Таяуда Қоғам орта мектебінде «Ауғанстан – біздің есімізде» тақырыбында мазмұнды кеш ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Ауған соғысының ардагері, жерлесіміз Зарлық Әкімовтің құрметіне өткізілді.
Зарлық Әкімов 1962 жылы 16 желтоқсанда Қоғам ауылында дүниеге келген. Ол анасынан ерте айырылып, кішкентайынан нағашыларының бауырында өсіп, солардың тәлім-тәрбиесін көрген. Мектеп жасына толғанда әкесі Зарлықты өз қолына алған. Кішкентайынан елгезек бала болып өскен ол орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, әскери міндетін өтеуге Теміртау қаласына аттанды. 201 Гатчин Қызыл тулы атқыштар дивизиясының құрамында Ауған соғысына қатысқан. Бұл соғыста екі жарым жылдай болып, елге аман-есен оралады. Ерлігі де ескерусіз қалмай, біршама марапаттармен марапатталды.
Кеш барысында Зарлық Қазбекұлының майдандас достары Марат Досымбеков және Қази Саужанов мектеп оқушыларына Ауған жерінде болған соғыс жайлы баяндап, бейбіт күнді бағалау қажеттігіне тоқталды. Бұдан бөлек, ауылымызда Зарлық Әкімовтің құрметіне мектеп оқушыларының арасында «Шәріповтар» шаруа қожалығының басшысы Құттымбет Рақымжанұлының демеушілік жасауымен шахматтан жарыс та ұйымдастырылды. Осылайша мектебімізде Ауған соғысының ардагеріне арналған барлық іс-шаралар ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, ойдағыдай өтті.
Мейрамбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Шәймерден Қосшығұлұлы атындағы Қоғам орта
мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Еңбекшілдер ауданы.