Философия ғылымдарының докторы Ләззат Дәлбергенова мектеп оқушысы кезінде Берлинде тұрған. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Лавровка селосындағы көше осылай аталатын. Әлгі Берлинде жалғыз неміс ұлты ғана емес, әлденеше ұлт өкілдері тұрды. Дегенмен, немістер көп болатын. Ләззат Елемесқызы неміс тілінің әуезділігіне, сұлулығына, ішкі иірімінің нақышына шындап көңіл аударып, айрықша ынтық болған тұсы осы кезден басталады. Жалғыз тіл ғана емес, ілкіден тазалыққа, тәртіпке бейім жұрттың жақсы қасиеттерін де тал бойына сіңіріп өсті.
Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының неміс, ағылшын тілдері факультетінде оқыған кезінде үнемі лениндік шәкіртақыға ие болды. Үздік шәкіртақы табаны күректей 145 сом. Сол кездегі тәп-тәуір қызметкердің айлық жалақысымен бірдей.
Әрине ақша үшін оқымағаны анық. Біз бұл деректі бір жағынан Ләззат Елемесқызының тіл біліміне деген тегеурінді талпынысын көрсету үшін, екінші жағынан білімге құмар жанға қандай қолдау көрсетілгендігін айқындау үшін алып отырмыз.
Соңғы курста Целиноград қаласындағы педагогика институтының ректоры Көкшетаудағы әріптестеріне әдейілеп келген. Мақсаты жоғары оқу орнын бітірушілердің арасынан үздіктерін таңдап алып, өздеріне шақыру. Безбеннің басын Ләззат Елемесқызының білім-білігі басты. Бұл сәт үлкен өмірге, азабы шашетектен ғылым жолына бағыттайтын бастаудың алғашқы баспалдағы еді. Целиноград педагогика институтында қызмет істей жүріп әуел баста көңілі қалаған тіл біліміне, оның ішінде неміс тіліне деген қызығушылығы арта түсті. 1994 жылы арнайы грантты жеңіп алып, Берлин қаласындағы Гумбольдта атындағы университетте бір жыл оқыды.
Бұл бір қиын кез болатын. Қаржы тапшы. Шетелде оқу шиеттей бала-шағасы бар адамға оңай-оспақ шаруа емес. Ақ тілегімізді айтып алыстағы Германияға шығарып салдық. Біздің Ләззат өз ортамыздың мақтанышына айналды. Қазақтың қаршадай қызы неміс тілінде оқып, оқып қана қоймай сол ұлттың өзіне сабақ беріп жүр деп аузымыздан тастамайтынбыз. Арада біршама уақыт өткен соң Ләззаттың жолдасы, өзіміздің әріптес, облыстық телерадиокорпорациясының операторы Сырым Төребеков те қияндағы Берлинге бет алған.
Оқу аяқталған соң қайтып оралды. Қазіргідей келімді-кетімді кісі аяғы молайған уақыт емес, шекарадағы темір тордың бұғауы жаңа ғана ағытылған кез. Бәрі таңсық болатын. Ләззат Германиядағы оқу сапасы, білім деңгейі туралы сөз сабақтаса, әріптес Сырым неміс халқының тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, ит басына іркіт төгілген молшылықты аузының суы құрып айтады.
– Неміс тілінде ұят деген сөз айтылмайды екен,–дейді Ләззат Елемесқызы,–әрине, бұлай жасауға болмайды, олай істеме деген тәрізді тыйым сөздер бар, ал, біздің қазақ сияқты бүйтсең ұят болады, ондай іс жасасаң ұяты маған келеді дейтұғын сөздер жоқ.
Ләззаттың осы бір ауыз сөзі бізді үлкен ойға қалдырған. Шынында да біздің ұлттың ұлылығын айғақтайтын, ұлт көкірегіндегі ұят дейтін ұлы ұғымды өзімен бірге сан ғасыр бойы алып келе жатқан, кейінгі ұрпағының көкірегіне құйып, көңіліне мықтап орнықтырған артықшылығы осы шығар. Ұят категориясы адамгершілік ардың шекарасын мықтап ұстайтын, кірпігі айқаспай қадағалайтын күзетшісі емес пе?
Ғылым жолын бақайшақтап түгел қамтымасақ та, 1998-1999 жылдары Германияның Олденбург қаласында ғылыми жұмыстармен айналысқанын айта кетелік. Профессорлар Инго Шеллер мен Кристоф Шрёдер тәрізді тіл білімінің ғұламаларымен бірлесіп, ғылыми еңбектер жазды. Негізінен, неміс тіліндегі мақал-мәтелдерге орайластырылған. Тұтас бір халықтың тіл қазынасы іспетті мақал-мәтелдерде де айырмашылық көп екен. Мәселен, қазақ тілінде табиғатқа, жан-жануарға, төрт түлік малға қатысты мақал-мәтелдер ересен көп болса, неміс тілінде бұл тақырып та тапшылау. Бұл әрине, неміс тілі олқы дейтін одағай ұғым емес, неміс тілі де әлемдегі бай тілдердің бірі, бірақ, солай бола тұра қазақ тілінің әуезділігі, оның ерекшелігі өз алдына бір ғажап дүние.
Арада бірер жыл өткен соң Ессен қаласындағы университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. «Запад-Восток» жобасы шеңберіндегі грантты ұтып алды. Философия ғылымының докторы атанды. Ғылым саласы жалпы осылай аталғанымен, негізгі мамандығы неміс тілі.
Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің шет тілдері факультеті деканының ғылым және тәрбие жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Ләззат Елемесқызымен тіл туралы тілдесу өте қызықты. Өйткені, тосын ой, тың пікір өз-өзінен сабақтала береді. Бірде әлем халықтары тілдерінің картасы туралы айтты.
– Қалай жасалыпты? – деп сұрадық біз.
– Арнайы сызықтармен көрсетілген.
– Бояу керек еді,–деп өз ойымызды айттық біз,–мәселен, бүгінгі күні жарты әлемді жаулаған ағылшын тілін айталық, қызыл бояумен бояса. Ағылшын тілінің жаппай қолданыс тапқан өңірін қалың, қызыл күрең бояумен. Ал, жаңа-жаңа дендеп тарай бастаған өңірлерді жұқалтым қызылмен. Қазақ тілін ақ бояумен бояса. Онда біздің өз еліміздің ішінде қазағы қалың оңтүстік жақ аппақ, ал, теріскейде бозамықтау болып шығар еді. Оған қызыл бояуды қоссақ, ақ пен қызыл шарпысып жалқын түс пайда болар еді. Ал, орыс тілін сары түспен бедерлесек. Үш түс қосылғанда күллі әлемнің тілдер картасы дәл Қазақстанның үстінде әлденеше реңді бояуға малынып, ақ түсің түн етегін сөккен күннің солғын жарығындай, жайылып арна аша алмай, кеңінен қанат жайып алаулай алмай талмаусырап тұратын шығар.
Байқал Байәділов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.