Мақсат – айқын, міндет – зор
Мәжілісте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева «Мәдениет саласын басқарудың инновациялық көзқарастары: басшылық стилі, құзыреттілігі, кәсіпқойлықты жетілдіру, уәждеме, мәдени құндылықтар негізінде басқару» тақырыбында баяндама жасады. – Өткен 2016 жыл Қазақстан үшін ерекше жыл болды десек артық айтқандық емес. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, біздің облыста көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды. Тәуелсіздік ежелден ата-бабаларымыздың асыл арманы, біздің өткеніміз, біздің тағдырымыз,– деп бастады сөзін ол.
– Соңғы үш жылда саланы қаржыландыру 40,3 пайызға өсті. Осы жылдар аралығында 810 миллион 155 мың 800 теңгеге 52 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап өту керек, мәдениет саласын дамыту үшін бизнес құрылымдарының әріптестік көмегінен түскен қаржы 168 миллион 104 мың теңге көлемінде болса, бұл 2015 жылға қарағанда 28 миллионға көп. Қазіргі таңда облысымызда 698 мәдениет ұйымы, соның ішінде 660 мемлекеттік мәдениет кәсіпорындары мен мекемелері болса, 269 мәдени-демалыс орындары мен 375 кітапхана бар. Аталмыш мәдени ошақтарында 3 мыңнан аса мәдениет қызметкерлері еңбек етеді. Өткен жылы 26 инновациялық жоба жүзеге асса, жалпы облыс бойынша 35 817 іс-шара өткізілген екен. Алда зор міндет күтіп тұр. Ағымдағы жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында маусымның 20-25-інде Ақмола облысының мәдениет күндері өтеді. Осы шараға біз ыждаһатты дайындалуымыз қажет. Кешегі Ақан мен Біржан, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ сияқты сал-серілердің аманатын арқалап жүрген өнерпаздарымызды бар әлемге паш ете білуіміз керек, – деді ол. Сонымен қатар, жиында сөз сөйлеген сала басшысы өңірдегі мәдениет мекемелерінің жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, әрбірінің жыл бойы атқарған іс-шараларын, жалпы сала бойынша қордаланып қалған өзекті мәселелерді, жетістіктерді жіктеп, айтып берді.
Ол өз сөзінде ауылдағы мәдениет ошақтарының аздығын, мамандардың жетіспеушілігін де тілге тиек етті. – Соңғы үш жылда ауыл тұрғындары облыс орталығына қарай көшіп, осының салдарынан ауылдағы мәдениет нысандары азайды. Қалай дегенмен де біз ауыл мәдениетін дамытуға барынша қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз. Мәселен, облыста 88 өнер ұжымы «Халықтық», «Үлгілі» атақтарына ие болса, олардың 20-сы ауыл өнерпаздары, – деді ол өз сөзінде.
Алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова соңғы жылдары Қоянды мен Қосшы елді мекендерінде халық саны көбейіп келе жатқандығын айта келіп, осыған орай аудан орталығында жаңа мәдениет үйін салу керектігін баса айтты. Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Жанар Шахпутова ауданда мәдениет саласының мамандары жетіспейтіндігін, әлі күнге дейін бұл ауданда бірде-бір өнер ұжымы «Халықтық» атағына ие болмағанын қынжыла жеткізді.
Жарыссөзге шыққан Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Фархадбек Қанафин болса, «Театрдың қоғам дамуындағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, бірқатар мәселелерді ортаға салды. Ол өз сөзінде театрда сахналанып жүрген қойылымдардың басым көпшілігі көршілес елдердің туындылары екендігін айта келіп, осы орайда, жергілікті жердегі қолынан жазу келетін жастарды жинап, оларға өз ісінің шебері, майталман драматургтар шеберлік сағаттарын өткізетін болса, болашақта драматургия саласында өзінің қолтаңбасын қалдыра алатын жас толқын тәрбиелеп шығаруға болатынын айтты. Сондай-ақ, Фархадбек Аманжолұлы театр актерлерінің арасында баспана мәселесіне байланысты тұрмыс тауқыметін тартып жүрген бірқатар талантты жастар бар екендігін де тілге тиек етті.
Баспана мәселесі жөнінде мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөкейханқызы өткен жылдың өзінде 5 мәдениет қызметкеріне пәтер берілгендігін айтып өтіп, алдағы уақытта да өнерпаздарды қолдау мақсатында бұл үрдіс өз жалғасын табатындығына сендірді. Жарыссөзде өзгелері де сөз алып, сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты хабарламалар тыңдалды. Отырыс соңында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық мәселесі, өнерді дамыту, өнерпаздарды қолдау, мәдениет саласындағы нысандардың материалдық- техникалық базасын нығайту, басқа да мән-маңызы жоғары мәдениет саласындағы өзекті мәселелер әңгіме өзегіне айналып, басым бағыттар сараланып, мамандар өзара пікір алмасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.