Бүгінде жаны нәзік болса да, рухы мықты, қоғамның тыныштығын қамтамасыз етуде зор еңбек сіңіріп жүрген арулар аз емес. Азаматтық қорғау полковнигі Гүлжан Хасанова да халықтың бейбіт өмір сүріп, әр таңның жаймашуақ, тыныш атуы үшін жүрген арулардың бірі.
Біздің басты кейіпкеріміз қырағылық пен жауапкершілікті қажетсінетін қызметтің жүгін жаны нәзік болса да, иығымен сенімді көтеріп келеді. Ол өзінен туған екі баласының қамын ойлап қана қоймай, азаматтық қорғау саласының маманы болуға талпынған жас жеткіншектерге білім беріп, ақылын айтып, қанат бітіруде.
Ұлағатты ұстаз Гүлжан Шәріпқызы жүрек қалауымен 1990 жылы Қазан қаласындағы С.Киров атындағы химия-технология институтын инженер-химик, технолог мамандығы бойынша тәмамдайды. 1995 жылы еліміздегі құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау техникалық институтында өзінің еңбек жолын бастайды.
Өмірлік ұстанымы мен білімге, жаңашылдыққа деген құштарлығы, өз ісіне адалдығы оның бойындағы адамдық қасиеттердің биік екендігін айқындайды. Адамгершілігі мол, рухани жаны таза ұстаз оқу орнында, елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де атақ-абыройы жоғары тұлға. Ол 2013 жылдан бастап Ресей елінің Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет академиясының ғылыми-педагогикалық кадрларын даярлау факультетінің «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша адъюнкті болып тағайындалды. Сонымен бірге, оның Ресейдің жоғарыда аталған Өртке қарсы қызмет академиясының ғылыми хатшысы, техника ғылымдарының кандидаты, ішкі қызмет полковнигі А.Сивинковтың жетекшілігімен бастаған ғылыми-зерттеу жұмыстары өз жемісін беріп, Қазақстанның және шет елдердің халықаралық конференцияларына арналған жинақтарда 30-дан аса ғылыми жарияланымдары жарық көрді.
Ол жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Оның шығармашылыққа, танымға және практикалық тәжірибеге толы әр сабағы курсанттар үшін маңызды. Кәсіби деңгейі жоғары ұстаз Гүлжан өрт қауіпсіздігі саласындағы физикалық және химиялық үрдістерді түсіндіру барысында түрлі әдістемелік, инновациялық тәсілдерді пайдаланудың хас шебері. Ол шығарған 20-дан аса әдістемелік нұсқаулар мен оқулықтар болашақ құтқарушылар үшін берері мол, таптырмас еңбектер болып саналады.
Ұстаздың осыншалық беделге ие болып, құрметке бөленуі оның мемлекет, қоршаған орта мен шәкірттері алдындағы жауапкершілікті жете түсінуінен, қызметін адал атқаруынан деп білеміз. Ол бойындағы мәдениеттілігі, әдептілігі, мінсіз жүріс-тұрысы, жинақылығы мен білімділігі шәкірттері мен әріптестеріне үлгі-өнеге. Талапшылдық, еңбекқорлық, тәртіп, адалдық ұғымдары ол үшін жай ғана сөздер емес. Бұл қасиеттер оның бойынан табылады, соны шәкірттерінен де талап етеді.
Ұлағатты ұстаз мүлтіксіз еңбегінің арқасында «1 сыныпты – шебер маман» біліктілік дәрежесімен, II және III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Еңбегі жанған Гүлжан Шәріпқызын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, әрқашан мерейінің үстем болуына тілектеспіз!
Ақылбек БЕЙСЕКОВ,
Көкшетау техникалық институтының
жалпытехникалық пәндер, ақпараттық жүйелер
және технологиялар кафедрасының басшысы,
азаматтық қорғау полковнигі.