Айдарлы негізгі мектебінде өзін-өзі тану пәнінен өткен онкүндікке орай, оқушы балаларды қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге баулу мақсатында «Табиғатты аяла» сабағы болып өтті.
Сондай-ақ, онкүндік аясында адамдармен қарым-қатынас жасау кезіндегі адами қасиеттер мен адамгершілік нормалардың рөлін түсіндіре отырып, сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашуда «Қарым-қатынас мәдениеті» тақырыбында мектептің 5 және 9 сынып оқушылары арасында тренинг жалғасын тапты.
Неміс халқының ұлы ақыны М.В.Гете айтып кеткендей: «Ақылды деп көп білетін адамды емес, өзін-өзі жақсы білетін адамды айтуға болады» демекші, оқушылар арасында қарым-қатынасты нығайту, жағымсыз көңіл-күйден арылу, күш-қуат жинау, өзін-өзі тану, құрметтеу, өзін еркін сезінуге көмектесуді мақсат тұтып, бастауыш сыныптың өзін-өзі тану мұғалімі К.Воронова мен тәжірибеден өтуші Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінің 4 курс оқушысы Б.Аяған бірлесе отырып «Мен қандаймын?» атты тақырыпта танымы мол тренинг ұйымдастырды.
«Табиғаттағы барлық жылу – күннен, өмірдегі барлық жылу – адамнан», демекші бастауыш сыныптың өзін-өзі тану мұғалімі Р. Торсанова мен тәжірибеден өтуші 4 курс студенті А.Жүсіпбаева бірлесіп
2 сыныпта «Жүрек жылуы» атты сабақ өткізді. Сабақ барысында «Балалар тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлі» тақырыбында және «Рахмет саған анашым» бейнеролик көрсетілді. «Қазіргі уақытта баланың санасы неге улануда?» деген өзекті мәселе төңірегінде ұстаз Б.Төлебаева «Жалпыадамзаттық құндылықтар отбасылық тәрбиенің негізі» тақырыбында ата-аналар жиналысын өткізді.
Әрбір адамның жүрегінде сондай жылу болса, бір-біріне қайырымдылық жасап жатса, әлемдегі адамдардың барлығы қуанышта болады деген сеніммен онкүндік аясында ауылымыздың тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі Еламан ағаға Б. Төлебаева мен музыка пәнінің мұғалімі Е.Рақышев «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Мектеп ұжымының атынан шағын қаржылай көмек көрсетілді.
Айнагүл БАЛТАБАЕВА,
Айдарлы негізгі мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі.
Зеренді ауданы.