Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арқаның аяулы ақсақалы еді - АРҚА АЖАРЫ

Арқаның аяулы ақсақалы еді

Жақында жол түсіп Астанада болғанымда, көзі тірісінде сыйласып, сырласып, тонның ішкі бауындай араласып кеткен қазақтың қабырғалы қаламгері Нұрғожа Ораздың шаңырағына соқтым. Айман тәтеміздің жүзі сынықтау көрінді. Қайтсін, сыңарынан айырылған аққудай жалғызсырап жүрген шығар?!  Амандық-саулық сұрасып, біраз жайға қаныққаннан кейін, ағаның екінші қабаттағы жұмыс кабинетіне көтерілдік. Ол кісі өте ұқыпты еді ғой, жазу үстелінің үстінде басы артық нәрсе көрінбейді, әрдайым қолының астында ұстайтын ақ қағазы мен қаламы ғана жатыр. «Ештеңесін қозғаған жоқпыз, бәрі өзі қалай қойды, солай тұр. Сол күні де таңертең ұйқысынан сергек оянып, тамағын ішкеннен кейін жазу үстеліне келіп отырды. «Қайтесің, дем алсайшы»,–дедім. «Жоқ, жай отырмын»,–деді күлімсіреп. Байқаймын, бөлменің ішін шолып отыр. Қабырғадағы қаз-қатар тізілген кітаптарына ұзақ қарады… Қайдан білейін, қоштасып отыр екен ғой», –деді Айман жеңгей терең күрсініп.
– Ақтық демі таусылғанша қаламын қолынан түсірмеген екен ғой ағамыз.
– Иә, бір күн жазу үстеліне отырмаса, қымбат бір дүниесін  жоғалтып алған адамдай мазасыздана беруші еді. Үйге сыймай кететін… Нұрағаңмен нақты қашан, қайда танысқаным есімде жоқ. Біздің бала кезімізде тұңғыш кітап деген атпен ақын-жазушылардың қалыңдығы пышақтың қырындай ғана еңбектері жарық көре бастады. Неге екенін білмеймін, өзім сол кітаптарға қатты қызығып, жинап жүрдім. Солардың ішінде Нұрағаңның да кітабы болды. Ол кісінің өлеңдері сол кездегі «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде де жиі жарияланып тұратын. Ал, мен мектеп оқушысы болсам да, облыстық газеттің бір нөмірін де қалт жібермеуші едім. Осылай, ағаның шығармаларымен ерте таныстым. Содан да болар, Қызылжарға келген бір сапарында кездесуіміз мұң екен, ескі таныстардай әңгімеміз жарасып жүре берді. Әркез өткеннен сыр шертетін,  қызықты әңгімелерімен баурап алатын. «Солтүстік Қазақстан облысы маған да бөтен емес, өте ыстық. Еңбек жолым осында басталды, Жаңажолда (Ғабит Мүсіреповтың ауылы) бір жыл мұғалім болдым»,–дейтін.
Бертін тіпті, жиі кездесетін болдық. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты әдебиет алыптарының алдын көрген, көкірегі көмбе, қазыналы қаламгер қайда жүрсе де, ортасының сәні еді ғой.
Бірде Нұрағаң, ол кезде «Сарыарқа» журналының бас редакторы болатын, «жазған-сызғандарыңды бізге де жіберіп тұрсайшы»,–деді. Бұл ұсынысты қуана қабылдап, әлі сиясы кеуіп үлгермеген «Еменнің иір бұтағы» деген хикаятымды жолдасам да, не айтар екен деп көпке дейін қобалжып жүрдім. Содан арада біраз уақыт өткеннен кейін үлкен басымен телефон шалып: «Хикаятыңды оқыдым, маған ұнады, ары қарай тереңдете түссең желісі романның да жүгін