Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Айдан алқа, күннен сырға сыйлашы!.. - АРҚА АЖАРЫ

Айдан алқа, күннен сырға сыйлашы!..

Көктем. Қыздар. Қызғалдақтар. Осы сөздер тіл ұшына орала берсе болғаны, ойға бірден Халықаралық 8 наурыз мерекесі оралатыны бар. Бұл заңды да. Себебі, қыс көрпесі сырғып, жер-ана бусанып түрленіп, ұйқыдан жаңа оянған қызғалдақтар қыратқа сән берсе,  көктеммен бірге ажарлана түскен арулар да гүлдей жайнап шыға келеді. Айтпақшы, Сіз сүйіктіңізге гүл сыйлайсыз ба? Немесе мереке күні жаныңызда жүрген қыздарды қандай сыйлықпен қуантасыз? Біз ер азаматтарды осы тұрғыда сөзге тартып көрдік.
Сейілбек ҚАДЫРЖАН:
– Мен 4 қыздың әкесімін. Жан жарым биыл төртінші қызымды дүниеге әкеліп, отбасымызды тағы да қуанышқа бөледі. «Қыз деген ырыс» деп бұрынғы ата-бабаларымыз қыз баланы ерекше аялап, ардақтағаны  белгілі. Қыздарымды жанымнан артық көріп, ханшайымдай сыйлаймын! Өз үйінде еркін жүріп, ерке өссін дегенім ғой. Әсіресе, қыздар әкеге жақын болады екен. Ал, енді мерекеге келетін болсам, алдымен, сонау оңтүстікте тұрса да, біздің тілеуімізді тілеп жүрген аяулы анама сәлемдемемді беріп жіберуді өзімнің перзенттік парызым деп білемін. Содан кейін аналарымен ақылдаса отырып, еркетотайлардың әрқайсысына сыйлық аламыз. Сосын үлкен қызбен кеңесе отырып, жан жарыма тосын сый жасаймыз. Өз басым жыл сайын гүл сыйлауға тырысамын.
Қанат НҰРҚОЖА:
– Әй, қыздар-ай, осы сендер бүлік іздеп, жай жүрмейсіңдер. Мерекелік тарту туралы жеңгең естімесін. Қайдағы сыйлық? Өзім сыйлық емеспін бе!? Біздің  отау құрғанымызға отыз бес жыл. Жас кезімізде әке-шешеміздің көзінше сыйлық жасауға ұялатынбыз. Ондайды елдегілер көрсе, «әйел жанды» деп күлетін. Өлімнен ұят күшті демеуші ме еді. Несін жасырайын, гүл сыйлаған емеспін. Білмеймін, әйтеуір қайын  інілері мен қайын сіңлілері әкеліп жататын сыйлықтың түр-түрін. Балалар мереке күні артынып-тартынып үйге келіп, анасын қуантып жатады. Бір күні оңашада осы мереке күні қандай сыйлық жасағанымды қалайсың деп сұрадым. Ол да астарлап: «айдан алқа, күннен сырға сыйлашы маған», – деді. Әйелдер-ай, таппайтындарың жоқ сендердің!
Еркін ЖАППАРОВ:
– Жасырары жоқ, жылына бір рет Анаға, жалпы әйел затына құрмет көрсету аздық етеді. Себебі, бір Ана саған жарық дүниені сыйласа, енді бірі ұрпағыңның Анасы болып, шаңырағыңды берекеге бөлейді. Әкем өмірден ерте өтті. Дегенмен, оның анама деген құрметін көзімізбен көріп өстік. Мен үйдің жалғыз баласымын. «Маған әйеліңді сыйла, ешқашан қол көтеріп, қорлама» дейтін. Нұргүлді жолықтырғанда әкем анамды қалай сыйлап өтті, мен де солай алақанымда аялап өтсем деген ойда болдым. Аллаға шүкір, балалы-шағалы болып, үлкен шаңыраққа айналдық. Үш қыз, бір ұлымыз  бар.  Қарт анамыз қолымызда тұрады. Өзіңіз байқағаныңыздай, бұл мерекені біздің үйде асыға күтетіндер баршылық. Аллаға мың шүкір! Сол себепті де, жыл сайын отбасымызбен жылына бір рет шет елге шығып, дем алғанды жөн санап, жолдама сатып аламын.
Бейбіт НҰРСАҒАТОВ:
– Енді ешқашан әйеліме бұдан былай сыйлық әпермейтін болдым. Себебі, бір жылы жұрт қатарлы дүкеннен бір құшақ гүл сатып алып, жеңгеңе сыйламаймын ба? Ол кезде балалар жас, ақшадан таршылық көріп жүрген кезіміз. Жеңгең табалдырықтан аттасымен ұрса жөнелсін. «Өзі ақша жоқта, гүл алғаның не? Гүл әпергенше, сыпырғыш сатып алмадың ба? Сол пайдалы ғой», – деп. Көрші-қолаң күлкі қылып, содан бері бұл мерекеде жеңгең сыйлық сұрамайтын болды. Әрине, қыздарға не сыйласаң да артық емес. Ана, әйел бар жерде сұлулық, пәктік, тазалық бар. Әйелі жоқ еркектің шаңырағында бір жылулық жетпей тұратыны рас. Иә, әйел деген өміріміздің шырағы екен. Баршаңызды көктемнің ең әдемі мерекесімен құттықтаймын, айшуақты арулар!
Cауалнаманы жүргізген Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар