Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел өзінің ерлерін елей білсе... - АРҚА АЖАРЫ

Ел өзінің ерлерін елей білсе…

Саналы ғұмырында сарабдал сұңғылалықпен тау басынан құдық қазғандай қияпат іс тындырып, тал бойындағы бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін ел игілігін еселеуге жұмсаған ерлердің есімін елі есінен шығармағаны абзал. Құрмет пен қошеметке, әйгілеп айтуға әбден лайықты білім дарыған отбасының бірі – Тоқмурзиндер әулеті.

Білім жолында бәсі жоғары берекелі соқпақтың соны легінде, алдыңғы қатарында атақты академик Тайжан Хамитұлы Тоқмурзин тұр. Тайжан Хамитұлы 1930 жылдың 5 қазанында бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Рузаев ауданындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Қарағаш ауылында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітіргеннен кейін
Куйбышев орман шаруашылығында директор болып бес жыл қызмет еткен. Кейін бұл орман шаруашылығы үшке бөлініп, Синегорье, Куйбышев, Самарбай орман шаруашылықтары болып жеке-жеке енші алды. Тайжан Хамитұлы ауыл шаруашылығы институты аспирантурасының күндізгі бөліміне 1958 жылы түсіп, 1961 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Шындығын айтқанда ол қазақ жастары арасынан орман шаруашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған тұңғыш ғалым еді.
Ғылымға бейімі зор, талабы тас жаратын, қарым-қабілеті қаптал жас ғалым небары 32 жасында кафедра меңгерушісі болды. Үнемі ізденіс үстіндегі ғалымның иығына түскен жүк те жеңіл емес-тұғын. Тыңға түрен салу оңай-оспақ іс емес. Жас ғалымның алдында республикадағы орманшы ғалымдардың ұлттық ғылыми мектебін қалыптастырып, соның көшбастаушысы болу бұйырып тұр еді. Табиғи талантқа қажып-талуды білмейтін зор төзімді серік етсе ғана сертіне сай табысқа жетпек.
Жетті де. Жалғыз өзі ғана емес, соңынан ерген ғылымға ынтық көк қылтаңдай бір қауым жас өскінді жетектеп. Табаны күректей 32 жыл бойы үзіліссіз кафедра меңгерушісі болды. Еліміздегі орман шаруашылығы саласының небір майталман мамандарын осы ғылымның жілігін шағып, майын ішкен білікті де білгір ғалымдарын тәрбиелеп шығарды. Сол еңбегіне орай абыройы да асқақ, атағы да мол еді. Жоғары оқу орнындағы әріптестері қарақан басының адамгершілік асыл қасиетін ғана емес, түпсіз терең білімін бағалайтын. Тайжан Хамитұлы орман шаруашылығы дейтін былайғы адамға тылсым сыры жұмбақ тұңғиық дүниені түбегейлі зерттеп, құпиясын ашты. Орман әлемінің кез-келген адамға жан сырын ақтарып сала бермейтін жұмбақ жаратылыс екені де рас. Жұмбақ әлемнің тілін табу кез-келген жұмыр басты пенденің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Табиғатпен тілдесу үшін де сол табиғаттың өзі сыйлаған талант, дарын керек. Ғалым назарына іліккен дүние табиғаттың өз заңдылығы ағаш атаулының ерекшелігі мен тіршілігі, ғұмыры. Міне осындай заңдылықтарды ғылыми айналымға енгізген еңбегі өз алдына бір төбе.
1985 жылы Ресейдің Ленинград қаласындағы ормантехникалық академиясының ұйғарымымен оған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы деген ғылыми дәреже берілді. Ал, 1992 жылы Қазақ Ұлттық Академиясының корреспондент мүшесі, 2002 жылы академигі болып сайланды. Тайжан Хамитұлының жетекшілігімен 12 ғылым кандидаты мен 1 ғылым докторы диссертациясын абыроймен қорғады. Ғалымның 90-нан астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Атап айтқанда, «Қазақстан орман шаруашылығын кешендік негізде құру», «Орман фитосалмағы», «Орман анықтама кітабы», «Орман фитосалмақ таксация оқулығы» атты еңбектері аталмыш саланы дамытуға зор септігін тигізді. «Орман шаруашылығы терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігін» дайындап шығарған тұңғыш ғалым. Негізгі ғылыми еңбектері орман шаруашылығының теориялық мәселелері мен математикалық модельдеріне арналған. Ғалымның бұл еңбектерінде экономикалық аудандастыру принциптеріне және олардың белгілеріне, жүйелері мен оларға тән құрылымдарына айрықша мән берілді. Ормандардың экологиялық сипаттағы жетілу жасы, оны анықтаудың тәсілдемелері, сандық көрсеткіштері толықтай қамтылған. Дүниежүзінде бірінші болып құрастырған орманның фитосалмағын зерттеу тәсілдері, оны бағалауға арналған кестелер және олардың тәсілдемелері ғылыми тұрғыда лайықты бағаланды.  
 Ол тамаша таланты мен тағылымды еңбегін педагогикалық қызметке арнады. Жалғыз оқыту, тылсым сыры мол ғылым айдынында жүздіру ғана емес, сонымен бірге, ғылыми еңбектер жазып, оқулықтар құрастырды.
