Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Арман жоқ Алаш үшін болсам қаза...» - АРҚА АЖАРЫ

«Арман жоқ Алаш үшін болсам қаза…»

қазақ ақыны, этнограф, тұңғыш журналист, жерлесіміз Кәшімов Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы жайлы ойлар

 

Арманын алдан тосып, малын бағып, жай жатқан қазақ деген момын ел сойылмен қорғаған сайын даласын ешкімге бермегенімен, алдымен сыналап еніп, артынан сынаптай сырғып төрімізге дейін топырлап кеткен жат жұртқа – қара шекпенділерге қисайса жастық, жатса жаялық болып шыға келгенін ес жиып, бердің біліп жатқанымызды ешкім өтірікке шығара алмайды. Патшалы Ресейдің отаршылдық саясаты бүкіл байтақ даланы дендеп, шовинистік ұрық ұлттық топырағымызға әбден кеулеп кеткен-ді. Өз елімізде, өз жерімізде өзгенің өктемдігімен, басқанын басқаруымен, басқа ұлттың ұранымен ұйықтап, түсімізде де соны көріп төсектен тұрып келген жоқпыз ба?!.

Өзімізді-өзіміз танымадық. Діннен безіп, тілімізден айырылып қала жаздадық. Оң-солымызды тануға мұрша бермеді солақай саясат, тоталитарлық жүйе. Империялық сол өктемдіктің, отарлық саясаттың ұлт үшін түптің түбінде көп зияны бар екенін қазан төңкерісіне дейін-ақ қазақ зиялылары жете сезініп, жандары ауырған. Небір асыл азаматтар, ұлтжанды ұландар, қазақ деп соққан жүрегі бар арыстар қолдарынан келгенше күресіп, саяси, экономикалық, идеологиялық майдан алаңдарында айқасып бақты.
Енді қараңыз, сол кезде зиялылар идеясы, ой-армандары адаспай, алдымыздан шығып отыр. Олардың көксегені де тәуелсіздік болатын. Тәуелсіздік туы талай жүздеген жылдардан соң биыл ғана ел аспанының үстінде желбірей бастады. Осы жолда тар жол, тайғақ кешулердің неше атасын көрген, түрмеге қамалып, айдауда болған, мезгілсіз мерт, ажалынан бұрып шәйіт боп кеткен қаншама қазақ зиялыларының мойымаған, мұқалмаған рухына бас иіп, аруақтарының алдында неге тағзым етпеске. Естіп біліп, ойша елестеткеннің өзінде бүтін халық, тұтас ұлт алдында парызын өтеп кеткен сол бір аға ұрпаққа айрықша алғыс сезімде қаласың. Заман ағымына орай тарихымыздың бұрын бәрімізге беймәлім талай-талай тылсым сырлары ашылды. Бірінен соң бірі бес арысымыз – Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек қауышты жұртымен, Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорданың көсемдерін, ұлт үшін ұрандап шыққан қазақтың қаймаққа шығарларын неге ұмытамыз. Ұлттық мемлекеттік тұтастықты қалпына келтіру үшін күрес барысында өмірге келген Алашорда – Халық кеңесінің өкіметі түсінбеушіліктің салдарынан тарих сахнасынан сырғытылған еді.
Қазір ойлап көріңіз, Алаш қозғалысына біріккен қазақ интеллигенциясы 17-ші жылы ұлттық мемлекет құру ісін қолға алғанда қателесті ме, әлде дұрыс жолда тұрды ма? Сол кездегі қазақ зиялылары мұрат санаған ұлттық мүдделер қазан төңкерісінен кейін, Кеңес өкіметі кезінде шешімін тапты ма? Бұл сауалдарға әділ жауапты тарихтың өзі беріп отыр. Құдайға шүкір, бүгінгі күннің ұрандарына үндесіп жатқан қазақ зиялыларының біразын енді біле бастағандаймыз. Солардың бірі – өзіміздің жерлесіміз Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов.
Әрине, Мұхаңның есімін біліп, еңбегін бағалағандар ел арасында көп болған. Тек Кеңес өкіметіне қарсы  болған. Алашордаға қызмет еткен, болмаса діндар, бай-құлақтың баласы болған дейтін желеудің жетегінде жүрдік. 70 жыл бойы жеті атамызды атауға аузымыз барды ма. Бурабайдың ық жағындағы қалың Атығай арасынан шыққан (осы күнгі «Мәдениет» совхозының Жаңаталап ауылы) Мұхаметсәлім Әбдірахманұлының алаш үшін еткен баға жетпес қызметін бағалауға да солақай сол себептер салқынын тигізген еді.
