Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ күресі – ұлт мәртебесі - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ күресі – ұлт мәртебесі

Азуын айға білеген Алаш жұртының ілкідегі бар ғұмыры күреспен өткен. Бозаң жердің боз топырағын аспанға атып, бір-бірінің белін үзіп, белдесу ғана емес, тіршіліктің күресі. Сан ғасыр бойы тұс-тұсынан анталаған басқыншы жаумен, жеріне көзін алартқан аламанмен күрескен. Ерлікті мұрат тұтқан еңсегей бойлы өр ұлттың жанына серік еткен, ғасырлар бойы өзімен бірге жасасқан, алмастай өңделіп, жарқырай жайнаған асыл өнерлерінің бірі – қазақша күрес.

 

Таяуда біздің тілшіміз Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораевпен тілдесіп, сұхбаттасқан еді.
– Арман Төлегенұлы, таяуда биылғы жылы қазақ күресі Ашхабадта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді деген қуанышты хабар естідік. Алдымен осы жөнінде сөз сабақтасаңыз.
– Шынын айтқанда қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу күрес десе алпыс екі тамырыңдағы қан ойнайтын жалпақ жұрттың жасампаз арманы еді. Біз осы бағытта еңбек етіп келеміз. Діттеген мақсатымыз күрес өнерін дамыту арқылы ұлт тамырындағы бұғып қалған қажыр-қайратты қайтадан лаулата жандыру. Ал, жаңағы хабарды жарты әлемге жария қылған біз емес, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы. Дегенмен, осы арада көңілге қонбайтын бірер дүниенің бар екендігін айта кетсек те болар.
– Сонда қалай, екі ұйымның мақсаты бір емес пе? Бәріңіз бір терінің пұшпағын илеп жүрген жоқсыздар ма?
– Солай болғанымен, бір-біріне қабыспайтын көзқарастардың болуы әбден мүмкін ғой. Бірақ, бұл ортақ істі өрістетуге кесірін тигізетін әрекет. Ен далаға сыймай жүрген қазақ күрестің алақандай кілеміне де сыймайды. Қазіргі уақытта Азия ойындарының бағдарламасында қазақ күресінің өз алдына жеке ұйым болып кіргендігі туралы ресми ақпарат жоқ. Оның мәнісін мынандай, бағдарламадағы 21 спорт түрінің біреуі «белбеу күресі». Айналып келгенде күрестің бұл түрінің өзі Бүкіләлемдік күрес одағындағы Дәстүрлі күрес түрлері комитетінің құрамына енеді. Өз ұлтының өнерінің мерейін үстем етуді көксеген өзбек, қырғыз тәрізді туысқан халықтардың ұлттық күресі бұл құрамға кіруден бас тартып отыр.  Ондағы басты себеп, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан, ұлтымыздың қылаудай кіршік жұқтырмай, кешегі кеңес заманының қыспағынан да аман-есен алып өткен асыл өнерін ұлттық сипаттан айырып, белбеу күресіне кіріптар етпеу. Асылында түп тамыры тереңде жатқан өзіміздің толыққанды өнеріміз кірменің күйін кешпей, өзінше өміршең сипатпен дамуы керек емес пе.
– Соңғы уақытта қазақтың ұлттық күресімен айналысатын балуандардың саны күрт көбейгені белгілі. Қазір қанша адам айналысады?
– Негізінде біз мұндай есеп жүргізіп көрген жоқпыз. Бұл шаруа Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің құзырындағы іс. Ал, жалпы осы комитет електен өткізген мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2010 жылы ұлттық күрес өнерімен айналысатындардың саны отыз мыңға жетсе керек. Одан соң бірнеше дүркін дүбірлі жарыстар өткізілді, насихат жұмысы өрістеді. Күні кешеге дейін айы оңынан тумаған асыл өнердің бағы шындап жана бастады. Кеңес заманында ұлтымыздың тілі мен рухы ғана жаншылған жоқ, күресі де қағажу қалды.  Екеуіміз де бала кезімізден көріп өстік қой. Біздің өңірде қазақ күресі тұрмақ, жалпы, ешбір ережеге бағына бермейтін балалардың күресі жаз айларында әлдебір тойларда ғана өткізілетін. Онда да өте сирек. Қалған уақытта әншейін мағынасыз алысып-жұлысу. Мен өзім Көкшетау қаласында мектепте оқып жүргенімде күреспен айналыстым. Күреске деген құштарлық сол кезде оянды. Иә, қазақ күресі өркен жая бастаған кезеңнен сараптайтын болсақ, іс алға жылжып келеді. 2016 жылғы мәліметтер бойынша республика тұрғындарының
104 мыңы күреспен айналысады екен. Аз емес қой. Атамыз қазақтың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дейтін ұғымына салсақ, осынша талапкердің арасынан небір таланттардың шығатыны күмән туғызбайды.
– Үстіміздегі жылы кезекті турнирді өткізу кезінде қандай жаңалықтардың болуы мүмкін?
– Әуел баста бұл жоба жарқ етіп жалпақ жұртқа танылған кездің өзінде-ақ көпшіліктің көңілін баураған, ұлтын сүйген ұландардың көкейінде жүрген соны шаруа болды деп айта аламын. Рас жыл сайын мазмұнын байытып, мәнін арттырып, барынша қызғылықты етіп ұйымдастыруымыз керек. Бар мүмкіндігімізді осы бағытта жұмылдырып жатырмыз. Айтпақшы, бұл дүбірлі дода биыл осымен жетінші рет өткізілгелі отыр. Жетінші сайыс Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойларына арналады. Ендігі бір арман олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Бұл дүбірлі дүниенің ұлы дүрмегі болғандықтан оңай-оспақ шаруа емес. Алдымен қазақ күресін шет елде насихаттау керек. Ол үшін әрине, жаттықтырушылардың өздерін дайындау, қаржылай қолдау жағын молайтқан жөн.
– Насихаттың түрі көп қой.
– Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінде біз тар ауқымда шектеліп қалмай «Қазақстан Барысы» бренд белгісімен сүт өнімдерін, спорттық киімдер, ұлттық нақыштағы белдік тәрізді бұйымдар шығарудамыз. Алдағы уақытта осындай игілікті іспен айналысамын дейтін іскер жандар болса жөн болар еді. Орайы келгенде айта кету керек, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің шешімімен қазақ күресі осы бір мәртебелі ұйымның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Аз табыс емес қой. Ендігі арада тағы бір айта кететін өзекті мәселе қазақ күресімен қазақтың өзі шындап айналысу керек. Өзіңнің туған өңіріңде қазақ күресінің кенжелеу дамып жатқанына өкпелейтінім де бар. Әсіресе, қанша жылдан бері бір тұлғасы Толағайдай түйе балуанның шықпауы нені көрсетеді. Біздің топырақтан жауырыны жерге тимеген небір күш аталары өмірге келді емес пе. Ендеше, тұлпар аунаған жерде түктің қалатыны рас болса, өлкенің мәртебесін көтеретін бір өреннің шығуы керек қой.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
 
Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суретте: Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар