Далада жаңбыр жауып тұр. Терезеден сыртқа көз салған Қуаныштың мұңды қос жанары бір нүктеге қадалған…
Кеше түсінде анасының әсем бейнесі елес беріп тұра қалды. Анасы көкшіл көйлек киіп алыпты. Иығын жапқан қою қолаң шашы Қуаныштың бетін қытықтайды. Өзін аймалап, «Құлыным» деген анасының құшағына ене бергені сол еді, ол бірден көзден ғайып болды. «Ана, анашым, кетпеші!». Оянса, жастығын құшақтап жатыр екен…
Ол тағы да анасын ойлап кетті. Көзінен аққан мөлдір моншақтар бірінен соң бірі тізбектеліп, төмен түсе берді. Қайдасың ана? Оның балғын жүрегін анасына деген сағыныш сезімі биледі. Жалғыз-ақ аңсағаны – анасы. Сүйікті анасының «Ботам» деген сөзін естімегелі, міне, үш жыл. Биыл мектепке барады, үлкен азамат. Үйдегі шаруаны шырқ үйіреді. Тіпті, әкесінің дос-тары онымен кәдімгідей әңгімелеседі, ақылдасады. Бірде әкесінен «Анам қайда?» деп сұрады. Әкесі жауап орнына күрсініп, басынан сипады. Иә, не деп жауап берсін… Бұл сұрақ әкесінің де жанына қатты батады, бірақ, қолдан келер не шара?
Қуаныш бәрін де сезеді, түсінеді. Анасының енді бұл үйге қайтып келмесін де біледі. Өйткені, оның басқа бөпесі бар, жазықсыз сәбидің басқа әкесі бар.
Қуаныш қайырымды, сезімтал, әдепті бала болып өсіп келеді. Бірде аулаға шығып, ауыр ойға батып отырған. Кенет жылаған кішкентай сәбидің дауысына елең етті. Жылаған – көршісі үш жасар Мәрлен. Сотқар Қайыр деген бала Мәрленнің ойыншығын тартып алып, жұдырығын түйіп тұр екен. Қуаныш дереу жанына келіп, ойыншығын алып бермекші болып ұмтыла беріп еді, Қайыр баж ете қалды. Мұны Қайырдың адуын шешесі көріп, әй-шәй жоқ, Қуаныштың жер-жебіріне жетіп, ұрыса бастады.
– Әй, қу жетімек! Менің баламды неге жылатасың? Одан да қаңғырып, сені тастап кеткен анаңды іздемейсің бе?
Мұнымен қоймай, оны шапалақпен бетінен шарт еткізді. Жүрегі дірілдеп, көзіне жас тұна берді, тұна берді…
Жаңбыр әлі қояр емес, өршелене жауып тұр. Баланың көзінен аққан жасқа жаңбыр тамшыларының тырс-тырс еткен үні ұласқандай.
– Шынымен-ақ солай ма, ана?.. Неге тастап кеттің мені?.. Келші, келші, анашым менің. Егер сен менің қасымда болсаң, Қайырдың шешесі маған әлгіндей сөздер айтпас еді. Келші, мен сені ешқашанда ренжітпеймін. Ана, кішкентай бөпеңді де ала келші, ол менің бауырым болады. Әкем де қарсы емес, өйткені, ол жақсы адам ғой. Бәрімізге де бөлме жетеді. Біз жаңа пәтерге көштік, ана. Үйде әкем, атам үшеуіміз ғана. Бізге сен ғана жетіспейсің, ана, бізде бәрі бар. Сенің күлкіңді сағындым ғой, ана, анашым, ана-а-а-а! – деп егіле жылады Қуаныш.
Кім біледі? Мүмкін, ата-анасы түсіністік танытып, жас жүрегі жараланған Қуаныш та қуаныш сезіміне бөленер. Өмірде отбасы шаттығына не жетсін!..
Айнаш ТАСМАҒАМБЕТОВА,
Пухальск негізгі мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.