«Өзіңді-өзің сыйласаң жат бойынан түңілер» деген ғой. Біз де өз жерлесіміздің сол кездегі есіл еңбегін бағалап, бүгінгі ұрпақ кәдесіне жаратып, мақтаныш тұтсақ қандай  ғанибет.
Мұхаметсәлім Кәшімов туралы бұдан бұрынырақ та еміс-еміс естіп қалғаным бар-ды. Бірақ, толық мағлұмат ала алмағандықтан ұмытып бара жатқандай едім. Бірде редакцияға орта жасқа келіп қалған бойшаң, етжеңді жігіт келіп, атам туралы жазсаңдар болмас па екен деген бұйымтай айтты. Ол осы өзіміздің Көкшетау қаласында тұратын Мұсауат Әбдірахманов деген азамат еді. Мұсекең біз әңгіме еткелі отырған Көкшетау арыстарының бірі – Мұхаметсәлімнің Монтай деген баласынан туған екен.
Мұсауат атасы жайлы біраз айғақтардың бар екенін айтып, қазан төңкерісіне дейін және одан кейін қазақ зиялыларының арасында өз атасының алатын орнын айтып, біраз сыр тарқатты. Мен қалың ой құшағына ендім. Тарихи деректер көп жәйттерге жетелейді. Небір ғажап адамдар, халқымыз үшін ұлтымыз үшін, жанын пида еткен азаматтар өткен екен-ау өмірден дейсің іштей. Енді Мұхаметсәлім Кәшімов жөнінде аз болса да жазып, жерлестеріме ол туралы мағлұмат беруді жөн көрдім
Алдымен тағы да Алашты аузыма аламын. Алаш қозғалысы, Алашорда біздің түсінігімізде басқаша, түрпідей тиер құбыжық, «халық жауларының» ұйымы, партиясы болып есептеледі. Ал, байжайлай бойласаң, тереңнен қозғап, түбірінен танысаң нақ сол Алаш екен ғой бүгінгі тәуелсіздігіміз тегі. Ендеше тегімізді, түп-тамырымызды білмесек ұлттық қасиетімізді біле алармыз ба. Бұл арада:
Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
Өзін ғана білген ұл
Құлағы мен жағын жер, –
деген халық мәтелі ойға оралады. Алаш көсемдері ел қамын жегендер еді. Олар таптық азаттықтан гөрі, ұлттық бостандықты, тәуелсіздікті көкседі. Олардың аңсаған аппақ армандары кеуделерінен шынайы жыр боп құйылды, жүректерінен жалын боп атты.
Иә, сол бір аумалы-төкпелі, аласапыран заман айрығында азап соқпағында болғандар қанша. Мағжан Жұмабаев айтқан «Қажымай алтын айға қол созып, сол жолда мерт болғандар» қаншама! Есіл ерлер, асыл азаматтар-ай десеңші! Бар мағыналы өмірін, жастық ғұмырын туған халқының ақ жолына арнаған, өлеңімен де, өнерімен де сөзімен, ісімін де, жүрегімен, білегімен, тілегімен де ел намысын жыртып, соның тәуелсіздігі, азаттығы үшін көбелектей отқа түскен Алаштың көзсіз ерлеріне кім сүйсінбесін. Данышпандар, нағыз болжағыштар деп соларды айта бер. Қазақтың сол бір тұстағы зиялылары айтқан ойлар, сақтандырған ақыл-кеңестер жетпіс жылдан соң алдымыздан шығып тұрса неге таңданбайсың.Жерлесіміз Алаш партиясы қайраткерлерімен бір сапта болған, осы күні ұлтымыздың мақтанышы саналатын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен тізелесе жүріп, тәуелсіздік туын көтеруге атсалысқан Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов рухына бас иіп, мақтан етуге әбден хұқымыз бар.
Мұхаметсәлімнің азаматтық, ұлтжандылық, патриоттық қасиеттерін, ағартушы-демократтық, саяси сауаттылық, адамгершілік бейнесі мен рухани ой-өрісін үш жағдай мен тарихи айғақтар арқылы топшыладым. Соның біріншісі Қазақ Совет Энциклопедиясы. Оның бесінші томында Мұхаметсәлім Кәшімов Әбдірахманұлы (1884-1935) жайлы мынадай деректер келтірілген екен:
– Қазақ ақыны, журналист. Діндар семьяда туған. Жас кезінде әкесімен Меккеге барып, «Галач қажы» (түркі тілдерінің бірінде, сірә «бала қажы» болуы мүмкін. Ж.Е.) атанды. «Үгіт» (1907), «Әдеп» (1907), «Сабақ» (1907), «Насихат қазақия» (1903), «Ақыл кітабы» (1908) деген кітаптарына оның жас шәкірттерге ақыл-кеңес ретінде жазылған қара сөзбен өлең аралас шығармалары енсе. «Сұлу қыз» (1909) өлеңдер жинағына лирикалары түгел кірген. Әйел теңдігі тақырыбына арнап «Мұңлы Мәриям» (1914) атты роман жазды. «Айқап» журналында қызмет істеп жүрген кезінде (1911-1914) Жетісу, Қырғыз, Қытай қазақтарын аралап этнографиялық очерктер жазды. Алғашқыда буржуазиялық ақындарға қарсы мақалалар жазғанымен Октябрь революциясы тұсында идеялық қайшылықтар мен қателіктерге ұрынды (Қ.С.Э. 5-ші том, 326-бет).
Әлихан Бөкейхановпен бірге Қазақ университетін бітірген Мұхаметсәлім міне осылайша қазақ елінің арасына білім, ғылым нұрын шашуда, халықты ағарту саласында ұшан-теңіз еңбек сіңірген. Алты бірдей жинақ кітап шығарып, көлемді роман жазған ол өлеңге де, қара сөзге де ұста болған.
Мұхаметсәлімнің «Мұңлы Мәриямы» біздіңше қазақ романтикасының алғашқы бастаулары болуы керек. Бұл да зерттеуді, тануды қажет ететін жайлар. Ал, оның «Айқаптағы» шығармашылығы өз алдына бір төбе тың жатқан жағдаяттар. Шоқан сияқты Қытай, Қырғыз, Жетісу қазақтарының өмірінен жазған этнографиялық очерктері қазір таптырмас танымдық материалдар емес пе. Шіркін, солардың бәрін, анау алты кітапты, романды шаң басқан архив сөрелерінен көтеріп, қазақша тәржімаласа, ұрпағымызға мол мұра, тәрбиелік маңызы зор еңбектер болар еді-ау деп ойлайсың.
Екіншісі көз көргендердің әңгімесі. Мұхаметсәлімнің Көкшетауда тұратын Мұсауат Әбдірахманов деген немересіне бертін Семейдің Шұбартау ауданындағы Баршатас селосынан хат келіпті. Біз соны да қаз қалпында келтіре кеткенді жөн көреміз.
«Мұсауат қарағым! Сенің хатыңды алып, құрметті атаңнан хабар алғаныма қуаныштымын. Бұл үшін саған рахмет айтамын. Менің атаңнан оқу оқығаныма 60 жылдан асқан екен. Он бес, он алты жас кезім ғой. Қазір 86 жасқа келдім.
Атаңның мұғалім болып келген елін Керей, «Жондағы Жобалай» деп атаған, ол  кездегі осы елдің Бейсенбай Тойсарин деген болысы атаңды еліне, бұл жақсы оқытушы, аты Иманбек Тәуірбеков деп таныстырған болатын. Ел адамдарына сондай қадірлі болды (бұл ел сол кезде Семей губерниясы, Қарқаралы уезіне қарайтын).
Атаңды уезден келген өкілдері ел аралауға бірге алып жүретін. Өйткені, ол шешен, мінген аты өзіне сай, киімдері әсем, ел көзіне түсетін. Мысалы, жақсы ұсталарға қанжар соқтырып, серкенің мүйізінен әшекейленген шақша (насыбай салатын) ұстайтын. Оның қырын ойғызып өлең жаздыртада екен. Насыбай шақшадағы өлең былай болушы еді:
Шақшаны қолыңа алып көрсең түсін, –
Оқыған бұл өлеңді үлкен-кішің.
Ұлықсат насыбайың қанша атсаң да,
Жүрмеңдер өзін сұрап өтінішім.
Мені өзге балалардан жақсырақ көріп, жақынырақ ұстаушы еді. Мынау Міржақып Дулатовтың өлеңі жаттап ал дейтін. Маған «Қызыл бесті» деп ат қойған. Өзінің көкбесті аты бар болатын. Мен бірде елге нағашым үйіне бардым. Ол менің оқытушымды біледі екен. Бейсенбаймен барып жүріпті. Не оқытады, не үйретеді деп сұрады. Мен М.Дулатовтікі деп жатқа өлеңдер оқимын. Жоқ. Бұл өлең сол  мұғаліміңнің өзінікі дейді. Оның шын атын, басқа жағдайларын айтты. Өзің білесің, бұрын атаңның атын атауға да қорықтық қой.
Атаңның жаттап алған өлеңін жіберіп отырмын. Бұл ойымда қалғаны ғана «Жұлдыз» журналына жібергем. Одан хабар болмай кетті.
Сәлеммен, Бекділда Базарбекұлы».
Мұхаметсәлімді толық танудың үшінші нақты айғағы, дәл дерегі оның осыдан 60 жыл бұрынғы көзі көрген шәкірті, қазір 90-ға тақап қалған семейлік Бекділда ақсақалдың біздің елге жіберген 360 жолдық, 90 ауызға жуық ұзақ өлеңінің қолжазбасы. Өлең жолдары Мұхаңның кешкен өмірінен, заман ағымдарынан көп сыр шертеді.
Бір лебіз шығарайын ойыма алып,
Қасірет болар емес іште жанып.
Сөйлесем бастан кешкен өмірімді,
Рас деп сенер емес ешкім нанып, –
деп басталатын өлең жолдары қарапайым, қазақи тілде, түсінікті жазылған. Мұхаметсәлім өз мақсатын мынадай шумақтармен өреді:
Сабаққа берді әкем он жасымда,
Өзінің ең сүйікті молласына.
Аллаға ғажап емес етсе әмір, –
Қараңғы түсті бүгін бір басыма.
Алла бар, сом сынғанға деген мақал,
Сом темір түспей кетпес балғасына
Жасымнан ұлттың қамын ойлап өстім.
Қас етпей қазақ атты қандасыма
Мамыққа мақта көрпе жатқан күнім
Қатты жер торғын болды жамбасыма.
Әуелден өз пайдамды ойлағанда,
Көп еді сая-салқын бір басыма.
Әртүрлі себеп пенен есеп болып,
Толқыған дүниенің бұрмасына.
Қазаққа Алаш атты қаным таза,
Арман жоқ Алаш үшін болсам қаза.
Дүнияға жалғыз келген секілдімін,
Дос та жоқ салатұғын көңілге аза…
Қазан университетін бітіріп, араб, парсы, орыс тілдерін өз тіліндей  меңгерген зерек ақын, жалынды журналист, этнограф, ағартушы-демократ, ел егемендігі, тәуелсіздігі үшін жан пида деп өткен Мұхаң да солақай саясаттың құрбаны болды. Қапаста, қамауда жүргендегі қам көңілін өлеңінің соңында былай түйіндейді:
Азаматпен кеңескен,
Азулымен теңескен.
Қайтейін әттең заманым,
Өткел тауып өте алмай
Ой түбіне жете алмай,
Таусылды ғой амалым.
Артқа қарар халым жоқ.
Сүлдерім жүр жаным жоқ.
Бойда қайрат күшім жоқ,
Айнаға салып қарасам,
Бұрынғыдай пішін жоқ.
Өткен дәурен көзіме
Елестейді түсім боп.
Тым болмаса сыр айтып.
Шер тарқатар кісім жоқ.
Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов 1935 жылы Омбы облысының жерінде (бұрын Севкрай деп атаған) дүние салады да, оның сүйегін туыстары өзінің туған топырағы Шортан ауданындағы «Мәдениет» совхозының Жаңаталап ауылындағы ата-бабаларының ескі қорымына жерлейді. Қазір бейітінің басында белгі тас бар.
Мұхаметсәлімнен тараған ұрпақтар да бар. Оның Монтай, Құрият атты екі ұлы, Майдаш деген қызы болған. Екі ұлы дүниядан өткен, ал қызы Майдаш Қотыркөлде тұрады. Жасы 80-ге келіп қалды. Монтайдан төрт бұтақ  –  Мұсауат, Зекен, Зүлпән, Әлия тарайды. Жоғарыда біз атаған Мұсауат осы.
Сонымен Мұхаметсәлім Әбдірахманұлының тағдыры қазақ зиялыларының бастарынан өткен тағдырға ортақтас. Олар білместікпен, сыңаржақ түсінушілікпен нақақтан кінә тағылғандар. Тәуелсіздік, ұлттық бостандық, жеріміз, тіліміз, дініміз үшін күрескен арыстарымызды идеялық қайшылықтар мен қателіктерге ұрынды деу орынсыз. Мұхаметсәлімнің поэзиядағы, ағартушылық, журналистік саладағы, көркем прозадағы, этнографиядағы еңбектері мәдени мұрамыздың бір бөлегі іспетті. Оларды өз халқына қайтарып, еңбектеріне екінші тыныс беру алдағы міндетіміз болса керек. Ал, оның өзін, елге таныту, атын атап, түсін-түстеуді, есімін қастерлеп, Алаш деп өткен осынау арысымыздың аруағын аунатуды парызымыз деп есептедік.

Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері, ақын-жыршы.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар