Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мейірімді бол, адамдар!.. - АРҚА АЖАРЫ

Мейірімді бол, адамдар!..

Соңғы кезде осы жағы азайып кетті-ау, бізде.  Редакциямызға келіп отырған ақсақал:
– Кемпірім қайтыс болып, қаладағы балалар қолына көшіріп алғанда, бала-шағасымен тар үйде қысылып-қымтырылып отыр ғой деп кең үйімді жамағайын ініме тегін тастап кеттім. Сөйткен ол осы күні қалаға келгенде, анда-санда үйге соғып, амандық-саулығымды да біліп тұруға  жарамайды, – деп мұңын шақты. Ал, өзім білетін тағы бір азаматтың:
– Елемес деген ауылдас досым болды. Анасынан ерте айырылып, әкесімен екеуі қалғанда, көбіне біздің үйде жүруші еді. Үйге келсе, менің анам алдына бар жылы-жұмсағын тосып, өз баласынан кем көрмейтін. Сөйткен Елемес те кейін әлді бір отбасының қызына үйленіп, өз қолы өз аузына жетті. Біздің жағдайымыздан хабарсыз дейтіндей емес. Көрші ауылдардың бірінде тұрады. Анам қайтқалы міне, бір жыл, содан бері айырылмас достай көрген сол Елеместі бір кездестірген жоқпын. Екі бауырсақ болса, соның бірін маған, бірін оған берген анамның қазасына бір ауыз көңіл айтуға жарамады, – деп кейістік білдіргені де есте.
Бұған не дейміз? Шынында, мына алып-ұшқан уақыт, жанталасқан заман баяғы ата-бабамыздың бойындағы қанмен сіңген адамгершілік, кеңпейілділік қасиеттерін  де екінші кезекке ысырып, кешегі бір-бірімізге деген ақкөңіл, адал ниетімізге өз сызатын түсіріп жатыр. Қазір бар мән-жайы нарық атты бір сөзге сыйып кеткен қоғам да, онда өмір сүріп жатқан адамдар да тым бұйығы, сыртқа сыр ашпастай тым тұмшаланулы болып көрінеді маған. Баяғы жұрттың бәрі бір-бірімен тең күн кешкен, бірінен-бірі асып-таспаған, мүмкін, қоңылтақтау өмір сүрсе де, ары, ниеті таза, пейілі кең жаратылған күндер енді келмеске кеткендей.
Мына қатыгез заман, есіл-дерті ақша, көлденең табыс болып кеткен есебі түгелдердің теріс өнегесі өзгелерді де біртіндеп тартып жатыр өзіне. Содан барып ұлтымыздың бір ажырамас ұстыны болған қонақжайлылық, адам адамның қадірін білу, қасиетін бағалау, қайырымды болып, жоқ-жітігіне қарасу, жасаған жақсылығын ұмытпау кейін сырғып барады. Мына жай да соның бір мысалы.
– Осы қалада тұрғалы біраз жылдың жүзі болды. Әжептәуір жеке кәсібім, соған орай, біреуден ілгері, біреуден кейін дейтіндей жағдайым да бар. Бір қара басыма  болған үстіне бола берсін дейтін жан мен емеспін. Елдегі ағайын-туысқа  да қанша көмектестім. Бірақ, жеме-жемге келгенде, неге екенін білмеймін, солардан жарытып рахмет естіген жоқпын.
Оқта-текте сырласып жүріп, сөз төркіні бүгінгі заманның бет алысына ойысқанда, өз құлағымызбен естіген білдей бір азаматтың мына жан сыры да осы күнгі хал-жайымыздан біраз хабар бере түскендей.  Мұның бәрін неге тізбелеп жатыр демеңіз. Түрлі жағдайда, сөзден сөз шығып, көңілде қонақтап қалған жайлар. Қарап отырсаң, әрқайсысының уәжі орынды. Бәрі келіп, бір-ақ түйінге – жұмыр басты пенденің бір-біріне деген ықылас-пейілінің барған сайын кемшін соғып бара жатқанына бас қойғызады.
Ағайын мен ағайын, адам мен адам арасындағы мұндай жеке бастың өкпе-назы, іште жүретін ию-қиюы, қатыгездік, салқындық сызаты бұрын да болған. Бірақ, ол қазіргідей тұтастай бір қоғамның алаңдарлық көрінісіне айналып көрмеген еді. «Қысқы омыртқаң да сатулы» деп қалды өткенде бір ағамыз. Бұл – енді ағайынның көбінесе ойын-тойға, туған күнге шақырып, «міндетінен құтылатынын» меңзеуі. Әйтеуір, қазақтың кешегі кең даладай дархан көңіліне тұсау салғысы келген, онысы болып та жатқан мына заман түбі қайтер екен?!.
Кім болсын, біреудің өзіне деген жақсылығын ұмытпауы керек. Мейірім мен қайырым да қайықтың қос ескегі сияқты ойымыз бен бойымыздан мен мұндалап тұрса, шіркін. Қаталдана  түскен бүгінгі күннің сықпытын осылай ғана жаймашуақтандыра аламыз. Адам көңілін жадырататын, жан дүниесіне өмірдің нұрлы ақ сәулесін себездейтін бір ауыз жылы сөздің өзі ғана кейде сізді ту-ту биікке аспандатып жібереді. Осыны ескерген Елбасы да Алғыс айту күнін жайдан-жай белгілеп отырған жоқ. Айналамызға қарайық та, сәл де болсын уақыт тауып, бір-бірімізді бір ауыз жылы сөзімізбен елеп-ескеруді ұмытпайықшы. Сосын тағы бір өтініш сіздерге, адамдар! Мейірімді, кешірімді болайықшы!..  
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар