Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Серіге серік болған Қойкүзет балуан - АРҚА АЖАРЫ

Серіге серік болған Қойкүзет балуан

Ақан сері атамызға серік болған жақсы мен жайсаңдар жайында ел аузындағы аңыз-әңгімелерді, қилы деректерді жинастырып жүрсек артық болмас еді. Өйткені, атамыз қазақ айтқандай «жігітті жолдасына қарап таны» деген аталы сөздің шындығы осыдан білінбей ме. Әрине, сері атамыз тегін адамдармен жолдас болмаған ғой. Оның үзеңгілес серіктерінің қай-қайсысы болмасын он саусағынан өнері тамған шебер, әнші, күйші, жамбасы жерге тимеген балуан болған.

 

Бүгінгі тілге тиек еткелі отырғанымыз, Ақан серінің серіктерінің бірі Көбей Қойкүзет балуан. Қойкүзет балуан жайында көрнекті жазушы Сәкен сері Жүнісовтің «Ақан сері» романында айтылады. Балуан жайындағы ауызекі әңгімелер ел арасында тіптен көп. Бұрын еш жерде жарияланбаған кейбір деректерді оқырмандар назарына ұсына отырып, серінің серіктерінің есімдері де ұмыт болмаса екен деген бірауыз тілегімді білдіргім келеді.
Көктем уақыты болса керек. Төңіректің барлығы көкорай жасыл шалғын. Бірде бұла күші бойына сыймай жүрген балаң жігіт Қойкүзет бір дөненді ұстап мінгісі келеді. Әкесі оған аса ықылас бере қоймапты. Сонда Қойкүзет жылқы ішіндегі дөненді құйрығынан ұстап тоқтатады. Жүген-құрық тимеген шу асау аласұрып, олай да қарғиды, былай да қарғиды. Бірақ, Қойкүзеттің тегеурінді шеңгелінен құтыла алмаса керек. Мұны көрген көпшілік жас алыптың ерен күшіне аса тәнті болып бастарын шайқасады. Сол арада әкесі баласының бойына біткен күшке риза болып, бір жылқыны сойып жіберіп көпшілікке құрмалдық берсе керек.
Кейінірек Қойкүзеттің әкесі ұлына өзі қатарлас бір адамға құда түсіп, әйел әпермек болады. Ол кезде қалыңдығына ұрын бару салты бар. Қойкүзет те дәл осындай сапарға шықса керек. Қайын жұртына жете бере жолшыбай бір қосқа кездеседі, кіріп сәлем береді. Қоста отырған жеті-сегіз жігіт жалғыз жолаушыны әжуалап, сусынға айран ұсынады. Жігіттердің бұл әжуасына ашуланған Қойкүзет сол жерде барлығын да байлап тастайды. Сабадағы қош иісі аңқыған сары қымызды жалғыз өзі ішеді де жүре береді. Кейін жаңағы жігіттер аттарына мініп, қуып жалғыз жолаушыдан есе қайтармақшы болады. Сонда жаңағы ауылдың бір ақсақалы тентек болса да есті тентек екен деп өз ауылының жігіттерін тиып тастаса керек.
Келесі жылы Қойкүзет қайын жұртына тағы да аттанады. Жолаушылап келе жатқан оған құтырған бура тап болады. Қолында қаруы жоқ балуан қашуға мәжбүр. Бірақ, жарап жүрген бурадан құтылу қайда? Әне-міне дегенше жетіп те қалады. Сол сәтте басқа амалы болмағандықтан Қойкүзет бураға қарсы шауып, он екі таспа бұзау тіс қамшысымен қақ маңдайдан салса керек. Бура шөкелеп жығылған қалпы өліп кетіпті. Кейін бұл үлкен дауға айналып, қарсы жақ бураның құнын төлеуді, жазықсыз жануарды ұрып өлтіргені үшін ат-тон айыбын тартуды талап етеді. Және олар Қойкүзеттің бураны қамшымен өлтіргеніне сеніңкіремейді. Сонда Қойкүзет егер сенбесеңдер тағы бір бураларыңды әкеліңдер, менің айтқанымдай болмаса екеуінің де құнын төлейін депті. Даудың аты дау. Ортаға дәу бесті өгіз әкелінеді. Қойкүзет балуан аттың үстінде тұрып қамшысымен ұрғанда өгіздің он екі қабырғасын сөгіп жіберген екен.
Сырымбетте Шыңғыс сұлтан үлкен ас береді. Асты Жазы би басқарады. Ас соңында күрес ұйымдастырылып, ортаға білегін сыбанған балуандар шығады. Күрес басталады. Атығай Қарауылдың, арыдағы Керей, Уақтың сен тұр мен атайын жігіттері шымдауыт жерді жас баланың еңбегінде солқылдатып белдеседі. Жеңгендердің мерейі үстем, жеңілгендер топтан шығып жатыр. Ең соңында жауырыны жер иіскемеген жампоздар ғана қалады.
Соңғы түйе балуан аса ірі денелі, алапат қарулы, жаратқан ие айрықша сомдаған ерекше бітімді күш иесі болса керек. Ең соңында түйенің жарты етіндей, алапат ірі денелі түйе балуанға жүрегі дауалап ешкім шыға қоймаса керек. Сол сәтте қысылып қалған Шыңғыс төре ана баланы алып кел деп Жазы биді Қойкүзетке жібереді. Түйе балуан атанудан дәмесі бар Қойкүзеттің, асқа жиналған тәмам халықтың зәресін ұшырған бір жағдай әлгі балуанның ортаға шыққан көрінісі. Бұқа мойынға талыстан тігілген қарғыбау іспетті мойынжіп тағылған. Мойынжіпті жуан-жуан шынжырлармен бекіткен. Жуан шынжырды екі жақтан төрт бал-
уан жігіт басып ұстап, тұла бойындағы буырқанған күшке ие бола алмай келе жатқан түйе балуанды ортаға әрең алып шығады. Ақырып, жуан мойнын бұлғап қалғанда шынжыр ұстаған төрт жігіт жел үрлеген қамыстай жығыла сүрініп, теңселе толқып кетеді екен. Осындай балуанға бел ұстаспақ түгіл, батылы жетіп қарсы шығу үшін де жүрек керек. Өз бойындағы күш-қуатқа сенген Қойкүзет балуан еш қаймықпапты деседі тілегін тілеп отырған қалың ел. Қаймыққаны былай тұрсын, мойнындағы қарғыбау іспетті мойынжіп ағытылған кезде өз бойына өзі ие бола алмай, көзінің алды тұманданып, апайтөсімен жаншып тастамақ болып ұмтылған түйе бал-
уанды бірден жамбасқа түсірген. Шалт қимыл діттеген жеріне жетпесе керек, түйенің жарты етіндей ауыр денелі түйе балуан қисая жығылған. Жауырыны жерге тиді депті біреулер. Жоқ тиген жоқ, қайта күреседі депті екіншілер. Дәл осы уақытта Шыңғыс төре кесімді сөзін айтса керек:
–Ел күмәнданып тұрса жартылай жеңістің де абыройы жарты. Балуандар қайта белдессін.  
Екі балуан қайта ұстаса кеткен. Сүт пісірімдей уақыт ырғасып жүрді дейді. Тер моншақтап аққан. Екеуі де алқынған. Әп еткен бетте тұла бойына сыймай тұрған күш-қуат сәл кеміген. Енді бір уақытта Қойкүзет түйе балуанды іштен шалыпты. Қайтып босатпаған. Шалқалата беріп, тастап кеп жібергенде, жер солқ ете түсіпті. Бұл жолы қапысыз жеңіс. Қайтып дауласатын ешкім жоқ. Міне, Қойкүзет балуанның алқалы топтың алдында алғашқы жеңісі.   
Осы жолы өзгеден күшін асырып түйе балуан атанған Қойкүзетті Шыңғыс төре халықтың алдына алып шығып, батасын берсе керек.       
Серіге серік болған Қойкүзет балуан туралы бірер дерек осындай.

Қайрат ЖАХИН,
балуанның шөбересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар