№4 Аршалы агротехникалық колледжінде Ауғанстанда өзінің интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Сергей Одаричке мемориалдық тақта орнатылды.
Салтанатты шараға жауынгердің ағасы Анатолий қатысып, бауырының қысқа болса да, ерлік пен өнегеге толы өмір жолы туралы айтып берді. Аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы, подполковник Тұрар Бражанов пен оқу орнының директоры Бекжан Көшкімбаевтың сөздерінде де 18-де от кешіп, қыршын кеткен ержүрек жерлесіміздің есімі ел жүрегінен ешбір өшпейтіні баса айтылды.
Шара барысында оқу орнының бастапқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы Ерлан Нақыпбеков жас ұрпаққа әскери патриоттық тәрбие берудегі жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесінің «Мәлік Ғабдуллин» медалі табыс етілді.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 28 жылдығына орай, осындай шара Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында да болып өтті. Оған интернационалист-жауынгерлердің республикалық қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы басшысының бірінші орынбасары Қайрат Елубаев қатысып, жерлес жауынгерлердің елден тысқары жердегі өмір мен өлім арпалысында танытқан асыл қасиеттері туралы тебірене баяндады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.