«Экспо-2017» халықаралық көрмесіне арналған оқушылардың ғылыми жобаларында қазақ-түрік лицейінің 9 сыныбында оқитын Мейірман Қонқабаев пен Мадияр Болатбеков робот ойлап тапқан.
Облыс орталығындағы қалалық модельді қазақ кітапханасында «Болашаққа ұмтылған жас ұрпақ» тақырыбында мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстары тыңдалды. Аталмыш кітапхана мамандары ғылымға бейімі бар балаларды қолдап және EXPO көрмесі жайлы мектеп оқушылары толымды ақпараттар алсын деген ниетпен осы іс-шараны ұйымдастырған екен. Облыстық ғылыми жобалар сайысында үшінші орынды жеңіп алған қазақ-түрік лицейінде 9 сыныпта оқитын Мейірман Қонқабаев пен Мадияр Болатбеков робот ойлап тауыпты. Бұл роботты олар болашақта қалың қар мен қоқыс тазалауға, «Қазпошта» қызметіне арнайы сәлемдемелерді таситын құрылғы ретінде қолданғылары келетіндіктерін айтады. Ал, «Дарын» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Серікбай Үсен «Борлы шикізатты және техногенді қалдықтарды тамақ және медициналық мақсаттарда пайдаланудың, өңдеудің физика-химиялық негіздерін зерттеу» тақырыбын зерттеп жүр екен.
Елімізде қазір тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 320 полигон алаңы бар. Бірақ, бұл полигондар жылдан-жылға аздық ете бастағанын зерттеуші тілге тиек етіп, бұл қоқыстарды қалай тиімді пайдалану қажеттігіне тоқталды. Жас ғалымның зерттеуінше, қоқыстардың 58 пайызы жанатын қалдықтар. Сол қалдықтарды жағып, қоқыстардың күлінен цемент немесе ауыл шаруашылығына қажетті заттар алуға болады, дейді ол. Шыны мен тыңайтқыш ретінде пайдалану жолдарын мысалдармен баяндап берді.
– Қалдықтар – энергия ресурстары болып табылады. Өткен ғасырда жағармайдың өзінен 90 миллиард тонна қалдық бөлініпті. Бұл қалдықтардың барлығы қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатыр. Тіпті, адамдардың айықпайтын ауруларының өзі қоршаған ортаны таза сақтамаудан, – деп Серікбай Үсен болашақта Көкшетау қаласында қалдықтардан өнім шығаратын зауыт ашқысы келетін арманын айтты. Шара барысында «Көкшетау – табиғатының экологиялық жағдайы», «Таза су – денсаулық пен ұзақ өмір сүру кепілі» деген жас ғалымдардың ғылыми жобалары да тыңдалды. Бұл кешке қонақ болып келген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Сәкен Қаженов мектеп оқушыларының тың идеялары мен тақырыпты ашудағы зеректіктеріне қайран қалғандығын жасырмады. Қазір елдің әлеуетін көтеретін мықты ғалымдардың қажеттігіне тоқталған Сәкен Қаженов Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттердің ғылыми жұмыстарына бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсететіндігін атап өтті.
Білім – бар байлықтың бастауы екендігін өмір дәлелдеп келеді. Қазір білім мен ғылым заманы. Жас ғалымдардың бұл ізденістері өзгелерге үлгі боларлық іс.
Шара соңында қатысушыларға Алғыс хаттар тапсырылды.
Назгүл Рабилова.