Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірлердегі Жолдау өркендері - АРҚА АЖАРЫ

Өңірлердегі Жолдау өркендері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының негізгі қағида-ларын халыққа насихаттау және түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топтың құрамында Ақмола облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын тиісінше Аршалы, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласының тұрғындарымен маңызды тарихи құжаттың басым бағыттары туралы келелі әңгіме өрбітті.   

Аршалы. Аудандық аурухана мен жұмыспен қамту орталығында өткен кездесулерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Жолдауда айтылған басты міндеттерге тоқтала келе, биылғы жылдан бастап,  «Өрлеу» жобасы аясында жұмысқа қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру шаралары барлық аймақтар бойынша жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі енгізіліп, осының арқасында министрлік үйдегі адамдардың жәрдемақысына қарап отырған азаматтарды жұмысқа шығару жоспарланып отырғаны да сөз болды.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, осыдан үш жыл бұрын аталған жүйенің негізінде Ақмола, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында «Өрлеу» пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Сөйтіп, 2015 жылдың қорытындысы бойынша оған 20,2 мың адам қатысты. Былтырғы жылда шартты көмекке жүгінгендердің саны 38,8 мыңға жетті. Соның арқасында еңбекке жарамды азаматтардың 90,5 пайызы жұмысқа тартылды. Ал, әлеуметтік көмекке қарап отырғандардың саны 24,7 пайызға азайған.
– Ағымдағы жылы «Өрлеу» жобасы барлық аудандар мен қалаларда жалғасады. Оған ел бюджетінде 7,1 миллиард теңге қарастырылған. Биыл аталған жобаға 150 мың адамды тарту жоспарланған, – деді Светлана Жақыпова.
Бұдан кейін вице-министр аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесіп, жағдайларын сұрап білді. Ұжым алдында сөйлеген сөзінде Жолдау мен Конституциялық реформалардың басымдықтарына тоқталып, бұл құжаттардың қай-қайсысы болмасын экономикалық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан өзара үйлестірілген, еліміздің демократиялық даму жолын айқындайтын бағдар екендігін атап көрсетті.
– Ұлт Көшбасшысының реформалардың түпкі мәні «билік тармақтары өкілеттіктерін бөлу мен саяси жүйенің демократизациялануында». Бұл өз кезегінде Қазақстанның одан әрі демократиялық дамуына себепші болмақ, – деді вице-министр.
Кездесу барысында аталған ұжым тарапынан әлеуметтік мәселелер жөнінде түйткілді сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Целиноград. Қосшы селолық округіндегі №2 орта мектепте өткен жиында сөз сөйлеген Білім және ғылым вице-министрі  Бибігүл Асылова Елбасының Жолдауында айтылған бес басым бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдан бастап білім саласына енгізілген бірқатар өзгерістерге де тоқталып өтті.
– Маңызды құжат әлеуметтік саясатқа, халықтың әл-ауқатын, адами капиталдың сапасын арттыруға негізделгені белгілі. Сол себепті де, мектепке дейінгі білім беру және оқытумен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру, мамандарды қайта даярлау сияқты маңызды мәселелерге басты назар аударып отырмыз.  Кезең-кезеңмен үш тілде білім беруге көшу, тегін кәсіптік-техникалық білім жүйесі жобасын іске асыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет пен Парламенттің алдына қойған бас-ты тапсырмалары болып табылады. Елжанды ұрпақ тәрбиелеп қана қоймай оқушыларды жан-жақты дамыған, заманауи технология-ларды меңгерген білімді азамат ретінде қалыптастыру басты мақсатымыз болуы керек. Себебі, ел болашағы білімді ұрпақ қолында,–
деді ол өз  сөзінде.
Сонымен қатар, кездесу барысында  ұжым қызметкерлері көкейде жүрген көптеген көкейтесті мәселелерін ортаға салып, сан сауалдарға тұшымды жауап ала алды.
Бұдан кейін вице-министр Бибігүл Асылованы  білім мекемесінің тыныс-тіршілігімен облыстық білім басқармасының басшысы
Балым Ізбасарова жақынырақ таныс-тырып шықты. Осындай кездесулер
аудан орталығындағы «Interget Solution», «Sky Express Elevator Kz», сонымен қатар, «KAZYNA SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде  өтіп, Бибігүл Амангелдіқызы ұжым қызметкерлеріне Жолдауда айтылған бірқатар мәселелерді ортаға салып, нақты мысалдарға сүйене отырып, негізгі қағидаларға тоқталды.
СТЕПНОГОРСК.  Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын  ең алдымен, «Қазақстанның жылыжай технология-
сы» серіктестігінде болып, еңбек ұжымымен кездесті, одан соң вице-министр өткен жылдың соңында пайдалануға берілген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған «Сказка» балабақшасына ат басын тіреді. Бұдан кейін ол қала әкімдігінде құқық қорғау органдары басшыларымен, үкіметтік емес ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, Елбасы Жолдауына қатысты келелі әңгімені одан әрі жалғастырды.  
Елбасы Жолдауына байланысты Үкімет пен ел алдында тұрған міндеттер, уақыт талабына сай еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына ықпал ететін жаңа технологияларды игеру мәселелері жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Бүгінде Үкімет Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бағытында бірқатар бағдарламаларды дайындауда. Ол бағдарламалардың бәрі де еліміздің әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, мемлекеттік қауіпсіздігімізді нығайтуға игі ықпалын тигізетін болады.
Кездесу барысында министрдің орынбасары өнеркәсібі дамыған Степногорск қаласынан алған әсерлері туралы да айтты. Қазіргі заманғы жаңа технологиямен жұмыс істейтін жылыжай табиғаты қатал солтүстік өңір тұрғындарын қысы-жазы көкөніспен қамтамасыз етуге елеулі үлесін қосуда. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы да бюджет қаржысы жетпей жатқан салаларды дамытуға тың серпін беруге болатыны тәжірибе жүзінде көрініп отыр. Вице-министр осы орайда, жеке кәсіпкердің қаржысына салынған балабақшаның мектепке дейінгі мекемелерге деген тапшылықты жоюға үлкен ықпалы болатынын атап өтті. Вице-министр сондай-ақ, жиналғандар алдында елімізде теріс діни ағымдарға тосқауыл қою тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да ой бөлісті.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова, қалалық мәслихаттың депутаты Дархан Балпанов Елбасы Жолдауына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев Астанадан арнайы келіп, жұртшылықпен кездесіп, Елбасы Жолдауына қатысты келелі әңгіме өткізген Берік Арынға алғысын білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова аршалылық тұрғындар арасында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар