Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақын.Суретші.Қолөнер шебері. - АРҚА АЖАРЫ

Ақын.Суретші.Қолөнер шебері.

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында белгілі қолөнер шебері, ақын Альбина Байковскаяның «Әлемді тербеткен ана» атты көрмесі ашылып, онда қойылған сәндік бұйымдар көрмені тамашалаған көпшіліктен жақсы бағасын алды.

 

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы халықтық сәндік қолданбалы шығармашылық шеберлері қауымдастығының мүшесі Альбина Кирилловнаның жеке көрмесінен оның қолынан шыққан гобилендерді, кілемшелерді, тоқылған себеттер мен қуыршақтарды, түрлі суреттерді, сәндік бұйымдарды, кәдесыйларды көруге болады. Оның әрбір туындысынан шығармашылық иесінің философиялық таным-түсінігінің тереңдігі, ойының ұшқырлығы, нәзік жанының сұлулығы, әсемдікке, тазалыққа құштарлығы айқын байқалып тұрғандай. Мұндағы бұйымдардың әрқайсысы ерекше сезіммен, шығармашылық шабытпен жасалған. Сәндік заттарды жасау кезінде қолөнер шеберінің бойында ақындық шабыты оянып, өлеңдері дүниеге келген сәттер көп көрінеді.  
– Менің әжем жас кезінде осындай қолданбалы өнермен айналысыпты. Бір затты тоқып отырғанда немесе тіккен кезде әндетіп отыратын. Біз бала болатынбыз. Әжем орыс пешінің қасына жайғасып алып, көз майын тауысып кесте тігетін, тоқыма тоқитын. Сонда бізге, немерелеріне ойдан ертегілер құрастырып, айтып отыратын. Менің бойымдағы шығармашылыққа деген құштарлық қанмен берілген қасиет болар. Қолөнермен айналысқанды бала кезімнен ұнатамын. Әр бұйым, бір өлеңімнің тағдыры, тарихы іспетті. Қызым, немерелерім де қолөнермен айналысады, шығармашылыққа жақын, – дейді автор.
Қолөнер шеберінің осы уақытқа дейін 13 жинағы жарыққа шыққан.  «Вдохновение», «Бабушкины байки», «Мелодия души», «Синегорье», «Бурабай», «Родной край», «Начало начал» сияқты жинақтар көкшетаулықтарға жақсы таныс.
Альбина Кирилловна бала кезінен сурет салуға, шығармашылыққа әуес болады. Оның балалық шағы соғыстан кейінгі қайта құру кезеңдерімен тұспа-тұс келген. Ол кезде Көкшетауда қазіргідей балалар сурет мектебі болмады. Мектептегі сурет сабағында оқып үйренгені болмаса, арнайы білімін жетілдіре алмаған. Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепті тәмамдаған соң, Новосибирскідегі өнер институтына оқуға барады, алайда, арнайы сурет салу техникасын игермегендіктен, бастауыш білімінің болмауынан оқуға түсе алмады. Оқуға түсе алмай, қайтып келуді намыстанған ару инженерлік-құрылыс институтына құжаттарын тапсырып, құрылысшы мамандығын оқып шығады. Еңбек жолын Көкшетау қаласындағы политехникалық колледжінде ұстаз болудан бастап, өмірінің отыз жылын ұрпақ тәрбиесіне, бар білгенін, оқып-түйгенін жас ұрпақтың бойына сіңіруге арнайды. Мамандығы бойынша шәкірттеріне сабақ бере жүріп, ол оқу орнында қолөнер шеберлері, сурет салу үйірмелерін ашып, шығармашыл жастармен тығыз жұмыс істейді.
Өмірлік серігі Владимир Байковский екеуі үш бала тәрбиелеп, өсірді. Қазір солардан көрген жеті немересінің қызығына бөленіп, көз қуаныштарымен мазмұнды да мәнді ғұмыр кешуде.
–  Соғыстан кейінгі жылдары барша қазақстандықтарға оңай болмады. Әрбір қыз-келіншек үйін безендіру немесе үстіне киім кию үшін өздері тігіп алып, барлығын қолдарымен жасайтын. Біз соны көріп өстік. Қазір дамыған заманда қалтаңда ақшаң болса болғаны, қажетіңді сатып ала аласың. Бірақ, сол кезде ата-аналарымыз қыз балаларды қолөнерге баулуға тырысатын. Өйткені, олар болашақта бір-бір отбасының айнасы болады. Үйдегі жиһаздардың әдемілігі, үйлесімділігі, барлығы әйел адамның талғамына, тазалығы мен фантазиясына байланысты орналасады. Өзіміздің қолымызбен жасағанға не жетсін?!  – дейді автор.
Көрмеге келген қонақтар ішінен жоғарыда аталған қауымдастық мүшелері мен балалар көркемсурет мектебінің оқытушылары Альбина Байковскаяны жеке көрмесінің ашылуымен құттықтап, ақ жүректі ізгі тілектерін жеткізді.
   
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар