№ 2 орта мектеп-лицейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай, жалпы білім беретін оқушылардың арасында әскери-спорттық эстафета өтті.
Аталмыш шараға №2 лицейі, Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі, №1 және №3 орта мектептерінің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Спорттық іс-шараның құрметті қонағы болған ауған соғысының ардагері Есен Хасенов қатысушыларға сәттілік тілеп, жасөспірімдерге тіркеу куәлігін табыс етті.
Жарыс сап түзеп жүру және газтұмылдырықты кию, кедергілерден өту, турникке тартылу, АКМ автоматын бөлшектеу және жинақтау, медициналық дайындық, арқан тарту сияқты кезеңдер бойынша өтті. Ел тыныштығын қорғауға лайықты ізбасарлардың өсіп келе жатқанын ойын барысында анық байқадық. Ұл-қыздардың дайындығы жиналған қауымды таңқалдырды. Әсіресе, сап түзеп жүру шеберлігімен, ән өнерімен Бөгенбай батыр атындағы орта мектептің ұл-қыздары жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді. Өздерінің күш-жігері мен талпынысын аңғартқан балалар әділқазылардың оң бағасын алды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Бөгенбай батыр атындағы орта мектептің оқушылары жеңіп алды. Екінші орынды №2 мектеп-лицейінің оқушылары иеленсе, үшінші орын №1 және №3 орта мектептерінің құрама командасына бұйырды.
Барлық жеңімпаздарға түрлі аталым бойынша мадақтама қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА.
Ерейментау ауданы.