көтергендей екен» деп көңілімді көтеріп тастады. Содан не керек, әлгі дүнием журналдың үш нөміріне шықты. Мұндай қуанбаспын. Осыдан кейін болмысы бөлек, адамгершілігі мол, пейілі қазақтың кең даласындай дархан, үлкен жүректі, асқар таудай парасатты ағаны өзім де іздеп тұратын болдым. Сәлем беремін, елдің жаңалықтарын жеткіземін. Нұрағаң: «Газеттің жұмысын білемін ғой, жазуға уақыт қалмайды, солай екен деп шығармашылығыңды ұмытпа, жаз, жаз»,–деп қайрап қояды. Бүгін ойлап отырсам, жақсы ағаның ақылы, менің ол кісіге берген уәделерім өмір жолында қолтығымнан көп демеген сияқты. Күндердің күнінде Жазушылар одағына өтсейші деп, кепілдеме берген де өзі еді.
«Мағжан» журналын шығара бастағанымды естігенде керемет қуанғаны есімде. «Бейнетке басыңды сұққан екенсің, қазіргі таңда журнал  шығару оңай іс емес. Бұл қажымас қайратты, талмас ізденісті, асқан төзімділікті қажет етеді. Бірақ, оған мойыма. Мағжандай ұлының бір ауыз сөзін халыққа жеткізудің өзі үлкен бақыт» деген. Шынында да журнал шығарудың бейнеті аз емес екен.  Оны кейін түсіндім. Бірақ, аймақтағы қа-ламгерлерге қамқоршы боламын, шығармашылық жолда көрініп, танылуларына көмектесемін деп кездескен қиындықтарға қарамастан  «Сарыарқаны» өрге сүйреген, ондаған жылдар бойы оқырмандарды жергілікті ақын-жазушылардың, тарихшылар мен ғалымдардың сан алуан шығармаларымен қауыштырған, қаншама жас қаламгерлердің өлең-әңгімелерінің тұсауын кескен қабырғалы қаламгердің үлгісі менің де жігерімді жанып, жасымауға үйретті.   
Сөздің шыны сол, Нұрекеңнің қажыр-қайратының арқасында «Сарыарқа» журналы бүкіл елге танылып, Ақмолада ғана емес, теріскейдің басқа өңірлерінде де ақын-жазушылардың әдеби ортасы қалыптасты ғой. Ағамыздың осы еңбегі шын мәнінде ерлікке пара-пар еді. Халық жазушысы, марқұм Әбіш Кекілбаевтың «Сарыарқа» туралы: «Бұл әдеби журнал болумен бірге ғылыми-танымдық журнал болды деуге толық негіз бар»,–деп жазуы осы пікірімізді дәлелдей түседі. Ел тынысын өлеңмен өрнектеп, көркем сөзбен кестелеген Нұрғожа Ораздың өзінің шығармашылық жолын журналистикада бастағанын біреу білсе, біреу білмес. Арманы асқақ азамат Қазақ мемлекеттік университетін ойдағыдай тәмамдап, ұстаздар қатарына қосылғанмен, көп кешікпей, нақтырақ айтсақ, 1958 жылы негізін Би ағаң – Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин қалаған Қостанай облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қостанай таңы»)  газетіне тілші болып орналасады. Мұнда ол өңір тынысы, әр саланың үздіктері жайлы кесек-кесек дүниелер жазып, өзінің қаламгерлік қуатын шыңдады. Осылай қайнаған еңбек көрігінде шыңдалып, қанаты қатайған ағамыз 1963 жылы  Целиноград қаласына қоныс аударып, жаңадан ұйымдасқан өлкелік «Тың өлкесі» газетінің ұжымына қосылады. Ол туралы қазақтың белгілі қаламгері Сарбас Ақтаев: «Нұрғожа өлкелік газетке әдеби қызметкер болып орналасып, табан аудармай Ақмола топырағында тұрып қалды. Қараөткелдің киелі топырағы оның дарыны бүр жарып, гүл ататын құнарлы мекенге айналды. Оның ақындық дарыны дәл осы жерде қанат жайып, қалың оқырман қауымға жол тартты. Осы өңірде ұзақ тұрған ол бүкіл Сарыарқаның шежіресі іспетті…» деп жазған болатын.
Қаламгердің алғашқы өлеңдер жинағы 1964 жылы «Тұңғыш кітап» деген атпен жарық көрді. Одан кейін әр жылдары балаларға арналған «Кім табады?», «Шұғыла», «Көңіл көктемі» атты кітаптары баспадан шықты. Ал, 50 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тың ырғақтары» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жеке кітап болып оқырмандарға жол тартты. Кейін «От кешкен балалық шақ», «Достар хаты», «Жауқазын шақ», «Таңдау» сияқты көптеген еңбектері бірінен соң бірі  баспа жүзін көріп жатты. Өзінің шығармашылық ғұмырында ерінбей-талмай зор қалам қарымын танытқан Нұрғожа Ораз барлығы 40-тан астам кітаптың авторы атанып,  қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Оның шығармалары әркез көкейкестілігімен ерекшеленді.
Нұрғожа Ораз драматургия саласында да өз қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Кезінде оның «Қиядағы қақтығыс», «Армысың, таңым» атты пьесаларын әдебиет сыншылары жоғары бағалаған болатын. Ал, «Дала демі» кітабы Нұрекеңнің білікті публицист, проблемалық очерк, деректі жанрдың шебері екенін айғақтады.
Сөз жоқ, Нұрғожа Ораз – сан қырлы қаламгер. Бірақ, бәрінен ақындығы басым болғаны анық. Қаламгердің шығармашылығына назар аударғандардың көбінің ойы осыған саяды. Десек те,  Нұрғожа Ораздың шығармашылығына жан досы, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтен артық ешкім баға бере алмас. «Нұрғожа поэма деп ат қойып, айдар тағып, «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Досымның тағдыры» деген дүниелерін оқырмандарына ұсынды. Осы үш шығармадан да мен Нұрғожаның ақындық мүмкіндігінің молдығын, шапқан сайын тынысының кеңейе түсетінін аңғардым. Шығармашылыққа толы жарты ғасыр текке кеткен жоқ», – деп жазған еді Нұрағаң, «Тұмашым» деп жан теңгермеген  Тұманбай Молдағалиев. «Мені әдебиетке жетектеп әкелген Нұрғожа, әдебиет үйірмесінде мені ұстап берді», – деп Тұмағаңның ақын досының азаматтығын алға тартқаны тағы бар.
Осылардың бәрі көңілімде сайрап тұрса да Нұрекеңнің қайраткерлігі бір төбе деп санаймын. Бұлай ойлайтын жалғыз мен емес. Нұрекеңді бір кісідей жақсы білетін белгілі астаналық қаламгер Амантай Кәкен: «Осы Ақмолада кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде ұлтымыздың абыройын биік ұстаған бірегей азамат болды. Тың игеру жылдарында 700 қазақ мектебі жабылды. Сондай қиындыққа қарамастан қазақтың тілі мен діні үшін басын бәйгеге тікті. Ұлттың намысы сынға түскен шақтарда қанжардай тіліп түсетін мінезі бар еді. Ақмоладағы қазақ театрының ашыл-уына мұрындық болды. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып жүріп, осы елдің руханияты мен мәдениетінің дамуына ерен еңбек сіңірді. Осындағы қалам ұстаған азаматтардың ұстазы атанды… Қазыналы қариялықтың да бекзат үлгісін көрсетті» деп жазса, қазақтың көрнекті жазушысы Әкім Тарази: «Нұрғожа Ораз жаны жайсаң, ер көңілді, сері мінезді азамат еді. Жазушылығы, ақындығы, әдебиетшілігі тең түсетін. Қаламгер ғана емес, қайраткер де болатын. Арқа жерінде қазақтың намысы кететіндей тұстың бәрінен табылатын. Айтыс ұйымдастыру дейсіз бе, мектеп ашу дейсіз бе, көшеге ат беру дейсіз бе, сондай шаруалардың ортасында, қалайда ұлттың ұпайын ұттырмаудың қамымен жанын жеп жүретін. Соның барлығында діттеген мақсатына жетпей қоймайтын» деп тебіренеді. Немесе есімі арқа жұртшылығына жақсы таныс еңбек ардагері Қасым Тәукеновтің «Бұрынғы Целиноградта қазақ мұңын мұңдаған, ана тілімізде жырлаған екі адам болса – бірі, біреу болса – нақ өзі менің Нұрғожа досым болатын. Ұлан асу, асқар тауыма балайтынмын. Саятшылығыма – сая, наласы көптеу жан жүрегіме – ая болып өзімді бірден-бір ұғып-түсінетін ұлағатты да Нұрғожадай асыл бауырдан тапқан едім» деген сөздерінде де көп сыр жатыр-ау, сірә?!
Айтса айтқандай, ол кісіні біз әрдайым мерекелік шаралардың ортасынан көретінбіз. Ұлттық болмысымызды ұлықтайтын шаруалардың басы-қасында жүруші еді, көңілі кең, жаны жомарт абзал аға халықтың ортасында жайдары қалпымен жадырап отыратын. Өмірде өзінің айшықты ізін қалдырған, сарабдал сабырлылығымен, ұлтына адалдығымен, парасаттылығымен дараланған Нұрғожа ағамыздың  қоғамдық қызметі жайлы сөз қозғағанда ол кісінің Қазақстан Респуб-ликасы Президенті жанындағы рақымшылық жасау комиссиясына тұрақты мүше болғанын, сол сияқты, Астана қаласының ономастика және экология комиссиясының жұмысына да ұзақ жылдар бойы белсене  араласа жүріп, елорданың бірқатар көшелерінің атауын қазақша өзгертуге өзіндік үлес қосқанын айтпай кете алмаймыз.
Ел тәуелсіздігін баянды ету жолында аянбай тер төккен Арқаның аяулы ақсақалының, қаламы жүйрік журналист-жазушының, танымал қоғам қайраткерінің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол халықтың құрметіне бөленді, егемен еліміздің көптеген сый-құрметтеріне ие болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды, Қазақстан Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығын иеленді. Нұрғожа Ораздың артында ұлағатты ұрпағы, мол мұрасы қалды.
…Қазақта әдемі қартаю деген сөз бар. Осы сөздерді естіген сайын көз алдыма өзінің бар саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнаған, әдебиетіміздің кемелдене түсуіне қал-қадерінше үлес қоса білген  көркем мінезді азамат Нұрғожа Ораздың бейнесі келеді.
                                                         
Петропавл қаласы.

 

 

 

Нұр-ағам менің,
жыр-ағам

 

Қазақтың мінезі жібектей  есілген  есті  ақыны,  ойшыл  қаламгері  Нұрғожа Нарымбайұлы  Оразовтың  мына  жалған пәниден  өткеніне бір   жыл толды. Нұр-ағаммен мен 1970 жылы танысқаным есте. Нұрекеңнің  әкесі  Нарымбай   ақсақсал   90   жаста екен. Ақынмен сол жетпісінші жылдың  майса жазының  жаймашуақ  бір күнінде  еріп үйіне барып,  қарияға сәлем бергем. Айман  жеңгейдің  жомарт  пейілінен, кең  дастарханынан  бала ақын мен  алғаш  дәм татқам. Нұрекеңмен  сол таныстығымыз  ағалы-інілікке ұласып, жарқын  жылдарға  жалғасқан. Алматыға   жас ақын-жазушылардың кеңестеріне ағамыздың бастауымен талай барғам. Жазушылар одағының киелі шаңырағында ұлы қаламгерлер Олжас  Сүлейменовпен, Ғабит Мүсіреповпен, ақынның жақын достары Тұманбай Молдағалиевпен, Ғафу Қайырбековпен танысқан едім. Нұрағаң соншалық  кішіпейіл,  жүрегі  таза  жан  болатын. Ақынның 50 жылдығында сол  жылдардағы  Сәкен  Сейфуллин  атындағы Целиноград  педагогикалық институтының   шағын аудиториясында жыр оқып тұрғанымызда, маңдайы жарқырап Тұманбай  Молдағалиев  кіріп келгені есімде.
–Аэропорттан   жаңа жеттім, кешірім сұраймын. Нұрекең  тойына  кешігіп қала  жаздағаным-ай,– деп ақтарылды  ақ көңіл ақын,  балаша қалбалақтап. – Сен Тұмаш, мына  Смағұл деген  інімді танып  қой. Бұл – Ақмоланың  үлкен ақыны,–деп  жатыр Нұрағам. Ақынның  ақ  жүрегіне риза болғаным  соншалық, айтарға сөз таппай  қалғам.
–Жаңағы  оқыған  «Ұнайды маған осы ақын»  деген  жырың  жақсы екен, Смағұл. Нұрекеңнің  бейнесін   жақсы ашқан екенсің! Өлеңді тастама. Журналистік  жұмыс  жеп  қоймасын,  байқа,–деп жатыр Тұмағаң  да  қолымды  қысып. Бүгін  жеке мұрағатымды
ақтарып,  сол  жырды тауып  алғаным. Ол  жырым мынау  еді:
…Сол Тұмағаңмен артынан  «Жалын»  журналында кездесіп,  жырларымды  басқыздым… Нұрағаңның  бұл да  бір шарапаты  еді-ау.
Целиноград облыстық  теледидарында бас редактор болып  жүрген  жылдарымда   экраннан  Нұрағаңа  жиі сөз бердім. Ақындар айтысы, тіл  төңірегіндегі толғақты  жәйлар  хақында  ақын  жиі сөйлейтін. Сол  жылдарғы  Советтер  үйінің   жетінші   қабатындағы   кең кабинетте  Нұрағаң  мен  жазушылар   Владимир  Гундарев,  Әскен  Нәбиевтер отыратын. Газетке  бара қалсақ   осынау киелі  шаңыраққа  соқпай кетпеуші едім. Нұрағаң   әдебиет жайындағы киелі  әңгімелерге аса шебер,  көргені көп болатын.
Нұрағаңның  бір   қасиеті   көңіліне  ұнаған адамды   жассынбай,   өз  шаңырағына мейман  ете  беретін. Мен  де  Нұрекең мен Айман  жеңгеміздің   үйінде   жазушы  Жайық  Бектұров  келгенде  қонақта  болдым. Қасымда асыл  жарым  Әлиям  бар. Нұрекеңде  ішкі есеп  деген  болмаушы еді.
Бұл қасиеті  де   ақын  жүрегінің  тазалығынан болса керек. Нұрғожа  Ораздың  ерекше  бір  қасиеті  ретінде  аса  еңбекқорлығын атап  өткен   жөн. Ақын   толып  жатқан  қоғамдық  жұмыстарымен  қатар,  поэзиядағы  шабытын, проза саласында  да  жалғастыра  білді.
Бұған   ақынның  «Қаракүйік»  романы   дәлел.  Осыған  дейін   «Шұғыла», «Көңіл  көктемі»,  «Қырандар  ұясы»,  «Жауқазын» секілді  жыр жинақтарымен,  өзге  де туындыларымен  танымал болған ақын енді  үлкен романымен оқырмандарына  жол тартқан  еді. Ақынның  қазақ  әдебиеті мен  өнерінің  айтулы классиктерімен  достығы мен  жақын таныстығы  өз алдына  үлкен сыр. Фәни  жалғаннан  74  жасында  өткен   ағамыздың   жақсы  да мәнді  өмір сүргені  анық. Есімін әдебиетімізде   қашап  қалдырған ағамыз   ұрпақ  жадынан   ұмтылмайды  деп сенгіміз келеді!..

 

 

Ұнайды маған  осы ақын

 

Жанына  жақын  ініге,
Сандығын  сырдың ашатын.
Сырбаздау, әрі серілеу,
Ұнайды маған осы ақын!

 

Жырында әсем  бір ойлар,
Мөлдіреп қана жататын.
Сабырлы,  әрі  дауылды,
Ұнайды маған осы ақын!

Көңілдің күміс кесесін,
Толтырып сырға тосатын,
Жүрегі таза, аңғалдау,
Ұнайды маған осы ақын!

Көбінен  биік  тұрса  да,
 Елі үшін ақын елгезек,
 Күйші мен ақын,  жырауын,
Жетелеп  жүрер, өрле деп.
Найзағай  ойнап  жанарда,
Саңқылдап, оқып  жырларын.
Көремін кейде ақынның,
Құдіреті асып тұрғанын.

Сондай  бір сәтте  шарықтап,
Шағала-көңіл самғайды,
Кеудесінде  сонда ақынның,
Күркіреп теңіз аунайды.

Ақының сонда   тұрады,
От болып  жанып,  өртеніп,
Жырменен   тербеп  даланы,
Таулармен  бірге теңселіп…

Астана.

 

 

Смағұл  РАХЫМБЕК

 

 

 

 

Өмір сол

Өмір сол ауа райы сияқтанған,
Шалқумен сен күтпеген күй  
                                     ақтарған.
Жел ұйтқып, құйын келген
                             шақтарда тек,
Сақ болғай саған ерер ұяттардан.

Жаңбырлы, желден ығар
                                 кездері бар,
Ол жайлы кезіккендер өздері
                                            ұғар.
Су кеткен иінінен адамдайын,
Күн жаумай су болатын ездері
                                              бар.

Шыжыған ыстық күннен тайсалмайтын,
Отты да кешіп өтер қайсардай тым,
Мақсат қып алған беттен қайтпайтұғын,
Жанға ұқсап тусаң нағыз жайсаңдайсың.

Тамшы жоқ көктен жауар, құрғақшылық,
Малға да, адамға да тым тапшылық.
Келгенде, кең пейілді көрсете алсаң,
Сол сенен ел күтетін жолбасшылық.

Күзгі егін бірде тапшы, бірде бітік,
Соңғысын армандайды ел де күтіп.
Тапшыны берекелі қол ұқсатар,
Орайлы ой, ұтымдылық ерге бітіп.

Күз түні тасқараңғы жаңбырланып,
Жеткенде көкжал бөрі таңға ұрланып,
Мүлгумен қой күзетіп отырған шал,
Ұйқыны жеңер бір сәт аңғарарлық.

Жер ана ақ жамылса жаулығы мол,
Ауа да тазарады саулығы зор.
Ақкөңіл алалықты жеңген шақтай –
Пәк қазақ, тап-таза жан ауылды көр.

Қазақтығым

Ойламаңдар мені әшейін қазақ деп,
«Жетпісте де – бала мінез, ғажап!» деп.
Мен халқымның жүрегінде жаралып,
Өстім осы аппақ жүрек таза-ақ деп.

Сол жүректің дүрсілімен тыныстап,
Сол жүректен таптым мәңгі құрыш бақ.
Сол жүректі бар даусыммен ән қылам,
Сол жүректен ақ қанатты жыр ұшпақ.
Жаным соның аппақ жүзін аймалап,
Оған төнген қауіпке өзін байламақ.
Ол шаттанса, мені сүйер көкте күн,
Сол шаттықтан қонды дей бер Айға бақ.

Өзге түгіл, қазағымның данасы,
Жылы жүзбен жақсы көрер алашы –
Дәлелі жоқ оған зілді сөз айтса,
Ұшқын атар көзімнің пәк қарасы.

Өйткені, мен сол қазақтың бірімін,
Барлық «біреу» біріге алса, ірімін.
Қазақ болып жаралғаным – бақытым!
Барлық қазақ берген маған білімін.

