Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайсар қыздарға құрмет көрсетілді - АРҚА АЖАРЫ

Қайсар қыздарға құрмет көрсетілді

Мәлік Ғабдуллин музейінде Халықаралық әйелдер күніне орай, параолимпиадалық ойындарының жүлдегерлері Алена Гутцевамен және Ксения Бондарьмен кездесу кеші болып, мүмкіндігі шектеулі қайсар қыздардың жетістіктері төтенше жағдайлармен бетпе-бет келетін мамандықты таңдап алған курсанттарға үлгі-өнеге етілді.

 

Көкшетау техникалық институтының курсанттары, музей қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан «Нәзік жанды, қайсар рухты арулар» атты шарада музей директоры Құдайберлі Мырзабек құттықтау сөз сөйлеп, ерлік қайсарлықтан және жігерліліктен туындайтынын, мүмкіндігі шектеулі қайсар қыздардың жетістіктері өзгелерді жігерлендіріп, өмірлеріне ғибрат алатындарын атап өтті. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында тұрған соғыс және еңбек ардагері, КСРО-ның халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің қажыр-қайраты жөнінде әңгімелеп берді. Ардагер сонау сұрапыл соғыста екі аяғы мен бір қолынан айырылады. Кейін протезбен жүріп, Сарымөңке мен Боран ауылдарының мектебін басқарған. Бұл мектеп білім деңгейі жағынан КСРО-дағы ең озық төрт мектептің қатарында болады. Өз ісіне шын берілген директор Социалистік Еңбек Ері атағынан бас тартып, ауылына жаңа мектеп салдырған. Өзінің бес баласымен бірге төрт бала асырап алып, тәлім-тәрбие береді. Музей директоры өз сөзінде осындай мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірі мен қызметі жастарға үлгі-өнеге болатынын айтты.
Кеш барысында параолимпиадалық ойындарының жүлдегерлері өздерін таныстырып, жетістіктерге қалай қол жеткізгендері жөнінде айтып берді. Облыс орталығындағы
№ 4 орта мектептің 11 сыныбында оқитын Алена Гутцева суда жүзу спортымен бір жыл айналысып, Көкшетау қаласында әртүрлі жарыстарға қатысыпты. Қарағанды қаласында өткен республикалық жарыста бірінші орынды жеңіп алған. Спорт шеберлігіне үміткер алғашында судан қорыққанын, жаттықтырушысының арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін айтып берді.
 – Өзім ұнататын суда жүзу спорты денсаулығымды жақсартуға көп көмектесті. Суда өзімді еркін сезінемін. Көп ауырғандықтан болар, дәрігер болуды қалап жүрмін. Бос уақытымда өлең шығарамын. Болашақта өз өмірім жайлы кітап жазуды армандаймын,–дейді Алена Гутцева. Көкшетау қаласының  «Арна» колледжінде оқитын Ксения Бондарь суда жүзу спортынан Қарағанды, Тараз қалаларында өткен жарыстарға қатысқан. Павлодар қаласында өткен республикалық жарыста алтын медальдың иесі атаныпты. Ол осы қалада командалар арасында кубок үшін өткен жарысқа қатыса алмағандарына налиды. Өйткені, біздің өңірде бұл спорттың түрімен айналысатындар аз көрінеді. Ксения келесі аптада Қарағанды қаласында өтетін жарысқа жиналуда.
– Аптасына  алты күн жаттығамын. Суда жүзудің әртүрлі әдісін қолданып, әртүрлі тапсырма орындаймын. Бос уақытымда кітап оқығанды жақсы көремін. Колледжде әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша оқып жүрмін. Келешекте өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектескім келеді,–дейді Ксения Бондарь. Курсанттар Алена мен Ксенияны Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдірді. Шара соңында музей директоры спортшыларға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етіп, ақ жол тіледі. Кездесуге қатысушылар арнайы дайындалған концертті тамашалап, ескерткіш суретке түсті.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар