Бурабай баурайында орналасқан «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында туристік көпсайыстан Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті.
Жарыс жолына еліміздің жеті өңірінен келген 23 команданың 120 спортшысы шықты. Олар жас ерекшелігі бойынша үш топқа бөлініп, төзімділік пен ептіліктерін көрсетті. Әсіресе, орман арасында табиғи кедергілерге толы 1,5 шақырымдық кросс-жорықта туристік жабдықтарды арқалап, мүдірмей әрі белгіленген уақытта жүріп өту оңай болған жоқ. Жарыстың бас төрешісі Евгений Ефремовтың айтуынша, барлық командалар жеңіске деген үлкен жігер танытты. Әйткенмен, жарыс болған соң жеңімпаздар да болады емес пе, өзгелермен салыстырғанда біршама жақсы өнер көрсеткен Ақмола облысының құрама командасы жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, жасөспірімдер арасында Батыс Қазақстан облысының, ересектер арасында Астана қаласының спортшылары топ жарды.
Жарысты ұйымдастырушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшыларға барлық жағдайларды жасаумен қатар, табиғаты көркем Бурабайға саяхат жасатуы есте қаларлықтай оқиға болды.
Ботакөз АМАЛБЕКОВА,
М.Ғабдуллин атындағы №3
көптілде оқытатын кәсіби
мектеп-гимназиясының оқушысы.