«Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық филиалдарының депутаттық фракциясының мүшелері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылысына бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын бақылау мақсатында көшпелі комиссия мәжілісін өткізді.
«Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылау комиссиясы 900 орынға шақталған типтік мектептің құрылысына барып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстың барысымен танысты. Комиссия құрамында оның жетекшісі «Той дастархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Елена Мащинская және Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мереке Мұстафин, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау аймақтық орталығының директоры Әлібек Баймағамбетов және партия мүшелері болды. Аталмыш жобаны қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша бас мердігер – «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ұлттық қордан мектеп құрылысына
1 миллиард 43 миллион 112 мың теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланған. Қалалық құрылыс бөлімінің құрылыс секторына жетекшілік ететін маман Әсемгүл Естаупованың айтуынша, өткен жылы тек 930 мың теңгесі ғана аударылыпты.
–Мектеп 7 блокты болып салынады. Аумағы 2,7 гектарды құрайды. Білім ордасы 3 сатылы, атап айтқанда бастауыш, негізгі және жалпы орта білім сатысы бо-
йынша және 3 параллель сыныпқа арналып салынады. Қазандық шұңқырларының, техникалық тірек қабырғаларының құрылғыларын орнату жұмыстары аяқталды. Құрылыс 2016 жылдың 18 шілдесінен бас-талды. Қазір мұнда 28 адам жұмыс істеуде. Көктемге қарай жұмыс қолы 65 адамға жетеді. Өйткені, наурыз айының соңына таман қабырғаларын қалау жұмыстары басталады. Келесі 2018 жылдың бірінші тоқсанында мектеп толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі, – дейді «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері, аталмыш учаскенің басшысы Серік Өсербаев.
Жұмыс басында комиссия мүшелеріне жұмыстың қарқынын, құрылыс материалдарын қайдан алып жатқандығы туралы аталмыш құрылыс ұйымы директорының орынбасары Мейрам Оразбаев айтып берді. Алайда, құрылыс басында ұйымның және қалалық құрылыс бөлімі басшылары болмады. Осыған байланыс-ты комиссия мүшелері сын айтып, келесі жолы тексеріс болған уақытта басшылардың өздерінің болуы қажеттігін ескертті.
–Жалпы бұл ауданда мектептің құрылысы басталып кеткендігіне қуану керек. Енді құрылысқа қаржы уақытылы бөлініп, ол мақсатты әрі тиімді жұмсалса, құрылыс сапалы жүргізілсе, келесі жылы мектеп балаларға есігін айқара ашады деп үміттенеміз. Ең бас-тысы құрылыс басталды, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, комиссия мүшесі Әлібек Баймағамбетов.
Құрылысқа қажетті материалдардың басым көпшілігі жергілікті жерден алынады екен. Мәселен, бетон «Намыс» құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алынса, кірпіш «ЕНКИ» зауытынан жеткізіледі.
Ырысалды Шамшиева.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.