Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дауд ақсақал «қазақтарға мың алғыс» дейді - АРҚА АЖАРЫ

Дауд ақсақал «қазақтарға мың алғыс» дейді

Атбасар өңірінде отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Ұлтына, діни ұстанымына қарамай олардың бәрі  аймақтың өркендеп-өсуіне бір кісідей атсалысып, еңбектерін сіңіруде.

Ұлты ингуш Дауд Оздоев  Қазақстанға бала кезінде келіп, содан бері осы елді өзінің Отаны санап, бар өмірін осында өткізіп келеді.  Биыл жасы сексеннің біріне келіп отырған, ел сыйлаған қадірлі ақсақалымыз Дауд Солсаұлы 1936 жылдың 3 ақпанында Солтүстік Осетияның Пригородный ауданы Ангушт ауылында дүниеге келіпті.
1944 жылдың 23 ақпаны Қап тауының халықтары үшін қаралы күн болып саналады. Сол күні мұздай қаруланған кеңес жауынгерлері үй-үйді аралап, ауылдағы еркек кіндікті азаматтардың барлығын мешітке жинайды. Ауыл тұрғындарына жолға қажетті тамақ және жылы киім алуға ғана рұқсат береді. Орд-жонекидзе қаласына қарулы күзетпен айдап апарады. Сол жерде мал тиейтін ашық-тесік вагондарға күннің суығына қарамастан он бес, жиырма отбасыдан тиеп, Қазақстанға жер аударады.
– Ол уақытта жасым сегізге келген, есім кіріп қалған баламын. Жиырма күндей жол жүріп, Жақсы ауданына жеттік. Тоңып, жаурап үсігендер, аурудан өлгендер болды. Қайтыс болғандарды жолда вагоннан солдаттар лақтырып тастайтын. Марқұмдарды жерлеуге мұршамыз болмады. Сондай азапты көрсек те, ажалымыз жоқ біздер тірі қалдық. Жақсы стансасында бізді пойыздан түсіріп өгіз жеккен шанаға отырғызып, ауылдарға бөле бастады. Бізді Запорожье совхозының Жұмыскер ауылына алып келді.
Соғыс жүріп жатқан кез. Жергілікті қазақтар өздері де күндерін әрең көріп отыр екен. Ер азаматтардың барлығы майданда. Бірақ та, қазақтар бізді жатсынбай, бауырына басты. Бір үзім нанды бөліп жедік. Осы жасқа жеткенім, қазақ халқының арқасы. Шексіз ризамын. 1953 жылы Сталин өлгенше, біз жергілікті коменданттан рұқсатсыз ешқайда шыға алмадық.
Он екі жастан қара жұмыс істедім. Мектепте екі класс қана оқыдым.  Өйткені, киетін киімім болмады. Ішер асқа жарымадық. Кейін Сандықтау ауданына қоныс аудардық. Осында келген соң, 1959 жылы үйленіп, Соня есімді ингуш қызбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрдық. Бәйбішем Соня қазақ тілін жақсы біледі. Оның 7 кластық білімі бар. Сол жылы Атбасар ауданының Шұңқыркөл ауылына қоныс аудардым. Ауылда әртүрлі салада еңбек еттім. Малшы болдым, күзетші, тағы басқа жұмыс істедім. Бәйбішем екеуміз төрт ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірдік. Екі ұлым қайтыс болды. Қазір балаларым Күрейш пен Исмаил жеке шаруашылықпен айналысады. Үлкен қызым Фатима мен Роза елордасы Астанада тұрады. Ләйлә Кавказда, сол жақта тұрмыста. Ал, менің қазақ тілін таза білетінім жергілікті ұлттың балаларымен тай-құлындай тебісіп, ойнап бірге өстік. Сондықтан, мемлекеттік тілде жатық сөйлеймін.
1996 жылы зейнеткерлікке шыққанмын. Қазақстанға күштеп жер аударғанда қасымда әкем Солса, анам Бай, ағам Тағир, қарындасым Фатима болған еді. Алла тағала сол бір зұлмат жылдары көрген қиыншылықтарымызды тірі пенденің басына бермесін деп тілеймін. Қазір еліміз тыныш, жұртымыз аман. Зейнетақымыз бәйбішем екеумізге толығымен жетеді. Тұрмысқа өкпем жоқ.  Аллаға тәубә деймін. Қазақ елі гүлденіп, көркейе берсін, елдің бірлігін сақтап отырған патшамыз аман болсын,  – дейді Дауд ақсақал ақ тілегін айтып.
Дауд ақсақал өзінің байырғы Отанын ұмытқан емес. Кейінірек балалық шағы өткен, кіндік қаны тамған жерге барып, ата-бабаларының зиратына бата жасап қайтты. Тағдырдың жазуымен бір кезде жат жұрт болған, бүгінде құтты мекеніне айналған қазақ жерінен басқа жаққа кетуді ешқашан ойлаған емес. Балалары мен немерелеріне де қиын шақта қол ұшын беріп, жатсынбай құшақ жайып қарсы алған кең пейілді қазақ халқының ортасында болуды аманат етіп тапсырып отыр екен.
 Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар