Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырмин жергілікті ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, мешіт жанынан жаңадан ашылған Nasihat.kz сайтының тұсаукесерін өткізді.
ХХІ ғасырдың індеті атанып отырған экстремизм, лаңкестік деген кесапат біздің елімізге де жетіп, мемлекеттік қауіпсіздігімізге қатер төндіре бастағанын өткен жылғы жаздағы Ақтөбеде болған оқиға анық көрсетті. Осыған орай, елімізде ислам дінінің атын жамылып, теріс пиғылды әрекеттерін жүргізіп, жастарымызды азғырып, жатқан жат ағымдармен күрес мемлекеттік маңызы бар мәселе болып отыр. Бұл маңызды шаруаға мұсылман мешіттері де белсене атсалысуда. Облыстық Науан хазірет мешіті ұйытқы болып жаңадан ашып отырған Nasihat.kz сайты қатерлі ағымдардан адамдарды, оның ішінде өмірлік тәжірибесі аз жастарды сақтандыруда елеулі қызмет атқарады деген үміт бар. Сайт қазақ және орыс тілдерінде ислам дініне қатысты мақалалар жариялап, ислам әлемінде болып жатқан жаңалықтарды беріп отырады. Мультимедиа бөлімінен ислам діні тақырыбында жазылған электронды оқулықтарды, дыбыс және бейнежазбаларды пайдалануға болады. Сайттың сұрақ-жауап бөлімінен оқырман өздерін толғандыратын дінге қатысты сан түрлі сауалдарға жауап таба алады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.