«Қоғамдық келісім» ғимаратында EXPO халықаралық көрмесіне орайластырып, «EXPO-2017-ге тарту» тақырыбында жас шеберлердің көрмесі болып өтті. Ең үздік туындылар Астана қаласында өтетін көрмеге қойылмақшы.
Мәдени шараға өңіріміздің 13 ауданының және Көкшетау қаласының 6 мен 18 жас аралығындағы 58 жас шебері қатысып, халықаралық көрмеге байланыстырып салған суреттерін, ұлттық нақыштағы бұйымдары мен сәндік қолданбалы өнер туындыларын ұсынды.
Көрменің ашылу салтанатында дарынды балалармен жұмыс жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы Гүлмира Мәдиева EXPO көрмесі еліміздің әлеуетін танытатын маңызды шара екендігін, балаларға осындай іс-шаралар мен түрлі байқаулар арқылы ұғындыру қажеттігін айтты. Өй-өрісін кеңейтіп, қиялдарына қанат бітіру үшін өнегесі өміршең жақсы істерге ұмтылу парыз.
– Өз басым ұлттық ою-өрнектермен жасалған өнер туындыларын ұнатамын. Сол себепті, осы көрмеден өзім ерекше әсер алдым, – дейді көрмені тамашалауға келген №18 мектептің
9 сынып оқушысы Эльвира Құлжанбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.