Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №1 облыстық мамандандырылған «Қазақ-түрік лицейі» мектеп-интернатында облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы болып өтті. Бірінші орынды әртүрлі аталымдар бойынша иеленген бес оқушы Павлодар қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алды.
Білім жарысына облыс аумағындағы аудан мен қалалардан 119 оқушы қатысты. «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Жас ғалымдар», «Жазушылар» «Әнші-бұлбұлдар» деген бес бағыт бойынша оқушылар өздерінің қарым-қабілеті мен білімдерін ортаға салды.
«Тілші-әдебиетшілер» бағытында балалар қазақ тілі мен әдебиеттен тест тапсырмаларын орындады. Бұл бағыт бойынша дарынды балаларға арналған №1 облыстық мамандандырылған «Қазақ-түрік лицейі» мектеп-интернатының 1сынып оқушысы Кенжебек Сапарбек жеңіс тұғырынан көрінді. «Жас ғалымдар» бағытында оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын ортаға салды. Аталған бағыттың жеңімпазы Астана қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Арна Ризабек болды. Ал, «Жазушылар» аталымы бойынша оқушылардың әдеби стильді қаншалықты меңгергені, олардың шығарма жазудағы шеберлігі тексерілді. Жеңіс тұғырына Зарина Қайырбекова есімді Бурабай ауданына қарасты Қызылағаш ауылының Абылайхан атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы көтерілді. «Сөз шеберлері» бағытында мектеп оқушыларының өлеңді мәнерлеп оқуы қандай деңгейде екені сараланды. Сыннан сүрінбей өткен №3 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Нұржан Төлеген жеңімпаз атанды. «Әнші – бұлбұлдар» бағытына қатысқан оқушылардың вокалдық деңгейі сынға түсті. Бұл топта да «Қазақ-түрік лицейі» мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Асхат Байтілеудің бағы жанып, жүлдегер атанды. Олимпиаданың жүлдегерлері Павлодар қаласында өтетін республикалық
олимпиадаға жолдама алды.
Назгул Рабилова.