Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Берілетін субсидияның қайтарымы болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Берілетін субсидияның қайтарымы болуы керек

Ел экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Несібесін жер мен малдан айырып отырған шаруалар алған өнімнің мол әрі бәсекеге қабілетті болғанын қалайды. Алайда, бүгінгі күні ауыл шаруашылығының дамуын мемлекеттің көмегінсіз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Кеңестік кезеңде де ауыл шаруашылығы, оның ішінде әсіресе, мал шаруашылығы саласы толықтай мемлекеттік дотацияның арқасында ғана өмір сүрді.

 

Шағын деген әр қазақ ауылының өзінде кем дегенде үкіметтің екі-үш табын малы болды. Әр кеңшардағы қой саны 25-30 мың бас болуы керек деген қағида ұсталынды. Ал, қазіргі нарықтық экономика заманында ондай қағида жоқ. Яғни, қайтарымы бар салаға ғана қаржы бөлінеді. Дегенмен, соңғы кезде қаржы бөлінбесе, мал шаруашылығының өрістемейтініне көптің көзі жетіп отырған сыңайлы. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, ауыл шаруашылығын экономиканың маңызды саласы санайтын ЕуроОдақ, АҚШ пен Жапония елдері жыл сайын осы саланы қолдауға ондаған миллиард қаржы бөледі екен. Осы үшеуінің ауыл шаруашылығына бөлетін қаржысы Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына қатысушылардың осы салаға бөлетін қаржысының 90 пайызын құрайтыны да ойланатын жай. Соған сәйкес бұл елдерде аграрлы сектор өндіретін өнімдер құнының 40 пайызы мемлекеттік қолдау арқылы ғана өтеліп отыр. Осының өзі-ақ ең дамыған деген экономикалық одақтардың өзіндегі ауыл шаруашылығы саласының мемлекет қолдауынсыз алға баспайтынын көрсетеді. Сондықтан да, аталмыш елдердің фермерлері өндірген ауыл шаруашылығы тауарларының сұранымы жоғары әрі сапасы да жақсы. Бұл да болса, ойланарлық жай. Біздің осы жерде айтайын деп тұрғанымыз алдымен, қаржыландыру мәселесі. Қазір Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға көңіл бөліне бастады. Субсидия егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта ұқсату сияқты салалардың бәрін қамтиды. Сондай-ақ, маусымдық дала жұмыстары мен лизингпен техника сатып алуға да әжептәуір қаржы бөлініп отыр.
Атбасар ауданында ауыл шаруашылығы саласында ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқан фермер Нұрбай Жүсіповтың айтуынша,  мемлекеттік субсидия аспаннан түсе қалған тегін олжа емес, оның қайтарымы болуы керек. Яғни, субсидия түпкі өнімге төленуі керек.
– Әйтпесе, қазір майлы дақылдарға субсидия жақсы төленеді. Фермер майлы дақылдарға тиісті жер көлеміне қарай тұқымын екті екен делік. Комиссия келіп көрген соң күзде жинамауына да болады. Сылтау көп, комбайн болмай қалды, қар жауып кетті. Ал миллиондаған теңге қаржы із-түзсіз жоғалады. Ең бастысы, бәрі заңды. Міне, сондықтан да фермер жанын салып жұмыс істеуі үшін мемлекеттің қаржысы босқа шығын болмасын десек, қалай болғанда да қоймаға құйылатын, ел игілігіне жаратылатын нақты нәтижеге байланысты төленгені жөн. Сонда ғана шаруа-сын жүргізгісі келетін адам жауапкершілікті сезінеді. Әйтпесе, түпкі нәтиженің қандай болатынына көз жетпей тұрып, субсидия төлеу әділеттілік емес, – дейді фермер.
Расында да, фермердің сөзінің жаны бар, өйткені, соңғы кезде әлемдік рыноктағы қара мал етінің сұранымы артуына орай, сиыр етін өндіру және экспорттауға байланысты жаңа талаптар қойылуда. Еуразиялық экономикалық одақ өз алдына, енді бірер жылда іргедегі миллиардтан астам тұрғыны бар Қытайдың да біздің елден мал етін сатып алуы әбден мүмкін. Мемлекет басшысының 2020 жылдарда жыл сайынғы ет экспортының мөлшерін 180 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырмасы да тегін емес. Соған байланысты шет елден асыл тұқымды ангус және герефорд қашарлары мен бұқалары көптеп әкелінді. Бүгіндері асыл тұқымды ірі қара саны көбейіп, төлдері етке өткізілуде. Сөз жоқ, бұл саланың экономикадағы орны ерекше және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әрі халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға зор пайдасын тигізе алады.
Сондықтан да, мемлекет экономиканың тұрақты өсіміне сүбелі үлес қоса алатын салаға соңғы жылдары жүйелі қолдау көрсетуде. Әсіресе, мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөліне бастады. Осы бағытта елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялау жіті қолға алынып отыр. Сол себепті, ұсақ шаруашылықтар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың  айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы кооперативі – 2017 және 2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешендерін дамытудағы мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі болып отыр.
– Облысымызда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру дұрыс жолға қойылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 16 мың ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, 185 кооператив құрылды. 2016 жылы олар 800 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды, – дейді Қасым Итқұсов.
Осыдан-ақ, көп жәйтті аңғаруға болады. Жалпы, мамандардың пайымы бойынша бұл бағдарлама аталған кооперативтерді субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен табыстан жалпы республика бойынша ауылға 300 миллиард табыс әкелетін көрінеді. Айталық кооперативтер сүт,  ет,  жеміс-жидек және көкөніс жинау тәрізді негізгі бағыттар бойынша құрылады. Сарапшылардың болжамы бойынша 5 жылдың ішінде республика бойынша 500 мың ұсақ шаруашылықтар кооперативтерге бірігетін болады. Бұл бағытта Ақмола облысында 2017 жылы тағы қосымша 18 ауыл шаруашылығы, 180 мал бордақылау алаңы және 18 сүт қабылдау орнын құру жоспарланған.
Өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялаудың  33 бағыты бойынша 69 миллиард теңге бөлінген. Жаңа бағдарлама аясында 6 субсидия қарастырылатын болады. Бұл көмектен Ақмола облысы да кенже қалып отырған жоқ. Мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі сапасын арттыру және асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауды субсидиялау бағдарламасы аясында 1300-ден астам шаруашылық субъектілері мемлекеттік қолдауға қол жеткізді. Осының нәтижесінде ірі қара мал басы 4 пайызға көбейіп, 398,9 мың басты құрады, жылқы 2,2 пайызға, қой-ешкі 1,2 пайызға өсті.
– Облыс аумағындағы шаруашылықтарда ірі қараның үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 43,7 пайызды құрады. Асыл тұқымды малды көбейту бағытында 19 мамандандырылған шаруашылық жүйесі үздік шетелдік селекциясының 14,6 мың асыл тұқымды қашарлары соңғы жылдары асыл тұқымды ірі қара мал санын көбейтуге ықпал етті. Облыс бойынша асыл тұқымды малды көбейтумен барлығы 320 арнайы мамандандырылған шаруашылық айналысады. Өткен жылы 4300 бас  ірі қара сатылды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайгөзов.
Осыдан-ақ, облыста мал шаруашылығы кешенін мемлекеттік қолдау тетігі белсенді түрде жүзеге асырылып отырғанын байқауға болады. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында 2022 сиыр, 106 бас бұқа,   1221 жылқы, 1843 қой сатып алынды. «Ырыс» бағдарламасы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының несиелік қаржысы бойынша 2066 бас сауын сиыры бар 14 тауарлы-сүт фермасы құрылды.  
Жалпы алғанда, елде тәуекелді сала болып табылатын ауыл шаруашылығына деген жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан субсидия ретінде бөлініп отырған көмекті шаруаларда «тегін майшелпек» емес екенін ұғынуы керек. Мемлекет қалтасынан алынған қаржыдан қайтарым болған кезде ғана, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті арта түсетіні сөзсіз.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар