Белгілі қылқалам шебері, жерлесіміз Дулат Қоспанов кезінде Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, бірден «Қызыл алма» пейзажымен республикалық сурет көрмесіне қатысқан талантты суретшілеріміздің бірі.
Содан бері оның қолынан шыққан тарихи тақырыптардағы туындылары мен басқа да жанрдағы суреттері 30-ға тарта республикалық көрмелерге қойылып, талғамы жоғары өнер сүйер қауымның жоғары бағасына ие болып келеді.
Дулат Қоспанов сонымен бірге, өткен сексенінші-тоқсаныншы жылдары бүкілодақтық көрмелерге де қатысып, елімізден тысқары жерлерге де есімі танылған суретші. Ал, бертін Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгенде, халықаралық көрмеде де бағын сынап, бірнеше туындыларын мемлекеттік өнер мұражайы, жеке адамдар өз коллекцияларына қалап алған.
Кейінгі ширек ғасыр бедерінде белгілі суретшінің әсіресе, өз шығармашылығының алтын арқауын тауып, Көкшетауда 48 жыл бойы хандық пен елдіктің туын көтерген Абылай хан тақырыбына тыңнан жол салуы сүйсіндіреді. Жуырда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Бабалар аңсаған тәуелсіздік» республикалық көрме-конкурсына да жерлесіміз өзінің Абылай хан және оның батырлары мен билері бейнеленген кең понорамалы «Жорық алдында» атты суретімен қатысты. Сөйтіп, осы көрменің дипломанты атанды және ол туындысы көрме туралы шығарылған арнайы альбомға енгізілді.
Қазақ сурет өнеріне 40 жылдан астам уақыт бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан белгілі қылқалам шебері бұл жетістігімен шектеліп қалмасы анық.Қазақстан Республикасы көркемөнер Академиясының корреспондент-мүшесі болып табылатын суретші шеберханасында жаңа туындылары да көпшілікпен қауышуын күтуде. Олай болса, жерлесімізге осы жолда жаңа шығармашылық табыс, тың шабыт тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.