Ұзақ жылғы орман шаруашылығы әлеміндегі талайды тамсандырған ғылыми еңбектері мен тағылымды педагогикалық қызметіне орай Тайжан Хамитұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының академигі болып сайланған. Республика Үкіметінің шешімімен бірнеше медальдарға, КСРО  және Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Қазақстан Рес-публикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Жануарлар әлемі және орман шаруашылығы комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Міне, осындай қазақ ғылымында өшпес із қалдырған, тұңғыш орман шаруашылығы ғылымының докторы Тайжан Тоқмурзиннің есімін есте қалдыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми академиясының президиум мүшесі Р.Елешев бастаған С. Байзақов, Б.Мұқанов тәрізді академиктер бағалы бастама көтеріп отыр. Ол бастамада
Тайжан Хамитұлының ғылым жолындағы баға жеткізгісіз ерен еңбегі толайым баяндалады. Одан әрі ғұлама ғалымның нағыз ғалымдарға тән тамаша қасиеттері, кісілік келбеті кестеленіп, адамгершілік ажары әңгіменің арқауына айналған. Үш бірдей атағынан ат үркетін академиктердің уәждерінің тобықтай түйіні, қазақ ғылымына кәтепті қара нардай еңбегін сіңіріп, толымды, тамаша үлес қосқан академиктің есімін ел есінде қалдыру бағытында елеулі іс тындыру. Яғни, Көкшетау қаласының көрікті көшелерінің біріне орман шаруашылығының тұңғыш ғылым докторы, академик Тайжан Хамитұлы Тоқмурзиннің есімін беру.
Орынды ұсыныс. Елдігімізді білдірер, ерлігімізді айғақтар иманжүзді шаруа. Енді осы ұсынысқа өз тарапымыздан жалғыз ауыз сөз қосалық. Қазақтың қарапайым бір шаңырағында бірнеше ғалымның өмірге келуі, өсіп-өнуі кездесе қоймайтын оқшау өңді жаратылыс жаңалығы. Тайжан Хамитұлының туған інісі химия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі Қыдырма Тоқмурзин де ұлт ғылымына толымды, толымды ғана емес, ұлан-ғайыр еңбек сіңірген ғалым. Алдымен ғылыми жолын оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана шола кетейік. Қыдырма Хамитұлы органикалық химия және мұнай химиясы саласын зерттеген ірі оқымысты. 1980 жылдардың соңында Қазақ мемлекеттік университетінің органикалық химия кафедрасының меңгерушісі болып сайланған. Одан соң Қазақ ССР ғылым академиясының мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының директоры болып еңбек еткен. 1990 жылы докторлық диссертациясын қорғаған. 1995 жылы республика ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған. 1998 жылдан бастап Қыдырма Хамитұлы Солтүстік Қазақстан облысындағы М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университеттің органикалық химия факультетінің меңгерушісі болып қызмет істеді.
Ғалымның негізгі тақырыбы химия саласы. Ұзақ жылдар бойы зерделей зерттеп, тылсым сырына бойлап, әлденеше ғылыми жаңалықтар ашқан. Әлемдік деңгейдегі ғылыми конференцияларда баяндама жасап, еліміздің химия саласындағы жасампаз жаңалықтарын паш етуге үлесін қосқан. Қазіргі күні Қыдырма Тоқмурзиннің ғылыми жаңалықтары өндіріске енгізіле бастады. Мұнай битумын синтездеу арқылы асфальт-бетон жолдың жамылғы қабатын жетілдіру ғалымның ашқан жаңалықтарының бірі. Академиктің тағы бір еңбегі синтез технологиясын қалдықсыз қалыптастыру болып табылады.
Ғалым 130-дан астам ғылыми еңбектер жазып, қырықтан астам жаңалық ойлап тауып, авторлық куәлігін алған. Ғылыми ортадағы симпозиумдар мен конференцияларға белсене қатысып жүріп, «Қазақстан өнеркәсібі» журналының редакциялық алқа мүшесі болды. Сондай-ақ, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау кеңесінің мүшесі болып қызмет атқарды.
Шағын мақалада ағайынды академиктердің ұзақ жылғы еңбектерін тегіс айтып шығу мүмкін емес, әрине. Бар ғұмырын ғылымға арнаған, ел мерейін үстем етуге бағыттаған таланты толайым, біртуар азаматтардың жарқын бейнесі шуақ нұрын жас ұрпаққа себезгілеп, оларды ұлы істерге бастап, ғылымға ынтық етіп, білім әлеміне беттететін өміршең өнеге болуы үшін аяулы есімдерін туған елінің төсінде халқымен қайта қауыштыру керек. Ол үшін жоғарыда академиктердің айтқанындай, бір көшеге есімдері берілсе жетіп жатыр. Болашақтың көшесінде алшаң басып келе жатқан арда ұрпақ келер көштің сорабындағы жас жеткіншек бұл Тоқмурзиндер дегендер кім болды екен деп назар аудармас па, саналарына салып салмақтамас па?.. Сол кезде ұлт ғылымында ұлағатты шаруа істеген Алаштың ағайынды асыл перзенттерінің нұрлы есімдері оларға да адастырмас айқын бағыт сілтейді ғой. Ол – ғылым жолы.    
Елбасы биылғы Жолдауында да еліміздің еңсесінің көтерілуі әуелі ғылымға, ғылыми соны жаңалықтарға, табысты технологияларға байланысты екендігін қадап айтты. Ендеше сол ғылымға еңбегі сіңген адамдардың еленуге әбден хақысы бар.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар