылау алаңына тапсыратын болса, мемлекеттен әр мал басына 24 мың теңге субсидия алады. Сиыр көбейсе, тағы бұқа сатып аламыз. Бұқалар екі жылдан кейін ауыстырылып отырады, – дейді Болат Тәшіков бізбен әңгімесінде.
Ерлі-зайыпты Серікпай мен Әлия  Қабдуллиндер 1980 жылы үйлену тойларын өткізген соң, келесі күні жайлауға аттанған. Содан бері мал соңында. Серікпайдың арғы ата-бабаларына заманында үш мың бас жылқы бітіпті. Құрығы құтты жылқышылық өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қазір бұл кәсіпті ұлы Алтай мен келіні Ақторғай жалғастыруда. Бұған ата-аналары қуанышты екенін жасырмайды. Дастарханның майлылығы мен көңілдің жайлылығы еңбекпен келетінін жете түсінетін Қабдуллиндер отбасы әлмисақтан еңбексүйгіш жандар. Серікпай мен Әлия екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Кенжелері Алтай әке жолын қууды жөн көрді.
– Жұмыстың оңайы жоқ. Бұған отбасымызбен бірге жұмылып, қысы-жазы қырық шақты биенің бейнетіне орай зейнетін де көріп келеміз. Таңғы алтыда Серікпай биені құлыннан бөледі. Үш сағаттан кейін сауылады. Немерелерім де көмектесіп, атқа мініп, мал қайырады, жем салады, суарады. Жаз айларында жайлауда, қыс айларында қорада бие сауамыз. Жылқымен бірге ірі қара бағамыз. Биыл қымыз цехын аштық. Еңбектің арқасында балаларды оқыттық, – дейді Әлия Қабдуллина. Алтыншы сыныпқа дейін биенің саумалын ішкен Әлияның ата-әжесі осы ауылда бие байлаған жандар. Келіні Ақторғай анасына көмектесіп, бие сауып үйренген. Кәмелетке толғаннан бері бие сауып, қымыз баптайды. Қыс айларында жеті бие, жаз айларында отыз бие сауады.
–Үлкен ұлым да демалысқа келгенде үй шаруашылығына бел буып кірісіп кетеді. Қымызды Бурабай кентіндегі туберкулез диспансері мен облыстық балалар орталығы қысы-жазы сатып алады. Астанада тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Аптасына екі рет келіп, отыз литрден қымыз сатып алып кетеді. Өзім қымыз баптауды әжемнен үйрендім. Бір күбіні жетпіс жыл пайдаланып келеміз. Қыс айларында 30 литр қымызды қолмен, жаз айларында екі жүз литр қымызды электрмеханикалық әдіспен пісеміз. Күнде жуып, қайыңмен ыстаймыз. 30, 40 литрлік күбілерім бар. Жаз айларында оңтүстіктің адамдары ауылда пәтер жалдап, қымызбен емделеді. Бүйрек пен бауыр ауруына шалдыққандар саумал ішеді,– дейді Әлия.
Жаңа салынған мал қоралары төрт түлік малға толы екенін көз көрді. Өткен жылы Қарағанды қаласынан 400 мың теңгенің үлкен бу қазандығын сатып алып, орнатыпты. Бүгінгі күнге дейін бірде-бір несие алмаған Қабдуллиндер алғаш несие алып, тоңазытқыш сатып алуды межелеп отыр. Сөйтіп, еңбекқор жандар бал татыған жеңсік ас сары қымызды сапырып, жалпақ жұрттың талғамынан шығуға тырысуда.

Рамазан Тілеуов

Суретте: «Қымызынайдың» бал қымызы; сол жақтан екінші «Айдын» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Тәшіков.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар