Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұмысқа білікті жастарды қабылдайды - АРҚА АЖАРЫ

Жұмысқа білікті жастарды қабылдайды

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың төрағалығымен өткен кездесуде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кадр жұмысы жөніндегі департаментінің басшысы Александр Огай аталмыш білім шаңырағының және А.Мырзахметов атындағы университеттің студенттеріне прокуратура органдарына жұмысқа орналасудың тәртібі жөнінде айтып берді.

Александр Огайдың айтуынша, прокуратура органдарында жұмыс істеуге ниет білдіргендер жан-жақты әрі мұқият тексеруден өткізіледі. Бұрын мамандарды таңдау жүйесінде олқылықтардың орын алғаны рас. Таңдау жұмысы асығыс жүргізілгендіктен, көбі тиісті құжаттарды жинап үлгермейтін.Үміткер заңды білетіні жөнінде тест тапсырып, медициналық комиссия мен арнайы тексерістен ғана өтетін.
–Біз үміткерді тұлға ретінде зерттемедік. Оның қалай өскенін, не оқығанын, өмірлік ұстанымын білмедік. Осының бәрі көлеңкеде қалып, таңдау жұмысына кері әсерін тигізді. Ел ішінде прокуратураға таныссыз орналасу мүмкін емес деген сөздің болғаны да рас. Өткен жылдың маусымында Интернет-сауалнама жүргіздік. Оған қатысқан жеті мың адамның 90 пайызы прокуратураға таныссыз орналасуға болмайтынын айтыпты. Біздің алғашқы міндетіміз осы пікірдің теріс екендігін дәлелдеу болды. Осы орайда, прокуратураға лайықты әрі білікті мамандар таңдау жұмысының  арнайы жүйесін енгіздік. Алғашында жұмысқа қабылданатындардың  өнегелі портреті жасалды. Оған үміткердің білімі мен тәжірибесі кірді. Біліктілігін тәжірибе жүзінде қолдана білетін заңгер таңдау кезінде жан-жақты білімімен өз пікірін қорғап, ойын сауатты түрде қағазға түсіруі керек,–деді департамент басшысы өз сөзінде.
Таңдаудың жаңа жүйесіне іріктеу және конкурс жұмысы енгізілді. Конкурс кезінде үміткер онкүндік тәжірибеден өтіп, төрт тапсырма орындайды. Алғашында ол өмірлік тәжірибесін, кейін шешендігін көрсету үшін лаңкестік, тастанды балалар тәрізді тақырыптарда эссе жазады. Үшіншіден заң саласында түрлі тақырыптарда сынақ тапсырады. Соңында үміткер психологиялық зерттеуден өтеді. Мұнда оның нәтижелі жұмыс істей алатыны анықталады. Барлық жұмыс арнайы бөлмелерде онлайн режимінде өткізіледі. Бейнекамера арқылы бақыланады. Сынақ жұмысы Бас прокуратура компьютерінің арнайы жүйесінде сақталады. Бұған ешкім түзету енгізе алмайды. Жұмысты компьютердің арнайы бағдарламалары реттейді. Аты-жөні жазылмаған бұл жұмыстарды тәуелсіз сарапшылар бағалайды. Жарты жылдың ішінде осы жүйемен екі конкурс өткізілді. Конкурсқа еліміздегі тоқсан төрт жоғары оқу орнының қырық бірінің студенттері белсене қатысты. 1840 үміткердің барлық сынақтан тек қана 128-і өткен. Жеңімпаздардың ішінде бірде-бір қызыл дипломның иесі болмағаны ойлантады. Олар бірінші тестің өзін тапсыра алмаған. Бұл жай жоғары оқу орындарында білім берудің төмен екендігін көрсетеді. Сонда оқуға құлқы жоқ студенттің ата-анасы миллиондаған теңгені не үшін төлеген деген орынды сауал туындайды.
–Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітіретін 45 түлектің бесеуі конкурс-тан мүдірмей өтті. Сондай-ақ, 170 үміткер тапсырмаларды жақсы орындағанымен психологтан өте алмады. Прокуратурада жұмыс істеу үшін таныс іздеудің еш қажеті жоқ. Әркім өз біліміне сену керек. Ақпан айында тағы бір конкурс өткізіледі. Ақмола облысына төрт вакансия бөлініп отыр,– деді Александр Огай. Кездесу соңында ол студенттердің сауалдарына тұшымды жауап берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар