Облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин бастаған ақпараттық-насихат тобының мүшелері Ақкөл ауданында бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдарымен кездесіп, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында пікір алмасты.
Ақпараттық-насихат тобы алдымен, Ақкөл қаласындағы балалар үйінде болды. Содан кейін аудандық орталық ауруханасында, №10 агротехникалық колледжінде, «Ақкөл-2014» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде, «Үшбұлақ-2005» және «Қазлес» компаниясы» серіктестіктерінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді орындауға белсене қатысуға шақырып, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған өңірдің әлеуеті жайында айтты. Топ мүшесі облыстық қорғаныс департаментінің бастығы Жанат Ережепов жастарға патриоттық тәрбие беру жа-йын әңгімелесе, аймақтық кәсіпкерлік палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин кәсіпкерлікті дамыту жайында баяндап берді. Кездесулер барысында тұрғын үй құрылысы, коммуналдық қызмет, газбен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойылды. Ақпараттық-насихат тобының мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлық тапсырып, балаларды қуанышқа кенелтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.