Азаматтық қорғаныс саласының құрылғанына 85 жыл толуына орай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті 2017 жылды Азаматтық қорғаныс жылы деп жариялады.
Азаматтық қорғаныс – азаматтар мен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан, бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар комитеті азаматтық қорғаныс дайындығын арттырудың жаңа әрі мақсатты түрін енгізіп, бұған азаматтардың белсенді қатысуына мүдделілік танытуда. 1972 жылдың
1 наурызында Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы құрылды. Сөйтіп, 1 наурыз мереке күні деп белгіленді. Ұйым өз жұмысын ұлттық азаматтық қорғаныс қызметін нығайту, азаматтық қорғаныс жөнінде насихаттау және білімді тарату, тәжірибе алмасу, тұрғындарды дайындау, азаматтық қорғаныс саласында халықаралық әріптестікті дамыту тәрізді үш негізгі бағыт бойынша жүргізеді. Қазақстан Рес-публикасы 1996 жылдан бастап бұл ұйымның тең құқылы мүшесі болып, оның жұмысының негізгі бағыттарын жүзеге асыруға белсенді қатысады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығы биылғы жылдың 10 ақпанында Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күнін атап өту жөнінде шаралар жоспарын бекітті. Оның аясында өңірде биылғы жылдың 20 ақпанынан 17 наурызға дейін азаматтық қорғаныс айлығы жарияланып, азаматтық қорғаныс жөнінде білімді насихаттауға және қазіргі заманғы қоғамның назарын азаматтық қорғау мен қорғаныс қызметтері атқаратын маңызды міндеттерге тартуға бағытталған шаралар кешені жоспарланды. Басты назар өскелең ұрпаққа аударылады. Оқу орындарында ашық және интерактивтік сабақтар, Көкшетау техникалық институтының базасында, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару отряды мен өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде «Көпшіліктің назарына!» дабылы бойынша нысанды жаттығу және ашық есік күні өткізіледі. Қазіргі уақытта күн сайын әртүрлі табиғи және техногендік оқиға мен төтенше жағдай туындау қаупі болып тұрады. Сондықтан, мұндай шараларды өткізу өте маңызды. Бұл тұрғындарды қиын жағдайда тығырықтан шығу ережесіне үйретуге, мамандардың өмір қауіпсіздігі саласындағы білімі мен біліктілігін тексеруге, күш және қаржы қолдану жоспары мен оның тәжірибеде тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзекті мәселелерді анықтауға, атқарушы билік органдары өкілдерімен бірге бұл бағытты дамыту келешегін талқылауға септігін тигізеді.
Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күнін мерекелеу жөніндегі барлық шаралар төтенше жағдай оқиғасы болған кездегі іс-қимыл бойынша тұрғындардың ақпарат алуын арттыруға бағытталған.
Талғат ЖАМБАУОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті
азаматтық қорғаныс басқармасының
аға офицері, подполковник.