«Насихат» кеңес беру, оңалту» орталығының басшысы Қанат Алшынбаев өткен жылғы атқарылған жұмыстары жайында есеп берді. Бүгінде елімізде белең ала бастаған діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу бағытындағы насихат жұмыстарымен айналысатын орталық өткен жылы біраз шаруаларының басын қайырған.
Аталмыш орталық үш жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Бұрын мешітте имам болып істеген, дін саласынан жақсы білімі бар Қанат Алшынбаев үш жыл бұрын облыстық дін істері басқармасы жариялаған қызмет көрсету конкурсына қатысып, қатерлі ағымдар қатарына өткендермен жұмыс істеуді мойнына алған еді. Содан бері осы ауыр да жауапты міндетті үзбей атқарып келеді. Өткен жылы да басқарма жариялаған екі лотты ұтып алып, облыс аумағында сәлафи ағымын ұстанатындарды райынан қайтару, жастар мен әйел жамағатты қатерлі ағымдардың қақпанына түсіп қалудан сақтандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарыпты.
– Облысымызда діни ахуал біршама тұрақты. Мұның өзі 2013-2017 жылдарға арналған экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес бағдарламасы шеңберінде атқарылып келе жатқан жұмыстардың нәтижесі, – дей келе, орталық басшысы еліміздің тыныштығын бұзып, мемлекеттік қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардың ықпалына түсуге бейім жастар арасында жүргізілген жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Дін білімін жетік білетін теологтармен келісім-шарт жасау арқылы жастар арасында түрлі кездесулер өткізу дәстүрге айналыпты. Мұндай кездесулер әдетте мешіттерге жиналған жамағатпен өткізіліп, сәлафи, уахаби сияқты жат ағымдардың түсініктерінің қатерлілігі жайында әңгімелер түрінде өрбиді. Бұрын мешіттерде өздерін еркін сезінетін сәлафи ағымының өкілдері жергілікті жерлердегі мешіттер арасында жүргізілген осындай насихат жұмыстарынан кейін ықпалынан айырыла бастаған.
Жат ағымдардың идеяларын біраз адамдар саналарына түзеу мекемелерінде сіңіріп жататындығы құпия емес. Осы орайда, орталық басшысы теологтармен бірге облыс аумағындағы түзеу мекемелеріне де жиі ат басын бұрып тұрады. Жастарды теріс ағымдарға тартудың кең таралған бір жолы – әлеуметтік желілер болса, орталық бірнеше әлеуметтік желіден өз топтарын ашып, белсенді насихат жүргізеді екен. Өткен жылы Гранитный кенті мен Степногорск қаласындағы түзеу мекемелерінде дін тақырыбындағы семинар өткізілген.
Орталық тарапынан жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесі ретінде соңғы үш жылда жыл сайын жиырмаға тарта адамның теріс ағымдардың ықпалынан шығып, ханафи мәзхабына қайтулары десек, шындықтан алыс кетпейміз. Былтыр да сәлафи ағымының ықпалына түскен 22 адам өз райларынан қайтыпты.
Орталық әйел жамағаты арасында да насихат жұмыстарын белсенді жүргізеді. Өткен жылы осы мақсатта Астанадан теолог Ақбөпе Тілегенова тәрізді маман шақыртылып, ол әйел жамағаты арасында әңгімелер өткізген.
Жастар арасында жиірек кездесіп жататын жат ағымдардың қатарына өтушіліктің басты себептерінің бірі – әлеуметтік жағдай екендігі белгілі. Осы орайда, орталық құзырлы органдармен бірлесе отырып, теріс ағымдардың ықпалына түскен жас-тарды жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету жайына да көңіл бөледі екен. Жат ағымдардың ықпалына түскендердің райларынан қайтуларына осындай
әлеуметтік қолдаудың тигізетін ықпалы зор, дейді ол.
Орталық басшысы өз жұмысында кездесіп отырған қиындықтар мен өзекті мәселелер туралы да жасырмай ашық айтып берді. Ең алдымен, жергілікті жерлерде жұмыс жүргізетін білімді теолог мамандар, әсіресе, орыс тілінен уағыз айтатын теологтар тапшы көрінеді. Сондай-ақ, әйел жамағатпен жұмыс істейтін беделді теологтар да қажет. Теріс ағымдардың ықпалына көбіне дінге жақын, намаз оқитын жастардың түсетінін ескерсек, мешіттерде уағыз айтып, дәстүрлі ислам дінін насихаттайтын білікті мамандардың қызмет етуінің мәні зор екендігі түсінікті. Осы орайда, ауыл мешіттерінің молдалары мен имамдарын білім жетілдіру курстарында оқытуды қамтамасыз еткен жөн.
Орталық басшысының есебін тыңдауға келген дін саласына қатысты құзырлы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, ақпарат құралдарының өкілдері оның жұмысына оң бағасын берді.
Қалкөз Жүсіп.
Суретте: Қанат Алшынбаев.