Алғыс айту күніне орай, бизнесмен, қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қоры Ақмола облыстық балалар ауруханасына аса қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Осыған байланыс-ты емдеу орнында өткен баспасөз мәслихатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, сөз сөйлеп, облыс әкімінің атынан қайырымдылық қорының жетекшісіне шынайы ризашылығын білдірді.
Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы жиналғандарды Алғыс күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, бұл мейрамның мән-мағынасына, маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, осындай айтулы мереке қарсаңында балалар ауруханасына қажетті медициналық құрал-жабдық сыйлаған қайырымдылық қорының басшылығына алғысын айтты. Баспасөз мәжілісінде «Асыл Мирас» қорының директоры Марат Айтмағамбетов сөз сөйлеп, қордың тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көмек осыған дейін Қазақстанның бірнеше медициналық мекемелеріне көрсетілген көрінеді.
– Қайырымдылық қоры 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл жабдықты 2016 жылы жазда «Charity Tour de Burabay» велошеруінен жиналған қайырымдылық қаржысы есебінен 47 700 000 теңгеге сатып алып отырмыз. Бурабайда 2013 жылдан бастап, қайырымдылық велошеруі өтеді. Осы жылдар аралығында біздің қор еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелеріне 303 миллион теңгеге қажетті медициналық, оңалтушы және техникалық жабдықтар сатып алды. Өкінішке орай, заманауи технологиялар әлі күнге еліміздің барлық медициналық мекемелерінде қолданысқа енбеген. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға ат салысып, қолдан келген көмекті көрсетуге тырысудамыз. Ауруға шалдыққан балалардың денсаулығын жақсартуға орасан зор көмегін тигізетін жабдықпен ауруханаларды қамтамасыз етіп, қайырымдылық шарасы аясында мыңдаған ата-анаға қуаныш сыйлау біз үшін мәртебе. Себебі, әрбір саналы азамат туған еліне өлшеусіз еңбек сіңіріп, оның өркендеп-өсуіне өзіндік үлес қосуы керек,–дей келіп, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшаловқа аталмыш сыйлықтардың сертификатын салтанатты түрде табыс етті.
Жиында сөз сөйлеген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшалов өз кезегінде қайырымдылық қорының басшылығына алғыс білдіріп, медициналық аппараттар туралы егжей-тегжейлі тарқатып айтып берді. – Ауруханаға орталықтандырылған медициналық газбен жабдықтау жүйесі, 15 реанимациялық консоль, неонаталдық электрод жиынтығымен жабдықталған 12 монитор, 12 шприцтік мөлшерлегіш және 1 Pentax фиброгас-троскобы сыйға тартылды. Енді біз осы аппараттардың көмегімен асқазан-ішек жолдарындағы патологияларды дұрыс диагностикалауға, дәрілік препараттарды егуге, кейбір хирургиялық ем-шараларды жүргізуге қол жеткізе аламыз, – деді ол.
Аталмыш аурухананың жыл сайын анес-тезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінде орта есеппен алғанда 500-ге жуық науқас бала ем-дом қабылдайды. Олардың 60 пайызы бір жасқа толмаған сәбилер болса, 30 пайызы жаңа туған нәрестелер. Алдағы уақытта ақ халаттылар ауруханаға ауадай қажетті аппараттарды қолданысқа енгізіп мыңдаған бөбекке көмекті дер кезінде көрсетіп, ауру азабынан сақтап қалу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Жалғанда бала жүрек жыламасын деңіз. Осындайда болашақ ұрпақтың қамын ойлап жүрген, жомарт жүректі Болат Өтемұратов сияқты азаматтар көп болса ғой дейсің. Қайырымдылық жасап, өнегелі ісімен артында өшпес із қалдырып, Алғыс күні ғана емес, ғұмыр бойы адамдардың аппақ пейілінен туған ақжарма тілегін естігенге не жетеді шіркін!..
Ұлмекен Шаменова.
Суреттерде: медициналық құрал-жабдықтарды тапсыру сәті.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.