Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ортаға салынған ойларда ортақ мүдде бар - АРҚА АЖАРЫ

Ортаға салынған ойларда ортақ мүдде бар

«Қазақстан-2050» демократиялық күштер коалициясының кезекті мәжілісі «Конституциялық реформа – Қазақстандағы демократиялық үдерістердің жаңа кезеңі» деген тақырыппен өтті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Елбасы қол қойған конституциялық реформаларға арналған заң еліміздегі демократияның дамуына жаңа серпін беріп, биылғы жылғы Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында алға қойған әлемнің озық дамушы елдері санатына ену міндетін шешуге игі ықпалын тигізетінін атап өтті. Билік тармақтары құзыретін қайта бөлуге арналған Ата Заңымызға өзгерістер енгізу жөніндегі Елбасы Үндеуіне сай, облысымызда арнайы насихат топтары құрылып, соңғы бір айдың ішінде 200 мыңдай адамды қамтыған  2,5 мыңдай кездесулер өткізілген. Жарқайың ауданынан келген «Нұр Отан» партиясының белсендісі Жанат Мыңбаев ауданда Ата Заңға енгізілер өзгерістерге қатысты халық арасында жүргізілген  жұмыстар жайында баяндады.
«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Әбілжан Құсайыновтың айтуынша, Конституциямызға өзгертулер енгізу уақыт талабынан туындаған қадам және бұл еліміздегі демократияның одан әрі дамуына игі ықпалын тигізетін болады. Оның көздеген негізгі мақсаты – күшті Президент, беделді Парламент және есеп беретін Үкіметті орнықтыру. Республика халқының қырық пайыздайы ауылдық жерлерде  тұратынын ескерсек, сол ауыл тұрғындарының мүддесін қорғайтын «Ауыл» партиясы болашақ Парламентте өзіне лайықты орнын табуға ұмтылатын болады, – деді ол.
«Ақжол» демократиялық партиясы облыстық филиалының жетекшісі Серік Бейсембаев партия белсенділерінің Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заңды талқылауға бір кісідей атсалысып, 800-ден астам ұсыныстар түсіргендігін айтты. Ал, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Қапышев еліміздің ширек ғасырда демократияны дамыту бағытында қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, қазір қолға алынған конституциялық реформалардың болашақ дамуымызға тигізер әсері жайында ой толғады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, заң ғылымының магистрі Ерлан Наурызбаев конституциялық реформалардың еліміздегі демократиялық үрдістерді дамытуға ықпалы жайында баяндап, конституциялық кеңеске шағымдануға және бір мандатты депутаттарды ұсынуға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. «Нұр Отан» партиясы Қорғалжын аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Жұмабаев Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі Елбасы Үндеуін талқылауға қатысты жүргізілген насихат жұмыстары жайында айтып берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар