8 наурыз күні Халықаралық әйелдер күнімен қатар, футболдан Премьер-Лиганың алғашқы ойындары өтті. Биыл біріншілікте 12 клуб бақ сынамақшы. Олардың ішінде былтыр бесінші орыннан көрінген Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы да бар.
Жерлестеріміз бірінші турдың ойынын сырт алаңда Қызылорданың жоғары топқа биыл оралған «Қайсар» клубымен өткізді. Бірден айта кетейік, маусымның беташар матчында «Оқжетпес» қарсыластарынан 1:0 есебімен ұтылып қалды. Оған «кінәлі» ақмолалықтардың бас бапкері Владимир Муханов ойыннан кейінгі брифингте төрешінің қателігі деп баға берген кездесудің соңғы қосымша минутындағы 11 метрлік айып добы. Оны «Қайсардың» ойыншысы Николич мүлтіксіз орындап, жеңісті алаң иелері жұлып алып кетті.
Жалпы, біздің команданың осы жолғы ойын өрнегіне келсек, футболшылардың шеберлігі мен аяқалысы туралы белгілі бір қорытынды жасауға әлі ертерек. Біріншіліктің алғашқы кездесуі болғандықтан, екі жақтың ойыншыларында да сауатты ойыннан гөрі толқу басым болғандығы көрініп тұрды. Оның үстіне команда клубтан кеткен ойыншылардың орнына жаңа жас футболшылармен толықтырылып, біраз өзгерген. Муханов шәкірттері былтырғыдай әп-әжептәуір биіктен көрінуге қаншалықты қабілетті екендіктерін алдағы уақытта ғана білетін боламыз. Ал, әзірше «Оқжетпес» екінші турдың ойынын 12 наурыз күні Алматыда «Қайратпен» өткізеді. Енді қалған командалардың қарымын көрсететін бірінші турдың өзге де нәтижелеріне тоқталайық. «Тобыл» – «Атырау» – 3:0, «Ордабасы» – «Астана» – 3:0, «Ертіс» – «Ақжайық» – 2:1, «Тараз» – «Шахтер» – 0:0, «Қайрат» – «Ақтөбе» – 1:0.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.