Аппақ шашым – ақ көңілі қазақтың,
Сол ақтықты туғаннан-ақ қалаппын.
Тұлпар елдің тұяғы едім ежелгі,
Туын жықпай келем әлі талаптың.

Ұлтым ұлы имандықтан жаралған,
Кездерде де жан берісіп, жан алған.
Киелі сол қазақтықтан таймадым,–
Жан жарасын жүрек гүлі жаба алған.

Сол халықтың жүрегінен жаралып,
Сол халықтың тынысынан нәр алып,
Сол қазақтың бірі болып қалам да,
Ұрпағыма жетем мәңгі таралып.

Шабытым

Шабытым шақырғанда кешікпе, өлең!
Сал самал сүйді келіп есіп берен.
Сен мені ғашық етіп қолдағалы,
Өмірдің бел ортасын кешіп келем.

Елімнің еңсегейлі тұсындамын,
Талғажау еттім халқым ұсынғанын.
Шабыттың қаршығасын ұшырғанда,
«Болмағай, – деп тіледім, – құсымда мін!»

Халқымның көкейкесті сырын барлап,
Әр кезең айқасына жырымды арнап.
Арманның асқарына мегзеп бақтым,
Жүректің жыр жаратқан гүлін қармап.

Қалт қылмай бағып келем қас-қабағын,
Бүгінде бір бақытқа бастады ағын.
Сол ағын жұртым жетер жерұйық па,
Бастайын сол биікте жатса бағым.

Тәуелсіз, тәуекелді жолға түсіп,
Ер елдің ерлік ісін қолданысып,
Сүрлеусіз сеңгірлердің арасымен,
Келеміз тайғақ жолда толғанысып.
Сол дұрыс тәуелділік тақсыреттен,
Заманнан бірді-бірге қасқыр еткен.
Сол дұрыс, адассаң да, арың биік,
Үміттің ұлан селін тасқын еткен.

Білгенім осы бүгін жетпісімде,
Бостандық жатыр сонау текті ісімде.
Халқымның қашандағы іші мығым,
Жалт ойнар жанар шақта бет-пішінде.

Сарыарқа

«Сарыарқа», «Саржайлаудай» құдіретті,
Күйлерді өнерлі ата дүбірлетті.
Арқаның кең даласы, өзен, тауы,
Үн қосып домбыраға, күмбірлепті.

Ат шапса, елдің елең құлақтары,
Жалт етіп жанарында сұрақ тағы.
Жігіттер сойыл, құрық қармай салып,
Жылқыға жүгіріскен құрақтағы.

Ерлері ат арқасын мекен етіп,
Қарттары ел бірлігін бекем етіп.
Қызғыштай көл қорыған Арқа жерін,
Атамыз аялапты еркелетіп.

Кеудесін әр көдеге қалқан қылып,
Басынған жауын дәйім талқан қылып,
Қорғады шоқпар, қылыш қатар сермеп,
Азат боп жатты сұлу Арқа күліп.

Әр көлін, әр тоғайын бауыр басып,
Аймалап жүре берген ауылдасып,
Жат түгіл, кейде тіпті көк майсасын,
Қызғанып бір-бірінен дауылдасып.

Заманның өткенін де байқамапты,
Сан ғасыр бір соқпақты қайталатты.
Батыста бұрқап жатқан жаңалықтар,
Арқаның атырабын шайқамапты.

Түсіндік бүгін ғана сырыңды, Арқам,
Ішқұса екенсің ғой, сұлу қалқам.
Сырттайын сұхбатыңа мәз болыппыз,
Сырыңа бодандық сұм болып қалқан.

«Іші алтын, сырты күміс» сен екенсің,
Бұл күнде бауыр басқан берекемсің.
Осынау жерұйықты қорғап келген,
Қазағым, шын бақытты ел екенсің.

Бүгінде жұрттан озық көшке ендік те,
Дәуірді басып өттік төстен тіке.
Астықтан тау тұрғызған, кеннен – өзен,
Мақтанам осы Арқада өскендікке.

 

 

Нұрғожа Ораз

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар